Венгрияда Орбан дәуіріне қатысты тергеулер күшейді: экс-премьердің әкесінің компаниясы да тексеріліп жатыр
Венгрияда бұрынғы премьер-министр Виктор Орбан билігі тұсында жасалған мемлекеттік келісімдер мен сатып алуларға қатысты тексерулер күшейіп келеді.
Соның ішінде полиция Орбанның әкесі Дьёрдь Орбанға тиесілі компания мен миллиардер Лёринц Месароштың компаниясы арасындағы келісімдерге байланысты қылмыстық тергеу бастаған.
Венгриялық 444.hu басылымының хабарлауынша, Будапешт полициясы Дьёрдь Орбанға тиесілі Dolomit Kft. компаниясы құрылыс материалдарын Месароштың V-Híd компаниясына негізсіз қымбат бағамен сатты ма деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Іс «сеніп тапсырылған мүлікті теріс басқару» күдігімен қозғалған.
Тергеуге бұрынғы тәуелсіз депутат Акош Хадхазидің жариялаған деректері себеп болған. Кейін Transparency International ұйымы прокуратураға арыз түсірген. Материалдар Будапешт полициясына беріліп, ресми тергеу басталған.
Мәселе Венгриядағы М1 автомагистралін кеңейту жобасына жеткізілген құрылыс тастарына қатысты. Бұл жоба шамамен 800 млрд форинтке бағаланады. 444.hu бұған дейін Дьёрдь Орбанның карьерінен осы құрылысқа тас жеткізіліп жатқанын анықтаған.
Бұл іс Виктор Орбанның өзіне тікелей тағылған айып емес. Алайда оның отбасының бизнесіне қатысты полиция тергеуінің басталуы жаңа биліктің Орбан дәуіріндегі келісімдерді тексеру науқаны аясында өтіп жатыр.
Сәуірдегі сайлауда Виктор Орбан 16 жылдық биліктен кейін жеңіліп, үкімет басына Петер Мадьяр келген. Жаңа премьер жемқорлықпен күресіп, бұрынғы билік тұсындағы мемлекеттік келісімдерді қайта қарауға уәде берген. Орбан болса өзіне қатысты заңсыз әрекет жасады деген айыптарды жоққа шығарады.
Шілдеде Мадьяр үкіметі 2019 жылдан бері білім беру саласына арналған бағдарламалық жасақтамаларды сатып алуға жұмсалған 100 млрд форинттен астам қаржыға қатысты полицияға материал жолдады. Билік бұл келісімдерде бәсекенің болмауы, бағаның негізсіз қымбаттауы және мемлекеттік қаражатты теріс пайдалану белгілері болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Тамызда үкімет Орбан тұсында мемлекет пен 4iG IT және телекоммуникация компаниясы арасында жасалған барлық келісімшартты тексеруге кірісті. Олардың арасында сәуірдегі сайлауға аз уақыт қалғанда Қорғаныс министрлігімен жасалған құны 1,3 трлн форинттен, яғни шамамен 4,2 млрд доллардан асатын келісім де бар. Мадьяр заңбұзушылықтар анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына берілетінін айтты.
Бұдан бөлек, Венгрия Сыртқы істер министрлігі COVID-19 пандемиясы кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға жұмсалған шамамен 964 млн долларға қатысты прокуратураға арыз түсірді. Ведомство бұл сатып алуларда алаяқтық және өзге де қылмыстардың белгілері болуы мүмкін деп санайды.
Осылайша, қазіргі таңда Венгрияда Виктор Орбанның өзіне қатысты ресми қылмыстық тергеу жарияланған жоқ. Бірақ оның үкіметі тұсында жасалған ірі мемлекеттік келісімдер, Орбанға жақын бизнес құрылымдары және оның әкесіне тиесілі компания полиция мен жаңа үкіметтің тексеру нысанына айналып отыр.