Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:16, 09 Сәуір 2024

Болашақта космополиттік патриотизм дамуы мүмкін

патриотизм
Фото: из открытых источников

Қай заманда да әр адамның санасындағы аса мазмұнды және құрметті мәртебеге ие ұстаным – ол отансүйгіштік (патриоттық) сезім болып келгені ақиқат. Дегенмен осы отансүйгіштіктің сипаты, мазмұны күн өткен сайын түрленіп келеді.

Дәл қазіргі кезде отансүйгіштік қалай болуы тиіс, біз кейде жалаң ұранды мәні терең отансүйгіштікпен шатастырып жүрген жоқпыз ба? Қоғамның патриоттық көңіл күйі мен оны насихаттау механизмі қалай болуы қажет? Бұл сұрақтардың жауабын Maqsut Narikbayev University оқытушысы, саясаттанушы Айдана Талғатбекқызымен сұхбат құрдық.

– Айдана ханым, жалпы сіздің ойыңызша, патриотизм ұғымы неден бастау алады? Еліміздегі халықтың патриоттық көңіл күйін қалай бағалар едіңіз?

– Әлемдік құнды қазыналар жинақтарында патриот, патриоттық ұстаным жөнінде жан-жақты негізделген арнайы тұжырымды анықтамалар жинақталған. ХХ ғасырда жарық көрген әдебиет пен ғылыми шығармаларда патриоттық туралы анықтама негізіне латындық, гректік түйіндер алынған. Бұл ұғымның этимологиясына сүйенсек, латын тіліндегі «патрия» сөзі «атамекен» деген мағынаға ие, яғни патриотизм – «атамекенді сүю». Патриотизм сөзінің екі мыңжылдық тарихы бар. Кей ғалымдар патриотизм национализммен, ұлтшылдықпен мағыналас деп есептейді, бірақ национализм ұғымы он тоғызыншы ғасырда пайда болған.

Еліміздегі патриоттық жай-күйге келетін болсақ, халық арасында бұл тұрғыдан фанатизм жоқ. Қазақстан секілді салыстырмалы түрде жас мемлекет үшін патриотизм деңгейін жоғары деп бағалауға болады. Алайда национализмге қарағанда патриотизмді қандай да бір ғылыми әдістермен нақты өлшеу қиынға соғады. Бұны халықтың көші-қон көрсеткіштерімен немесе мемлекеттік рәміздерге құрмет сияқты аспектілермен бағалай алмаспыз. Мәселен, АҚШ-та патриотизм сөзімен қатар кейде американизм терминін қолданады. Соңғы жылдары ол сөз негативті қабылдана бастады, десек те әу баста бұл ұғымның көтерген жүгі ауыр еді. Сол секілді Қазақстанда осыған ұқсас позитивті бірегей ұғым алдағы уақытта қалыптасса, бұл халық арасындағы патриотизм деңгейінің өсуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазірде «қазақ» сөзімен қатар жүретін «қазақбай» және «қазекең» сынды негативті мағынада зілмен, мысқылмен айтылатын сөздер бар. Бұл, ең алдымен, өз ұлтыңды басқадан төмен көруді, менсінбеуді білдіреді.

– Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Осы орайда патриоттық тәрбиенің идеологиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Алдымен, көпұлтты емес, көпэтносты деп айтқанымыз дұрыс болар, өйткені әлі күнге дейін халық арасында да, эксперттік ортада да «қазақстандық» пен «қазақ» сөздеріне қатысты дискуссия жүруде. Халқымыздың көпэтносты және көпконфессиялы болуы әралуандылығымыздың нағыз дәлелі екенін ескерсек, патриоттық тәрбиеде әртүрлілікке деген төзімділік пен өзге ұлттың мәдениеті мен болмысына деген құрмет насихатталуы тиіс. Оған қоса, мұндай тәрбие өнер туындылары, кинематография арқылы да жүзеге аса алады. Сол арқылы біз толерантты қоғам қалыптастыра аламыз. Таза біржақты ұлттық тәрбие – кейбір сәтте ұлтаралық түсінбеушілікке соқтыруы мүмкін. Посткеңестік мемлекеттер қайсыбірінде болып жатқан қантөгісті жанжал, меніңше, осындай саясаттың салдары болса керек. Әсіресе патриоттық тәрбиеде бұл ерекше білінеді. Әрине, ұлттық тәрбиені баршамыз бірқалыпты түсініп, оның шарттарын бұлжытпай орындау – аса жауапты және күрделі іс.

– Саясаттанушы ретінде патриотизмді дамыта түсудің қандай қазақстандық және ұлттық жолдарын ұсынар едіңіз?

– Патриотизмді қалыптастыру – бұл қоғамның әлеуметтік қажеттілігінен туындайтын, нәр алатын мемлекеттік міндет. Патриотизм өмірдің, жағдайдың, оқиғаның барлық жекелеген қырлары, халық пен елдің тұтастығы, бірегейлігімен тікелей байланыстыра қарастырылатын қоғамдық қатынастардың мәні мен құндылықтарын зерделеу тәсілі екені де аян. Отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу азаматтың, елдің мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың мінез-құлқының толымды көрінісі мен қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі іске асады. Халықаралық тәжірибеге көз тастасақ, американизм атты идеология бұл сұраққа ұтымды мысал бола алады деп ойлаймын. Американизм идеологиясы әу бастан тек америкалықтарға тән құндылықтар жиынтығы ғана емес, әрекетке шақыру факторы болды. Мысалы, бұл идеологияны қолдайтын АҚШ азаматтары өз Отанының халықаралық деңгейдегі айтулы орны бар, шешуші рөлге ие мемлекет екендігіне көз жеткізеді әрі осы процесс арқылы билік өзіне халықтың сенімін ұялата алды деуге болады. Айталық, америкалық үшін бұл идеологияның түпкі мәніне күллі әлемде адам құқықтарының қорғалуын қолдау, заң үстемдігіне көз жеткізу және демократия принциптерін алға тарту жатады. Қазақстанда патриотизмді дамыту үшін тарихымыз бен ұлттық болмысымызды мақтау, дәріптеумен қоса әлемдік аренадағы рөліміз қандай, сол туралы жиі сөз қозғалуы қажет. Себебі еліміз орта державалар қатарына енгенімен, бітімгерлік ықпалы мықты мемлекет. Осы жайлы халық арасында жиі сөз қозғалса, патриотизм деңгейі де артады. Адамның өзін-өзі бағалауына, әдетте, ылғи жат адамның көзқарасы әсер етеді. Елді сүю үшін де халықаралық аренадағы орнымыз бен рөліміз, сырт мемлекеттердің біз туралы ойы айтылуы керек шығар.

– Қалай ойлайсыз, ұлттық патриотизм мен ұлтшылдық арасында байланыс бар ма? Екеуінің ара-жігін қалай ажырата аламыз?

– Ұлтшылдық пен патриотизмді ажыратуға келгенде талай талқы туындап, бір тоқтам келу қиынға түсіп жататыны белгілі. Теориялық тұрғыдан барынша жақын болғанымен, бұл ұғымдардың мағынасы елдің даму кезеңіне байланысты өзгеріп тұрады. Тәуелсіздігін салыстырмалы түрде жақында алған және халқы гомогенді мемлекеттер үшін бұл екі ұғымның арасындағы айырмашылық айдан анық көрініп тұрады. Беделді саясаттанушылардың болжауынша, келешекте постұлттық әлем орнап, космополиттік патриотизм дамуы мүмкін, ол дегеніміз – адамның өз ұлтына емес, жалпыадамзаттың игілігі үшін қызмет етеді. Бұның нышандары қазір АҚШ-та, ірі, аса дамыған Еуропа елдерінде жиі байқалып жүр. Қазақстан оларға қарағанда жас мемлекет, сондықтан еліміз бұл кезеңге әлі келе қоймаған сияқты.

– Шынын айту керек, кеңестік жүйеде дүниеге келген буынға әлі де болса коммунистік идеология ыстық, ал кейінгі жастардың бір бөлігі жаппай исламдық, қалғаны батыстық құндылықтарға құмарта бастады. Осындай идеологиялық алуандықтар, көзқарастар қайшылығы бізді бөлшектеуге жеткізбей ме? Оның үстіне, халықтың патриоттық көңіл күйіне әсер етері сөзсіз анық.

– Әртүрлілік және тұрақтылық, керісінше, халқымыз (ұлтымыз) дамудың ең жоғары сатыларының біріне жеткенін көрсетеді. Онсыз да Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-бабында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандылық танылады» деп жазылған. Ал ескі буынның кеңестік режимді аңсауы немесе ұлықтауы қарапайым ностальгияның көрінісі. Кез келген қоғамда алдыңғы ұрпақ жастық шағы өткен кезеңді позитивті түрде еске алады және бұл оның саяси көзқарастарын толық ашады деген сөз емес.

Сұхбаттасқан: Сәруар Бақберген 

Тегтер: