БҰҰ Боқай мен Аян ісі бойынша сегіз жылдан кейін шешім шығарды
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқай мен Талғат Аянның ісі бойынша шешім қабылдады. Ұйым Қазақстан билігін оларға моральдық және материалдық шығын үшін өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұл туралы шешімді Макс Боқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Құжатқа сәйкес, Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің қатысушысы ретінде шағым авторларына «тиімді құқықтық қорғау құралын» ұсынуға міндетті.
Шешімнің мәні неде?
БҰҰ комитеті белсенділердің құқықтары бұзылған деген қорытындыға келген. Атап айтқанда, құжатта бірнеше мәселе көрсетілген:
Ұстау жағдайлары:
Макс Боқай бірнеше рет тәртіптік жазаға тартылған. Соның ішінде -25 градус аязда сыртта таңғы жаттығудан бас тартқаны үшін де жазаланған.
Колонияның алыстығы:
Комитет Ішкі істер министрлігі Боқайды Петропавлдағы, үйінен барынша алыс колонияға не себепті ауыстырғанын нақты түсіндірмегенін атап өтті.
Байланыстың шектелуі:
Тәртіптік шараларға байланысты оның ұстау жағдайы орта режимнен қатаң режимге ауыстырылып, бұл отбасы мүшелерімен және адвокаттармен байланысын шектеген.
«Мемлекет шағым авторларына моральдық және материалдық зиян үшін тиісті өтемақы төлеуге, сондай-ақ мұндай құқықбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға міндетті», – делінген шешімде.
Қазақстан билігіне бұл шешімді орындау бойынша қабылданған шаралар туралы БҰҰ комитетіне 180 күн ішінде ақпарат беру міндеттелген. Сондай-ақ шешімді жариялап, кеңінен тарату ұсынылған.
Макс Боқай бұл шешімді сегіз жыл күткенін атап өтті.
Істің тарихы
Макс Боқай мен Талғат Аян 2016 жылдың сәуірінде Атырауда Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы өткен ауқымды бейбіт митингіні ұйымдастырғаннан кейін кеңінен танылды.
2016 жылдың қарашасында сот оларды әлеуметтік алауыздық қоздыру, жалған ақпарат тарату және митинг өткізу тәртібін бұзу баптары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Кейін халықаралық қысым нәтижесінде екеуі де мерзімінен бұрын босатылғанымен, бірнеше жыл бойы әкімшілік бақылауда болған.