Астанада газ тапаншасымен бұзақылық жасаған ер адам 5 жылға сотталды
Астанада жанжал кезінде газ тапаншасынан оқ атқан қала тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға түнгі уақытта болған. Ер адам өзге адамдар арасындағы жанжалға араласып, газ тапаншасынан әуеге екі рет оқ атқан. Бұдан кейін жанжалға қатысушылардың біріне қарай тағы бір рет қару қолданған. Алайда жәбірленуші дер кезінде қашып үлгеріп, оқ жарақатынан аман қалған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Үкіммен ол кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Елорда прокуратурасы азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту, сондай-ақ қару не басқа да заттарды пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін заңда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.