CSIS: Ресей ай сайын 30 мыңнан астам әскери қызметкерінен айырылып жатыр
Вашингтондағы Center for Strategic and International Studies (Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы) жариялаған есепке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында Ресей армиясының Украинадағы шығыны күрт артқан.
Сарапшылар мұны, ең алдымен, Украинаның жауынгерлік дрондарды жаппай әрі тиімді қолдануымен байланыстырады.
Есепте Ресей әскері майдандағы шабуыл қарқынының баяулауымен қатар, жеке құрам арасындағы жоғары шығындарға да тап болып отырғаны айтылған.
CSIS есебіне сәйкес, 2022 жылдың ақпанынан бері соғыста қаза тапқан, жараланған немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің жалпы саны шамамен 2 миллион адамға жеткен. Оның 1,4 миллионы Ресейге, қалғаны Украинаға тиесілі деп бағаланады.
Зерттеуде бұған дейін Ресей мен Украина шығындарының арақатынасы орта есеппен 2:1 немесе 3:1 деңгейінде болса, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 8:1-ге дейін өскені көрсетілген.
Сарапшылар кейбір деректерге сүйене отырып, Ресей армиясының шығындарының 90 пайыздан астамы тікелей ұрыс кезінде емес, Украинаның дрон шабуылдарының салдарынан болып жатқанын айтады.
CSIS мамандары жоғары шығынның тағы бірнеше себебін атаған. Олардың қатарында:
-
ұрыс алаңындағы қате стратегия;
-
әртүрлі бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіре алмау;
-
тактикалық дайындықтың төмендігі;
-
жемқорлық;
-
әскери қызметкерлердің моральдық-психологиялық жағдайының нашарлығы;
-
Ресей әскерінде Starlink терминалдарының жұмыс істемеуі бар.
Есепке сәйкес, 2026 жылы Ресей ай сайын орта есеппен 30–34 мың әскери қызметкерінен айырылып отыр. Бұл бір айда келісімшарт бойынша қызметке қабылданатын шамамен 27 мың еріктіден көп. Демек, жаңа қабылданғандар шығынның орнын толық жаба алмай отыр.
CSIS бағалауынша, соғыс басталғалы бері Ресей жағынан 400–450 мың әскери қаза тапқан. Украина жағынан қаза болғандар саны 125–150 мың адам шамасында бағаланады. Ал Украинаның Қарулы күштерінің жалпы шығыны 525–625 мың адам болуы мүмкін.
Зерттеу авторлары есептеу барысында United Kingdom Ministry of Defence мәліметтерін, Mediazona мен BBC News Russian жүргізген талдауларды, сондай-ақ АҚШ, Еуропа және Украинаның ресми өкілдерімен өткізілген сұхбаттарды негізге алғанын мәлімдеген.
Сонымен бірге есепте соғысушы тараптардың өз шығындарын азайтып, қарсыласының шығынын көбейтіп көрсетуге ұмтылатыны айтылған. Сондықтан Мәскеу мен Киев жариялайтын ресми деректер тәуелсіз сарапшылардың бағалауымен толық сәйкес келе бермейді.
CSIS мәліметінше, Ресейдің Украинадағы қаза тапқан әскери қызметкерлерінің саны 1980-жылдардағы КСРО-Ауған кезіндегі Кеңес Одағының шығынынан 28 есе, Шешентсан соғысы кезіндегі жалпы шығыннан 18 есе көп екені айтылған.