Бурабайдағы балалар лагерінен 27 бала ауруханаға түсті
Бурабайдағы «Эдельвейс» лагерінен науқастанып ауруханаға түскен балалар саны 27-ге жетті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Лагерьге Павлодар облысынан бас-аяғы 75 бала барған. Олардың дені — балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері.
6 шілдеге қараған түні бір топ бала мекеме қызметкерлеріне денсаулығына шағым айтқан. Алайда сырқаттанған балаларға сол күйі ешқандай көмек көрсетілмеді.
Бурабай төрінде орналасқан демалыс орнында қазіргі сәтте 200-ден астам бала демалып жатыр.
Ал, мекемедегі келеңсіз жайт туралы Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова өзінің инстаграм парақшасында жазды. Депутаттың сөзінше, лагерьде медициналық көмек ала алмаған балалар Даримоваға хабарласып, жедел жәрдем шақырып беруді сұраған.
Мен балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен үнемі хабардамын. Лагерьге балалармен бірге орталық қызметкері де барды. Сол түні олар маған медбикенің жоқ екенін және ешқандай медициналық көмек ала алмай отырғандарын жазды. Таңертең дереу Бурабайға жолға шықтым. Лагерді түгел тексердік. "Неге медбикелеріңіз жоқ?" деген сұрағыма лагерьде жұмыс істеп жүрген қатардағы қызметкерді әкеліп, "медбикеміз осы" деп қысқа қайырды. Ал сырқаттанған балалардың жағдайы әлі де мәз емес. Арасында пневмония жұқтырды деген күдігі бар балалар да бар, дейді Павлодар мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова.
Арна ақпаратынша, мекемеде бұдан бөлек тиісті балалар журналы да жүргізілмеген. Диеталық медбикенің жоқтығы тағы бар. Ал медпунктке адам аяқ баспағалы біраз болған.
Ал, құжат бойынша, медпункт осыдан бір жыл бұрын, яғни 16 маусым күні жуылған. Осыдан кейін атышулы лагерьдің жағдайымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары, өңірлік денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары да танысып қайтты. Ал балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған жайт назарға алынғанын жеткізді.
Бұл жағдайды назарға алдық. Ауруханаға Павлодар облысының балаларды қолдау орталығынан және Ақмола облысына келген балалар жатқызылды. Олар тамақ ауруы, бронхит, ЖРВИ жұқтырған. Балалар денсаулықтарына төрт күн бұрын шағымдана бастаған. Лагерь балалардың болу жағдайлары бойынша алдын ала тексеруден өтті. Алдағы уақытта қайта тексеру ұйымдастырылады, деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Павлодар облыстық білім беру басқармасы аталған мәселеге қатысты қандай да бір пікір айтудан бас тартқан. Ал қауіпсіздік талаптарын бұза отыра, келеңсіз жағдайға жол берген лагерь әлі де жұмыс істеп тұр.