Аймақ

"Жеңіл" жұмыстан басталған қылмыс

Есірткімен күрес бұрын көбіне заңсыз затты өндіру, тасымалдау, сақтау және сатумен байланысты қылмыстарды анықтауға бағытталса, цифрлық технология дамыған сайын бұл күрестің сипаты

есірткі

 Қазір есірткі нарығының бір бөлігі көшедегі жасырын саудадан интернетке, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге көшті. Сатушы мен сатып алушының бір-бірін көруі, қолма-қол ақша беруі, тіпті тікелей сөйлесуі де міндетті емес. Заңсыз нарық технологияның мүмкіндігін пайдаланып, сауданың тұтас тізбегін ұсақ міндеттерге бөліп тастаған. Бір адам тапсырыс қабылдаса, екіншісі тауарды жасырады, үшіншісі жарнамалайды, тағы бірі ақша аударымдарына жауап береді. Осындай жүйеде сырттай қарағанда болмашы ғана әрекет – үйдің қабырғасына бірнеше сөз немесе белгі жазып кетудің өзі есірткі саудасының үлкен тізбегіндегі буынға айналуы мүмкін. Сондықтан бүгінде есірткімен күрес тек заңсыз затты тәркілеуден ғана тұрмайды. Заңсыз заттардың жарнамасына, цифрлық инфрақұрылымына, адамдарды осы кәсіпке тарту тетіктеріне және қала кеңістігінде таралатын жасырын насихатқа қарсы әрекет ету де маңызды болып отыр.

Мәселен күні кеше Шымкентте Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз жарнамалауға қатысы бар күдіктіні ұстаған. Полиция мәліметінше, күдікті онлайн-платформа арқылы сыйақы алу мақсатында қаладағы тұрғын үйлердің қабырғаларына есірткі заттарын насихаттайтын жазулар салуға келіскен. Осылайша бірнеше тұрғын үйдің қабырғасына 15 граффити түсірген. Оқиға орнын қарау кезінде граффити салуға пайдаланылған аэрозоль бояуы мен трафарет тәркіленген. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бір қарағанда, мұндай оқиға қала қабырғаларын бүлдіру немесе заңсыз граффити салу мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Алайда есірткі саудасына қатысты мұндай белгілер заңсыз өнімді көшеде тікелей сатпай-ақ, ықтимал сатып алушыны цифрлық ортаға бағыттайтын жарнама қызметін атқара алады. Яғни үйдің қабырғасы дүкен сөресінің, ал жазу жарнамалық маңдайшаның рөлін атқарады.

Еуропалық есірткі және есірткіге тәуелділікті мониторингтеу орталығының зерттеулерінде интернеттің есірткі нарығының құрылымына айтарлықтай ықпал еткені бұған дейін-ақ айтылған. Агенттік әлеуметтік желілердің заңсыз заттарды тікелей сатып алу мен сатудан бөлек, оларды жарнамалау, пікір қалыптастыру және тұтыну тәжірибесін тарату үшін де пайдаланылғанын анықтаған. Кейінгі зерттеулер әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кей елдерде есірткі сатушы мен сатып алушының байланысуын бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеткенін көрсетті. Демек, қазіргі есірткі нарығын тек "сатушы – сатып алушы" деген қарапайым схема арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Оның айналасында жарнама жасаушы, клиент тартушы, интернеттегі парақшаларды жүргізуші және басқа да қосалқы қызметтер пайда болады. Әлеуметтанушы Жұлдыз Батталованың айтуынша, мұнда әсіресе жастарға төнетін қауіпке назар аударған жөн.

"Интернеттегі "оңай жұмыс", "бірнеше сағатта табыс", "тәжірибе қажет емес" деген ұсыныстардың артында қандай қызмет тұрғаны бірден ашық жазыла бермеуі мүмкін. Жылдам ақша табуға қызыққан адам бастапқыда өзінің қандай жүйеге араласып бара жатқанын толық түсінбеуі де ықтимал. Ал тапсырма орындалған сайын келесі қадамға өту оңайлай түседі. Сондықтан есірткімен күрестің профилактикалық бағыты тек "есірткі қолданба" деген ескертумен шектелмеуі керек. Жастарға заңсыз есірткі нарығының адам тарту тәсілдерін, интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстарын ажыратуды және қарапайым көрінетін тапсырманың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндіру маңызды.

Есірткі нарығының цифрлануы тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Еуропалық зерттеулер интернет пен мобильді технологиялардың заңсыз нарықты өзгерткенін бірнеше жылдан бері көрсетіп келеді. Еуропалық есірткі агенттігінің мәліметінде кейбір Скандинавия елдерінде әлеуметтік желілер арқылы әрекет ететін ашық және жабық есірткі нарықтары анықталған. Кей жағдайда сатушылар ашық әлеуметтік платформаларды пайдаланса, басқа елдерде жабық мессенджерлер мен жеке байланыс арналары басым болған. Мұның басты ерекшелігі – сатушы мен сатып алушының арасындағы қашықтықтың қысқаруы және заңсыз нарыққа кірудің бұрынғыдан оңай болуы. Бұрын есірткі сатып алу үшін белгілі бір ортаны, сатушыны немесе делдалды білу қажет болса, цифрлық платформалар бұл кедергілердің бір бөлігін тіпті оңай етіп жіберді", – дейді маман.

Бүгінде әлем елдерінің бұл мәселеге қарсы жасаған әрекеті бе әртүрлі. Мысалы, Сингапур есірткіге қарсы күресте қатаң құқықтық шараларды профилактикалық білім берумен, оңалтумен және кейінгі әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізеді. Елдің Орталық есірткі бюросы өзінің стратегиясын есірткіге сұраныс пен ұсынысқа бір мезгілде ықпал ету қағидатына құрғанын айтады. Яғни заңның орындалуы мен бақылаумен қатар жастарға арналған профилактикалық білім, емдеу, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу қарастырылған. 2023 жылы жастар арасында есірткінің алдын алу жұмыстарын үйлестіру үшін бірнеше министрліктің қатысуымен арнайы ведомствоаралық комитет те құрылған. Әрине, әр мемлекеттің заңнамасы мен есірткі саясаты әртүрлі және бір елдің моделін екіншісіне сол күйінде көшіру мүмкін емес. Бірақ халықаралық тәжірибеден байқалатын ортақ үрдіс бар. Қазіргі есірткі нарығына қарсы тек дәстүрлі полиция әдістерімен күресу жеткіліксіз. Шымкент полициясы есірткі заттарын заңсыз жарнамалау немесе насихаттау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін және мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылғанын ескертеді. Бұл ескерту әсіресе интернеттен "жеңіл табыс" іздейтін жастар үшін аса маңызды болса керек.

Сәруар Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: Есірткі
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз