Саясат

«Бір-бірімізге көмектесуіміз керек» – Бейжіңде Путин мен Си келіссөздері басталды

Қытай төрағасы Си Цзиньпин сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинді ерекше құрметпен және салтанатты жағдайда қарсы алды.

Путин мен Си

 Украинадағы соғыс шығындары артып, санкциялар қысымындағы Ресей экономикасы үшін өзара сауда мен инвестиция мәселесі Путин күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналып отыр.

20 мамыр күні Бейжіңдегі Халық жиналыстары сарайында басталған ресми кездесулер Си Цзиньпиннің бірнеше күн бұрын дәл осы жерде АҚШ президенті Дональд Трампты қабылдаған форматына өте ұқсас өтті.

Қытай мен Ресей лидерлерінің келіссөздері алдымен жабық форматтағы кездесуден басталды. Кейін екі ел басшысы делегациялар қатысқан кеңейтілген отырыс өткізді.

Путин не деді?

Владимир Путин өз сөзінде екі ел арасындағы экономикалық байланыстар «жақсы өсім көрсетіп отырғанын» айтты. Оның сөзінше, Мәскеу мен Бейжің арасындағы қатынас «бұрын-соңды болмаған деңгейге» жеткен.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Путин соңғы 25 жылда Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30 еседен астам өскенін атап өтті.

Сондай-ақ Кремль басшысы Таяу Шығыстағы дағдарыс жағдайында Ресей «сенімді энергия жеткізушісі» болып қала беретінін айтты.

BBC мәліметінше, Путин Си Цзиньпинді келесі жылы Ресейге шақырып, Мәскеу мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас «жаһандық тұрақтылыққа үлес қосып отырғанын» мәлімдеді. Си соңғы рет Ресейге 2025 жылдың мамырында барған.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, Путин Сиді тағы да «қымбатты досым» деп атаған. Сонымен қатар ол қытай мақалына тоқталды: «Бір күн көріспесек те, үш күз өткен секілді болады». Бұл мақал маңызды оқиғаны немесе мақсатты ұзақ күтуді білдіреді.

Си Цзиньпин не деді?

Си Цзиньпин өз сөзінде Қытай мен Ресей ұлттық даму және қайта жаңғыру жолында бір-біріне қолдау көрсетуі керек екенін айтты.

Ол Путинге екі ел арасындағы қатынастың қазіргі деңгейге жетуіне «өзара саяси сенім мен стратегиялық ынтымақтастықтың тұрақты тереңдеуі» себеп болғанын жеткізді.

Сонымен қатар Си әлем қайтадан «джунгли заңына» оралу қаупімен бетпе-бет келгенін мәлімдеді.

«Қазіргі халықаралық жағдай күрделі әрі тұрақсыз. Біржақты гегемония күшейіп барады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері әрі маңызды әлемдік державалар ретінде Қытай мен Ресей ұзақмерзімді стратегиялық көзқарас ұстанып, әділетті әрі тең құқықты жаһандық басқару жүйесін қалыптастыруы керек», – деді Си.

Таяу Шығыстағы ахуал

Қытай мемлекеттік медиасының хабарлауынша, Си Цзиньпин Таяу Шығыстағы жағдай «шешуші кезеңге» жеткенін айтып, қазіргі уақытта соғыстан бейбіт кезеңге өту жүріп жатқанын жеткізген.

Қытай лидері әскери қимылдарды тоқтату міндет екенін, ал қақтығыстың қайта өршуі «қабылдауға болмайтын нәрсе» екенін атап өтті.

«Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау жөніндегі менің төрт тармақтан тұратын ұсынысым халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге, шиеленісті төмендетуге және бейбітшілікті нығайтуға бағытталған», – деп жазды Sinhua агенттігі.

Келісімдер

Кездесу барысында Қытай мен Ресей арасындағы «Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімнің» мерзімі ұзартылғаны белгілі болды.

Бұл стратегиялық құжат екі ел арасындағы бейбіт қатынастардың, экономикалық ынтымақтастықтың және геосаяси серіктестіктің негізін айқындайды.

20 жылдық келісім алғаш рет 2000 жылы жасалып, 2022 жылдың ақпанында тағы бес жылға ұзартылған болатын.

Кейінірек екі ел басшысы ресми қол қою рәсіміне қатысады деп болжанған. Путиннің көмекшісі бұған дейін барлығы 21 құжатқа қол қойылатынын айтқан.

Ресей БАҚ-тарының мәліметінше, олардың ішінде екі құжат негізгі орын алады:

– жан-жақты серіктестік пен стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме;
– көпполярлы әлем мен халықаралық қатынастың жаңа түрі туралы декларация.

Қытай неге Ресей үшін маңызды?

BBC сарапшысы Виталий Шевченконың пікірінше, Қытайдың қаржысы мен технологиясы болмаса, Путиннің Украинаға қарсы соғысы әлдеқашан тоқтауы мүмкін еді.

Қытай қазір Ресейдің ең ірі сауда серіктесі саналады. Ол Ресей мұнай экспортының шамамен жартысын сатып алады. Кремль элитасы үшін дәл осы қаржы соғысты жалғастырып, экономиканы ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр.

Соғысқа байланысты Батыс компаниялары Ресейден кеткеннен кейін олардың орнын қытайлық тауарлар, әсіресе автокөліктер басуда.

Қытай соғысты ашық қолдамайтынын айтқанымен, оны тоқтатуға ықпал ететін қысым тетіктерін де пайдаланған жоқ.

Келіссөздер барысында тағы да Ресей мен Қытай арасындағы қатынастардың «тарихтағы ең жоғары деңгейге» жеткені айтылды. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл риторика көбіне Мәскеу тарапынан жиі айтылады.

Си Цзиньпин әдеттегідей өзін ұстамды көрсетіп, қатынастар туралы эмоциялық мәлімдемелерден гөрі, стратегиялық үстемдікті сақтауға көбірек мән беріп отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз