Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыссыздықты азайта ма?
Астанада жыл сайын Еңбек күніне орай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Бұл шараның мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, еңбек өнімділігін арттыру. Елордалықтар бұл шараның шынымен де қарапайым халыққа көмегі барын айтады.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі халыққа пайдалы
Мәселен, астаналық тұрғын Айдар Кәріпбаевтың сөзінше, Астана қаласының әкімдігі Еңбек күніне орай тек еңбек адамдарын марапаттап қана қоймайды, әкімдік бұл аралықта бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізеді. Бұған қатысты ол Астана қаласының еңбек мобильділігі орталығы мен Астана қалалық жастар ресурстық орталығына өз алғысын білдіріп отыр. Бұл бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында Айдар Кәріпбаев былтыр өзіне жалақысы 230 мың теңге тұратын жұмыс тапқан.
«Қазір бір кәсіпорында дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Жалақым – 230 мың теңге. Өзім былтыр осы Еңбек күніне орай ұйымдастырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында жұмыс таптым. Мұндай шара өте қажет. Екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүргендер үшін бұл үлкен мүмкіндік. Қыркүйек айы басталса бітті, қазір өзім таныстарыма айта бастаймын. «Осы айдың аяғында әкімдік бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұсынады, соған барыңдар» деп хабардар етіп отырамын. Ғаламтор арқылы берілген жарнамадан адам алданады. Интернеттен жұмыс табу қиын. Ал әкімдік тарапынан арнайы жәрмеңке ұйымдастырылса, бұл сенімді әрі тұрақты. Жәрмеңкеде білім, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, сауда сияқты салалардағы бос жұмыс орындары ұсынылады», – дейді А.Кәріпбаев.
Жастарды жұмыспен қамтудың көзі
Айта кету керек, Еңбек күніне орай Астанада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі биыл да ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру.
«Қазіргі кезде 80-нен астам жұмыс беруші 1200-ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл – мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар. Олардың қатарында құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік секілді түрлі сала бар», — дейді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Талғат Есімов.
Жалпы, шараны ұйымдастырушылардың ойынша, бұл іс-шараның пайдасы мол. Мұнда жұмыс берушілер өз компанияларындағы бос вакансияларын ұсынады. Ал жұмыс іздеушілер компаниялардың менеджерлерімен сөйлесіп, қызықтырған сауалдарын қояды. Өздеріне ұнап, көңілдерінен шығып жатса, жұмысқа орналасып кететін жандар да бар...
Биыл Астанадағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне жоғары оқу орнының студенті Бақытгүл Базарбек те қатысыпты. Ол төртінші курс студенті. Оның айтуынша, бұл шара оқуын тәмамдап, жұмыс таба алмай жүрген жас мамандарға үлкен көмек. Әсіресе тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндік.
«Қазір жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеу үшін Мансап орталығына бару міндетті емес. Осындай бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне келіп те жұмыс табуға болады. Тіпті мұнда көрсетілетін қызметтерді онлайн алуға да болады. Ол үшін еңбек мобильді орталығының сайтына кірсеңіз барлығы түсінікті тілде жазылған. Сондықтан жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де қызметті қашықтан ала алады. Тіпті мұндай жәрмеңкелерде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, сондай-ақ алимент бойынша қарызы бар адамдарға да арналған шағын бос жұмыс орындарын табуға болады», – дейді Бақыткүл Базарбек.
Сөйтіп, біз тілдескен кейіпкерлердің айтуынша, жұмыс істеймін деген адамға табылады. Тек арнайы платформаларға көз жүгіртіп, әкімдік ұйымдастыратын осындай бос жұмыстар жәрмеңкесіне қатысып, белсенді болуы қажет.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де қажет
Бұдан бөлек, Астанада 28 және 29 қыркүйекте ауыл шаруашылығы саласының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жолы елордадағы жәрмеңкеге Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары өз өнімдерін ұсынды.
Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елордаға – ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністер, бал және басқа да тауарларды қоса алғанда 830 тоннадан астам өнім әкелген.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосманның айтуынша, келесі жәрмеңкеге Павлодар, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары өз өнімдерін жеткізеді.
Жәрмеңкеде өнімдердің әр түрі бар. Фермер Руслан Хижиннің сөзіне сүйенсек, Астанаға Абай облысынан 6 шаруа қожалығының экологиялық таза өнімі келген.
Жалпы, Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 400 тонна күріш, 100 тонна балық, 100 тонна сиыр және жылқы еті, сондай-ақ 30-40 тоннаға жуық бал әкелді.
«Біз жәрмеңкелерден үнемі азық-түлік сатып алуға тырысамыз. Өткен аптада Атырау облысының балықтарын сатып алып, риза болдық. Бүгін жаңа піскен жемістер мен көкөністерді сатып алдық. Менің ойымша, бағалар өте қолайлы. Енді келесі жәрмеңкені күтіп отырмыз», – дейді елорда тұрғыны Санжар Отаубай.
Қ. САЙЛАУ
Астана қаласы