Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 13 Қыркүйек 2025

Черногория Қазақстанға Дина Таңсәріні экстрадициялаудан түбегейлі бас тартты

Дина Таңсәрі
Фото: ашық дереккөз

Черногорияның Жоғарғы соты Қазақстанға құқық қорғаушы, «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Динара Смаилованы (Дина Таңсарі) экстрадициялаудан түпкілікті бас тартты. Қор жәбірленушілерге зорлық-зомбылықтан кейін көмек көрсетумен айналысады.

"Азаттық Радиосының" жазуынша, "4 қыркүйекте Черногория Жоғарғы соты Қазақстан Бас прокуратурасының экстрадиция жөніндегі өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 12 қыркүйек 2025 жылы бұл шешім апелляциялық алқада қаралып, күшіне енді", – деп мәлімдеген Смаилова Facebook желісінде.

2025 жылғы шілдеде Черногория билігі Смаилова мен оның азаматтық жұбайы Алмат Мұхамеджановқа саяси баспана бергені белгілі болды.

2024 жылдың сәуірінде Смаилова Черногорияда Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталған еді. Бір күннен кейін Подгорица соты оны босатып, төлқұжатын тәркіледі. Адвокат Далибор Томовичтің айтуынша, экстрадиция туралы шешім қаралмай тұрып, Смаилова Черногориядан саяси баспана сұраған, сондықтан процесс уақытша тоқтатылған.

Қазақстандағы айыптаулар

Қазақстан Бас прокуратурасының дерегінше, Смаиловаға қатысты алты қылмыстық іс қозғалған. Оған жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғу, алаяқтық баптары бойынша айып тағылған. Сондай-ақ "НеМолчиKZ" арқылы жиналған қаражатты жеке мақсатта жұмсады деген күдік бар.

Смаилова бұл айыптауларды жалған және саяси астары бар деп есептейді.

Құқық қорғаушының жолы

"НеМолчиKZ" негізін қалаушы Динара Смаилова Қазақстаннан 2021 жылы кеткен. Ол екі жыл бойы отбасымен бірге Грузияда тұрған. Алайда 2023 жылдың күзінде елден уақытша шыққаннан кейін қайта кіре алмай қалған. Смаилова бұл жағдайды қазақстандық биліктің қысымымен байланыстырды.

Құқық қорғаушының айтуынша, билік оның қоры жариялаған зорлық-зомбылық фактілері мен полицияның әрекетсіздігі туралы ақпараттардың ашық айтылғанын қаламайды. Сол жылы қазан айында ол Черногорияға қоныстанып, сонда тұрақтап қалды.

Тегтер: