Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 04 Маусым 2024

Біз де өз құқығымызды қорғап, талаптарымызды айтқымыз келеді

«Ақ ниет»
Фото: из открытых источников

Қоғамның қай саласына көз салсақ та, тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухы биік жандарды кездестіріп қаламыз. Жігері жасымаған қайратты жандардың қоғамның дамуына, елдің әлеуетіне араласып жүргені талай жанға үлгі әрі шын қуаныш.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкер де басына қандай нәубет түссе де, жақсылық пен адамдықтың ақ жолынан таймай, бүгінгі таңда өзі секілді талай адамға қол ұшын созып отырған азамат. Түркістан облыстық «Ақ ниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Дастан Орынбасаров өзі де арбаға таңылған бірінші топ мүгедектігі бар болғанымен, тағдырластарына қол ұшын созып, көмек көрсетіп отыр.

Аталмыш қайырымдылық қорының құрамында қазіргі таңда отыздан астам адам бар, мүмкіндігі шектеулі және зағип жандардан бөлек, қор ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға да көмектеседі. «Ақ ниет» қайырымдылық қоры аясында әр мейрамды назардан тыс қалдырмай, мерекелік шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар 3 желтоқсан күні халықаралық мүгедектер күнін де екі жыл қатарынан үзбей атап өтіп жүр. Біз үнемі туғанынан өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір көз қырымызды салып, жанына желеу болуымыз тиіс. Бастысы, олардың тағдырын шынайы түсініп, жанымызбен сезіне білуіміз аса маңызды. Ендігі әңгімені кейіпкеріміз айтсын.

«Өз басымнан өткен оқиғалар мен сынақтарды жүректің елеуінен өткізіп, ойлана келе қайырымдылық қорын ашамын деп шешім қабылдадым. 19 жасымнан бастап жер астындағы шахтада кенші боп қызмет атқардым. Жұмыс барысында апат болып, бес жүз киллограмдық тастың астында қалып қойдым. Омыртқаларым сынып, сол кезден бері бірінші топ мүгедегі атандым. Үкімет тарапынан не жалақымды, не жәрдемақы ала алмай ұзақ жүрдім. Нанға, тіпті жаялыққа ақша таппаған күндеріміз болды. Өзім көрген қиындық пен мехнатты саралай келе, неге өзіммен тағдырлас адамдарға кішкене болсын қол ұшымды созбасқа деп ой түйдім. Мүгедектер арбасын үкімет бірде береді, кейде жетпей қалады. Дәрі-дәрмек пен тамақтың бағасы қазіргі кезде шарықтап тұр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры оңай емес, әр атқан таң мен батқан күн үшін күресуге тура келеді. Осы идеяны қолға алып, мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарды жинап, кейін ерекше қажеттілігі бар сәбилерді тәрбиелеп отырған аналарды қабылдап, қайырымдылық қорын ашуға бел байладым. Қор атынан адамзатқа титтей де қажетіне жарап, қол ұшын соза алсақ деген ниеттен туған жоба еді», – дейді Дастан Орынбасаров.

Десек те, қор төрағасы үкімет тарапынан қандай да бір көмек болмағанын, өзі демеуші тауып, үлкен қорлармен бірлесе жұмыс істейтінін алға тартты. Мүмкіндігі шектелсе де, адамның ойы мен санасын, қабілетін шектей алмасың анық. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Оның ішінде Қазақстан да бар екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда Дастан Орынбасаров пен қордың құрамындағы бірнеше жан Түркістан облысының мониторингтік тобында қызмет атқарады. Айтуынша, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тактильді жолақ, дәретхана, пандустар мемлекеттік стандарттар мен талаптарға сай емес. Осы салаға қанша көлемді қаржы құйылса да, алға қойылған жұмыстардың ешқайсысы толық атқарылмайды екен. Ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бойынша Еуропа елдері алда келеді. Қазақстан бұл елдерден тәжірибе жинап, үйренуде. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар Еуропаның кинотеатрларына, кафелері мен мейрамханаларына еркін бара алады, өйткені бұл орындар арнайы пандустармен, автоматты есіктермен, лифттермен және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайсыздықты сезінбеуіне көмектесетін басқа да пайдалы техникалық шешімдермен жабдықталған. Бұл заң деңгейіндегі бизнеске қойылатын талап.

«Қоғам үшін мүгедектер бәле іздеп жүрген сынды боп көрінеді. Алайда өз құқығымызды қорғап, талаптарымызды айтқымыз келеді. Әдетте, сау адам байқамайтын кей олқылықтарды біз байқап қалатын сәттер болады. Мысалы, арбаға танылған жандар үшін қандай да бір ғимаратқа кіру үлкен күшті, көмекті талап етеді. Мониторингтік топ осы сынды олқылықтарды бақылап, заң тұрғысынан айыппұлдар салады, жөндеуді талап етеді. Басқасын былай қойғанда, мүгедек арбасымен мектептер мен балабақшаларға, дүкенге кіре алмайтын кездер өте жиі кездеседі. Пандустар жоқ, болса да қолжетімсіз. Бұл салада түйіні шешілмей жатқан мәселелер мен жауабын таппаған сұрақтар көп. Соларды айтсақ, шешімін тапса деп шыр-пыр боламыз. Байқасаңыз, соңғы жылдары елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары да жыл санап артып келеді. Ал оларды уақытылы емдеу мәселесі қашан да өзекті. Дәрі-дәрмектер мен емдеу шаралары және дәрігерлердің қызмет көрсету бағаларының қымбаттаған сайын жәрдемақы да жетіспей кетеді. Сапалы арбаның бағасын қалта көтере бермейді. Қор тарапынан осындай қиындықтарды ескере отырып, көмек бере алсақ екен деген тілегіміз бар. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Жаңа заңдар мен түзетулер міндетті түрде олқылықтарды ескере отырып, оларды жоюға бағытталуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет», – дейді Дастан Орынбасаров.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетумен қатар, білім беру, мамандық иесі атануға жағдай жасау маңызды. Қазақстан бұл тұрғыдан үлкен тәжірибеге ие емес. Сондықтан шет елдің тәжірибесіне жүгіне алады. Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалады. Түркістан облыстық «Ақ ниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы мемлекет тарапынан инклюзивті парламент ашылу керек, мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды бағып отырған қамқоршыларының мұң-мұқтажын тыңдайтын, орындайтын бағыт болса деген арманы барын атап өтті.

«Тағдыр келіп ешкімнің басынан сипамайды. Жазмыштан озмыш жоқ. Кейде сол тағдырға көндігуге тура келетін кездер болады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі күреске толы. Менің басты мақсатым да – сол тағдыр тауқыметінен қажыған жандарға рух беру, үміт сыйлау. Ертең не боларын ешкім білмейді, жазмыш пен ажалдың қашан боларын болжай алмасың анық. Бүгінгі күні жастардың басым көпшілігі қу дүниеге бола өмірден түңіліп жатады. Шын мәнінде, ешқандай қиындық сенің Жаратушы аманаттаған рухың мен жаныңнан қадірлі емес екенін еске салғым келеді. Аспанда самғап жүрген көгершінді екі қанатын шауып тастап, жерге жіберсең не болады? Мүмкіндігі шектеулі адамның тағдыры да тура осындай. Ең бастысы, ой мен санаң шектеліп, жүрегіңді кір шалмасын дегім келеді», – дейді Дастан Орынбасаров.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: