Саясат

Б.Сапарбаев: Әкімдерді орнынан алып тастай салу оңай емес

Өткен жылы ақпанда Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысынан соң, Жамбылға үкіметтік комиссияны бастап келіп, қу тілділердің сөзімен айтқанда, құдаша болып келіп, келін болып қалып қойған Бердібек Сапарбаевтың Әулиеатаға әкім болғанына да 10 ай болды.

Б.Сапарбаев: Әкімдерді орнынан алып тастай салу оңай емес

Сапарбаевтың ізімен өңірдегі ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, облыс прокуроры, облыстық полиция департаментінің басшысы мен орынбасарлары ауысып, ол орынтақтарға Мәшбекұлымен бұрыннан қызметтес болған басшылар қонжиған болатын.    

       Бірақ жыл соңында Жамбыл ТВ-ға сұхбат берген Бердібек Сапарбаев: «Мен әкім болғалы 10 ай болды. Осы уақытқа дейін өз еркіммен бірде-бір аудан әкімін ауыстырған жоқпын. Мысалы, Қордай ауданының әкімі президент шешімімен босатылды. Сарысу ауданының әкімі облыс әкімі аппаратының басшысы болып ауысты. Қалған әкімдер өз орындарында жұмыс істеп жатыр», – деп, сөзін ары қарай былай деп жалғады: «Маған әлеуметтік желілер арқылы түрлі хаттар түсіп жатады. Онда көпшілік «сіз әкімдерге жиналыс сайын ескерту жасайсыз, бірақ ешқандай шара қолданбайсыз» дейді. Біріншіден, әкімді орнынан алып тастай салу деген оңай емес», – деді.

     Әрине, Сапарбаевты шарасыздығын мойындағаны үшін де сыйлауға болады. Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне ара-тұра ескерту жасап, оларға ұрысқан кейіп танытқанымен, орындарынан босатудың оңай емес екенін ашық айтқаны жұртшылыққа ұнады.

       Бірақ жамбылдықтар Сапарбаевтың алдыңғы әкім Асқар Мырзахметовпен салыстырғанда көп тірлігі, бір досымның сөзімен айтқанда, халтура болып тұрғанын айтып жүр. Айталық, екі әкімнің облыс орталығынан ашқан арбаттарын, салдырған ескерткіштерін, елге қамқорлығын, бір сөзбен айтқанда, іскерлігі жайында талдап-таразылағанда, кеткен әкімнің қолтаңбасы анық, бояуы қанық.

      Жыл соңындағы жергілікті телеарнадағы сұхбатында «Саясаткер Сапарбаевтың арманы не?» деген сауалға әкім: «Жамбыл өңірінде маған жүктелген барлық міндетті абыроймен орындау. Әрдайым халықтың алғысына бөлену. Өзім жұмыс істеп кеткен өңірлерде мен туралы жақсы сөз айтылса, менің арманым – сол. Халықтың тұрмысы жақсарса екен деймін. Сосын, әрине, елде тыныштық, бірлік болса, індеттен айықсақ, одан басқа арман жоқ», деп жауап берді.

      Әрине, Бердібек Сапарбаев, жұрт айтып жүргендей, сайлаудан соң Астанаға қайта жұмыс ауыстыра ма, әлде Әулиеатада әкім болып қала бере ме, ол жағын уақытында көре жатармыз. Әл-әзір бес облысты басқарған Бердібек Мәшбекұлы Әулиеатаны бұрынырақ басқарған Серік Үмбетов, Қанат Бозымбаевтарды айтпағанда, кешегі Мырзахметов сияқты елдің алғысына бөлене алмай отырғанын «әкімдерді орнынан алып тастай салу оңай емес» дегені сияқты өзі де мойындайтын шығар, мүмкін.

Тегтер: Без Тега
Нұрболат Әлдибек
Нұрболат Әлдибек Нұрболат Әлдибек

Оқыңыз