Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:07, 23 Қараша 2023

Бұл ертегінің жалғасы бар

ЕУРО-2024
Фото: из открытых источников

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке бір қадам жетпей тоқтады. Дүйсенбі, 20 қараша күні Люблянаның «Стожице» стадионында отандастарымыз Словениядан 1:2 есебімен жеңілді.

Осылайша, екі жылға созылған ертегіміз мұңдылау аяқталды. Қазақстан құрамасы алдымен Ұлттар лигасының С дивизионында өз тобының жеңімпазы атанды. Биыл 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Сан-Марино құрамаларымен бір топқа түсіп, соңғы турға дейін тікелей жолдаманың бірінен үміткер болды. Люблянадағы кездесу Словенияның жолын ашты, ал бізге... қосымша мүмкіндік қалдырды.

Сонымен, осы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы:

  • Бірінші рет тең ойынынан да, жеңілісінен де жеңісі көп болды (6 жеңіс, 0 тең ойын, 4 жеңіліс);
  • Бірінші рет ірі турнирлердің финалдық кезеңіне шығудан үміткер болды;
  • Бірінші рет бір іріктеу тобында сырт алаңда үш жеңіске қол жеткізді (Сан-Марино – 3:0, Солтүстік Ирландия – 1:0, Финляндия – 2:1);
  • Бірінші рет 18 ұпай жинады. Бұған дейінгі ең көп ұпайымыз былтыр Ұлттар лигасында (13 ұпай) тіркелген еді;
  • Магомед Әдиев Қазақстан құрамасы тізгіндеп жүріп бірінші болып 10 ойында жеңіске жеткен бапкер атанды;
  • Бірінші рет өз тобымыздағы 5 қарсыластың төртеуінен ұпай алдық. Словенияға ғана екі кездесуде есе жібердік;
  • Бірінші рет Дания және Финляндия құрамаларын тізе бүктірдік. Бұған дейін Дания Қазақстанды – 4 рет, Финляндия 5 рет жеңген-ді.

Словенияда мүмкіндігіміз болды ма?

Соңғы тур алдында Словенияда – 19, Қазақстанда 18 ұпай болды. Жарақатына байланысты Бақтияр Зайнутдинов пен Асхат Тағыбергеннің шешуші ойынға қатыса алмайтыны күні бұрын белгілі еді. Ал алаң иелеріне тең нәтиже де жеткілікті, ал бізге қалайда жеңіс қажет болатын. Ойынның 41-минутында Қазақстан қақпасына пенальти белгіленді. Айып алаңының ішінде қорғаушы Ян Вороговский Петар Стояновичті аяқтан теуіп құлатты. Төреші Шимон Марчиняк ВАР көмегімен 11 метрді нұсқады да, Шешко есеп ашты. Бұдан кейін екінші таймның басында отандастарымыз есепті тез теңестіргенмен (Оразов), ары қарай табысын үстей алған жоқ. Беньямин Вербич 86-минутта айып алаңына сол қапталдан еніп, дәл соққымен Словенияға Еуропа чемпионатының жолдамасын сыйлады.

Н тобында Дания бір тур бұрын сол Словенияны өз алаңында 2:1 есебімен тізе бүктіріп, алғашқы жолдаманы қанжығалаған еді. Осылайша, өте тамаша нәтиже көрсеткеніне қарамастан, Қазақстан құрамасы тікелей жолдамадан үміт үзді.

Елге оралған футболшыларды Астана әуежайында қалың жанкүйер күтіп алды. Футболшыларға алғыс жаудырып, бұл жетістіктің уақытша болып қалмайтынына сенім білдірді. Ал Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов құрама бапкері Магомед Әдиевтің ешқайда кетпейтінін жариялады.

«Бәріне кінәлі – жалғыз мен!»

Магомед Әдиев, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

  • Мен қазақстандық футболшылардың бәріне алғыс айтамын. Олар адам сенгісіз нәтиже көрсетті. Жігіттердің ешқайсысы күшін аяп қалған жоқ. Ойын алдында оларға: «Сендер нағыз батырсыңдар! Сендер ұлтты біріктірдіңдер. Әр қала өз командасына тартпайды, бәрі бірігіп Қазақстан құрамасын қолдайды. Тіпті футболды аса біле бермейтін адамдардың ықыласы да қатты оянғанын көріп жүрміз. Бұл әншейін қол жеткізе салатын шаруа емес. Осы сәтті жүректеріңмен сезініңдер, қолдарыңда бар нәрседен рақат алыңдар», – дедім. Олар үлкен жеңіс үшін барын салды. Біз жанкүйерлерімізді өкінішке бөледік, осыны сезінеміз. Сен қараңғы тоннелде қалсаң да, алыстағы жарықтан үміт үзбеуің керек.Үнемі жамандық бола беруі мүмкін емес. Біз Еуропада кез келген құрамаға лайықты қарсылас екенімізді дәлелдедік. Иә, кей тұстарда қателік жібергенімді сеземін. Сондықтан бүкіл кінәні өз мойныма аламын.

Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі:

  • Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды.

Беньямин Вербич, Словакия құрамасының футболшысы:

  • Қазақстан құрамасы бізбен кездесуге қорғану үшін емес, ойнау үшін келгенін сезіндік. Дегенмен біз мықтырақ болдық. Іріктеу басталғаннан жақсы ойын көрсеттік. Қазақстанды екі матчта да жеңдік. Қазақстан есепті теңестірген кезде де аса қатты алаңдай қойғаным жоқ. Кейде ойын мүлде жүрмей қоятын кезі болады. Біз сол сәтті жақсы еңсеріп, өз ойынымызды таба алдық.

Рамазан Оразов, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы:

  • Қанша ауыр болса да, біз бұл жеңілісті қабылдай алуымыз керек. Қалай болғанда да, мен өз құрамамызды мақтан тұтамын. Осындай нәтижеден кейін енді біз турнирлердің топтық кезеңіне шығу, тіпті одан да жоғары нәтижелерді көздеу мақсатын қоятынымызға сенімдімін. Менің ойымша, қазіргі буын бұл іріктеу кезеңін есте сақтайды. Барлық жанкүйерлерге, жердің шалғайлығына қарамай қолдауға келген барлық отандастарымызға команда атынан зор алғыс білдіремін.

Әрі қарай... – тағы бір үлкен сын

Енді Қазақстан құрамасын қандай ойындар күтіп тұр?

Ең алдымен, бас бапкерге қатысты мәселені айтайық. Люблянадағы ойыннан кейін ҚФФ президенті Ә.Бәрменқұлов құраманы алдағы уақытта да Әдиев тізгіндей беретінін айтты. «Біздің стратегиялық жоспарымыз бар. Енді соны іске асыруға кірісуіміз керек» деді маман.

Осы іріктеу кезеңінен кейін Әдиев қазақстандық клубтардың бірін қабылдап, құрама бапкері міндетін қоса атқаруы мүмкін екені де айтылған еді. Тіпті Әдиевтің әні-міні «Ақтөбені» тізгіндейтіні де шешілген мәселе сияқты көрінген. Бірақ күні кеше бұл мәселеге нүкте қойылғандай болды: Әдиев жазға дейін ешбір клубтық командаға жаттықтырушы болмайды.

Мұның үлкен себебі бар. Қазақстан құрамасы әлі де 2024 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңіне шығудан үміт үзген жоқ. Ұлттар лигасының С дивизионындағы төрт топтың жеңімпаздарына берілетін жалғыз жолдама алдағы көктемде сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы 21 наурызда сырт алаңда Грекиямен (2 топтың жеңімпазы) жартылай финалдық кездесу өткізеді. Бұл ойынның жеңімпазы 26 наурызда Грузия (4 топтың жеңімпазы) – Люксембург (1 топта екінші орын алған құрама) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Сөйтіп, мұнда мойны озған құрама Еуропа чемпионатына аттанады.

Әдиев мырза осы бір аса жауапты ойындар алдында басқа ешбір мәселеге алаңдамай, шаруаны шегіне жеткізуге тырысып отырғаны анық.

Еуропа чемпионатына қандай құрамалар шықты?

21 құрама 2024 жылғы құрлық біріншілігіне дайындықты қазірден-ақ бастайды. Турнирді өткізуші ел өкілі Германия құрамасынан бөлек, осы іріктеу кезеңінен Испания мен Шотландия (А тобы), Нидерланды мен Франция (В тобы), Италия мен Англия (С тобы), Хорватия мен Түркия (D тобы), Албания мен Чехия (Е тобы), Бельгия мен Австрия (F тобы), Венгрия мен Сербия (G тобы), Дания мен Словения (Н тобы), Швейцария мен Румыния (І тобы), Португалия мен Словакия (J тобы) жолдама иеленді.

Ұлттар лигасындағы жетістігіне орай қалған 3 жолдамаға Польша, Эстония, Уэльс, Украина, Израиль, Исландия, Босния және Герцеговина, Қазақстан, Грекия, Люксембург, Грузия құрамалары таласады. Мұнда С дивизионындағы мәселе ғана нақты шешілген. Яғни жұптар қазірден-ақ белгілі. Ал А және В дивизиондарының жеребесі 23 қараша күні кешке тартылады.

С дивизионындағы жағдайды тарқатып айтайық. Ұлттар лигасының осы дивизионындағы 1 топта Түркия құрамасы жеңімпаз атанған еді. Бірақ түріктер Euro-2024 іріктеу кезеңінде D тобында үздік шығып, қосымша іріктеуден босады. Оның орнын 1 топта екінші орын алған Люксембург құрамасы басты. Ал С дивизионындағы өз топтарының жеңімпаздары Грекия (2 топ), Қазақстан (3 топ) және Грузия (4 топ) Еуропа біріншілігінің іріктеуінде тікелей жолдамаға қол жеткізе алмады.

Ыңғайсыз қарсыластардың бірі

Сонымен, Әдиев қалды, қарсылас белгілі.

Грекия – Қазақстанға ыңғайсыз қарсыластардың бірі. Бұған дейін екі команда 2006 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде бір топта ойнап, эллиндердің асығы алшысынан түскен еді. 2004 жылдың 17 қарашасында Афинада өткен алғашқы кездесуде олар Қазақстанды 3:1 есебімен жеңсе, 2005 жылдың 9 қыркүйегіндегі қарымта кездесуде Алматыда ойынның соңғы минуттарында жеңісті жұлып әкетті (1:2). Бұдан кейін 2006 жылдың ақпанында Кипрде өткен халықаралық турнирде жолымыз тағы тоқайласып, Грекия 2:0 есебімен басымдық танытты.

Euro-2024 іріктеу кезеңінде Грекия құрамасы В тобына түсті. 8 ойында 13 ұпай жинағанмен, Францияға (22 ұпай) және Нидерландыға (18 ұпай) жете алмады. Соңғы турда гректер өз алаңында Франциямен тең ойнап (2:2), мықты команда екенін көрсеткендей болды.

Грекия құрамасын уругвайлық маман Густаво Пойет жаттықтырады. Бұл команда соңғы рет Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне – 2012 жылы, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 2014 жылы шықты. Қазір гректер сапында кезіндегі Ангелос Харистеас, Антониос Никополидис, Георгиос Карагунис сияқты танымал футболшылар жоқтың қасы. Топ-5 лигадағы ойыншылары да сиреген, қазір «Ноттингем Форесттің» қақпасын қорғайтын Одиссеас Влаходимосты, «Ливерпульдің» негізгі құрамына көп іліне бермейтін Костас Цимикасты, «Вест Хэмдегі» Константинос Маврапаносты, 2-Бундеслигада ортаңқол командада ойнайтын Андреас Бухалакисті («Герта») айтуға болады. Дегенмен Вангелис Павлидис (АЗ, Нидерланды), Анастасиос Бакасетас («Трабзонспор», Түркия), Пантелис Хацидиакосты («Кальяри», Италия) атап өткен дұрыс.

Қазір Грекия құрамасы ФИФА рейтингінде 51-орында тұр.

Франциямен ойынға Пойет екі ескертуі бар К.Цимикас, Д.Пелкас және М.Сиопис сияқты ойыншыларды мүлде қосқан жоқ. Демек, ол да наурыздағы шешуші ойынға бұл футболшыларды сақтауға тырысты деуге болады.

Өкінішке қарай, Грекиямен кездесуге Нұралы Әліп қатыса алмайды. Словениямен кездесудің соңғы минуттарында ол ескерту алды, сөйтіп, келесі матчқа қатысу құқынан айырылды. Дегенмен Әдиев оның орнын жоқтатпайтын футболшыны қазірден-ақ іздеуге кірісетіні күмәнсіз.

Ал биылғы маусымда жарқырап көзге түскен Ислам Чесноков Грекияның ПАОК командасына ауысады деген сыбыс бар. Бұл да біздің құрама үшін жаман болмас еді.

Иә, қанша табысты кезең өткерсе де, Қазақстан құрамасы еш босаңси алмайды. Алда үлкен белестер күтіп тұр. Біз ертегінің аяқталмағанын қалаймыз.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: