Сараптама

Дарынды баланы тіліне қарай бөлу – дискриминацияға ұқсап барады

Тағы бір оқу маусымы аяқталуға жақын. Мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орнына емтихан тапсырып жатыр. Кейінгі кезде университетке түскісі келетін оқушы ақылы оқу орталықтарына барып, қосымша дайындалатын әдет қалыптасқан. Тіпті қоғамда «қосымша дайындықтан өтпеген бала Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинай алмайды» деген түсінік қалыптасқан. Өйткені көп адам мемлекеттік мектептердегі білім деңгейіне күмәнмен қарайды.

1

Сондай-ақ біздің елде жыл сайын Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика-математика мектебі, Білім инновациялық лицейі сияқты үздік мектептерге іріктеу өтеді. Бұларға түсу үшін де оқушылар ақылы орталықтарда жылдап дайындалады. Біз сөйлескен ата-аналар «орталыққа бармасақ, НЗМ, РФММ және БИЛ-ге түсу мүмкін емес» деп ашық айтып отыр. Олардың сөзінше, емтихан сұрақтары мемлекеттік мектепте оқитын сабақтан басқаша болады.

Оқушылар НЗМ, РФММ және БИЛ-ге түсу үшін ақылы орталықтарға баратынын айтып отырмыз. Жыл бойы ата-ананың қаржысы, баланың уақыты жұмсалады. Одан оң нәтиже шығып, бала қалаған оқуына түсе алса жақсы. Бірақ бұл мүмкін емес, өйткені аталған үздік мектептерде оқығысы келетін оқушы көп, грант аз. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» бала ғана оқуға түсе алады.

Егер конкурс таза өтіп, грант әділ бөлінсе, бұл бәсекеге де көнуге болар еді. Бірақ жауапты органдар осының өзін қамтамасыз ете алмай отыр. Жақында Республикалық физика-математика мектебіне қабылдау нәтижесіне қатысты дау туды. Көпшілік «қазақ және орыс бөлімдері арасындағы грант әділ бөлінбеді» деп наразы болды. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық.

РФММ-дағы грант дауы

Мамыр айының ортасында РФММ-ның 7-сыныбына грантқа қабылдау нәтижесі жарияланған. Оқуға қабылданған балалардың тізімімен танысқан ата-аналар грант бөлудегі балл айырмашылығы өте жоғары екенін байқаған. Яғни қазақ тілінде емтихан тапсырған балалар жоғары нәтиже көрсетсе де, оқуға түсе алмай, ал орыс бөлімінде әлдеқайда төмен балл жинаған оқушылар мемлекеттік грантқа іліккен. Мысалы, Алматы филиалының қазақ бөлімінде грантқа өту межесі 100 балл болса, орыс бөлімінде 83 балл болған. Яғни қазақ тілінде емтихан тапсырған оқушы 98-99 балл жинаса да оқуға түсе алмай, орыс тілінде сынаққа қатысқан балалар 86 балмен оқуға қабылданып кеткен. Екеуінің арасындағы айырма – бақандай 17 балл.

Астана филиалында да осы жағдай. Қазақ бөлімінде 114 балдан жоғары жинағандар ғана грантқа өткен, ал орыс бөліміндегі балалар 97 балмен грантқа түсіпті. Мұнда да айырма 17 балл болып отыр. Мемлекеттік тілде емтихан тапсырған елордалық балалар 110 балмен гранттан тыс қалған.

Оның үстіне биыл қазақ бөліміне бөлінген грант саны біршама қысқарып қалған көрінді. Мысалы, Алматыдағы РФММ филиалында былтырғы жылы қазақ бөліміне 162 грант бөлінсе, биыл оның саны 120-ға түсіп қалған. Бірден 42 орын қысқарыпты. Ал орыс бөлімінде грант саны 99-дан 78-ге төмендеген. Яғни былтырғыдан 21 орын аз. Грант саны не үшін қазақ бөлімінде көбірек қысқарғаны белгісіз.

Осы жағдайларға байланысты ата-аналар әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Көбі конкурс әділетсіз өткендіктен, баласының жыл бойы дайындалған еңбегі еш кеткенін айтады. Көпшілік «емтихан мазмұны бірдей, оқу тілі ғана бөлек. Ендеше, грант неге тілге байланысты бөлінеді?» деп таңданады.

«Балам 90-нан жоғары балл жинап тұрса да, грантсыз қалды. Ал көрші бөлімде одан төмен ұпай алған оқушы грантқа түскен. Бұл әділдік пе? Талап пен тәртіп жалпыға бірдей болуы керек», – деп жазды бір ата-ана әлеуметтік желіде.

«Тест бәрінде бірдей. Онда неге қазақтілді бала 100 балмен физика-математика мектебіне түсе алмайды. Ал орыстілді бала 83 балмен-ақ түсіп тұр? Не деген әділетсіздік? Орыс сыныптарын азайту керек», – деп қынжылды тағы бір ата-ана.

Жауапты органдар не дейді?

Республикалық физика-математика мектебінің ресми сайтында бұл дауға қатысты жауап берілді. Бірақ негізгі сұраққа нақты жауап бермеген, алыстан орағытып, статистикамен құтылыпты. Мектеп өкілдерінің айтуынша, емтихан бірыңғай талаптар мен регламент негізінде ұйымдастырылған.

«Бағалау критерийі мен өткізу тәртібі барлық үміткерге бірдей болды, бұл тең мүмкіндік пен әділдікті қамтамасыз етуге арналған. Білім беру грантының саны жыл сайын түлектер санына, филиалдардың қабылдау мүмкіндігіне және сыныптарды жасақтау қажеттілігіне сәйкес айқындалады», – дейді РФММ өкілдері.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл іріктеуге 8 050 үміткер қатысқан. Алматы қаласында 2 890 бала қазақ тіліне, 1 509 оқушы орыс тілінен емтихан тапсырған. ⁠Қазақ бөліміне – 120, орыс бөліміне – 78 грант бөлінген. ⁠Шекті балл қазақ бөліміне – 100, орыс бөліміне – 83 болған. Ал Астанада қазақ тілінде – 2 076, орыс тілінде – 1 575 оқушы емтихан тапсырған. ⁠Грант саны – 49/47. Шекті балл – 114/97.

Енді қарапайым арифметикаға сүйеніп, есептеп көрейік. Алматыда қазақ тілінде емтихан тапсырған балалардың саны орыс бөлімінен екі есеге жуық көп. Ал грант 60/40 пайыз мөлшерінде бөлінген. Осыдан-ақ қазақ бөлімінде бәсеке жоғары болғанын байқауға болады. Яғни мемлекеттік тіл бөлімінде 24 бала бір орынға таласса, орыс тобында 19 бала бір грантқа таласқан. Ал Астанада тіпті шамамен 50/50 пайыз мөлшерінде бөлініпті. Бірақ қазақ тілінде емтихан тапсырған оқушылар саны орыс бөлімінен бақандай 500 адам көп болған. Мұнда қазақ бөлімінде 42 бала бір орынға, орыс тобында 33 бала бір орынға таласқан.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми есебі бойынша, кейінгі жылдары ҰБТ тапсырған түлектердің 75 пайызы – қазақ тілін, 25 пайызға жуығы – орыс тілін таңдаған екен. РФММ грант бөлгенде осы статистиканы ескеруі қажет еді. Елде қазақ тілінде оқитын, емтихан тапсыратын балалар 75 пайыз шамасында, демек грант та осы шамада бөлінсе, орынды болар еді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов РФММ-дағы грант бөлінісі әділ емес екенін айтып, дауға араласқан. «РФММ-дағы жағдай бойынша оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен сөйлестім. Ол өз бақылауыма алып, шешемін деп уәде берді. Мынау не масқара? Балалардың қазақ тілінде оқығаны айып па? Неге емтихан нәтижесі төмен болса да орысша оқитындар өтеді. Кезінде НЗМ осылай дискриминация жасаған еді», – деп жазды депутат.

Мәжілісменнің мәлімдемесінен кейін Сүлейменова іске кірісіп, әділдік орнататын шығар деп күткенбіз. Бірақ ол үміт ақталмайтын сияқты. Өйткені Оқу-ағарту министрлігі бұл дауға қатысты мүлде жаңсақ, бұрмаланған ақпарат таратты.

«РФММ филиалдарына қабылдау мектеп Жарғысына сәйкес ашық конкурс негізінде жүзеге асырылады. «Білім туралы» ҚР Заңының 49-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшелігін ескере отырып білім беру ұйымын және оқу тілін таңдауға құқылы. Осыған байланысты конкурсқа тіркелу кезінде үміткерлер оқу тілін дербес айқындайды», – деп мәлімдеді министрлік.

1
Фото: ЖИ/ Жас Алаш

Негізгі түйткіл оқыту тілі туралы емес, қазақ балаларына грант бөлудегі әділетсіздік туралы. Ал министрлік тіке жауаптан жалтарып, бұрмаланған ақпарат берген. Бір сөзбен айтқанда, Сүлейменова «аузың қане десе, мұрнын көрсетіп» отыр. Әлде министр ата-аналарға «қазақ тілін таңдаған өздерің, бәріне өздерің кінәлісіңдер» дегісі келе ме? Сонда қазақ балалары өздері төлеген салықтан бөлінген грантқа ие болу үшін өзге тілде оқуы қажет пе? Ж.Сүлейменова заң тармақтарына сілтеме жасамай, «жоғары балл жинаған қазақ баласы неге грантқа түсе алмады?» деген сұраққа нақты жауап бергені жөн. Біз e-Otinish платформасы арқылы министрдің атына ресми сауал жолдадық.

Министрге заң керек болса, ҚР Бала құқықтары туралы заңының 4-бабында «тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататынына, әлеуметтiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiни көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, ата-анасы немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие» деп жазылған. Демек «қазақ тілінде оқитын дарынды балалар көп болып кетті, бізге орыстілділер де қажет» деп, білімі жетіп тұрған баланы бетінен қағу дұрыс емес.

Қазақстанда қазақтілді оқушы көп екені анық, ал саннан сапа шығатынын ескерсек, қазақтілді дарынды балалар да аз емес. Конкурста олардың өзгелерден озық шығып жатқаны – заңды құбылыс. Ендеше, заңды құбылысты ескермей, мемлекеттік тілде оқыған балалардың құқығын шектеу орынды ма? Оқу-ағарту министрлігі мен РФММ басшылары осыны ескергені жөн.

Біз мәселенің мәнін толық түсіну үшін бірнеше мұғаліммен және бірнеше ата-анамен сөйлестік. Олар «бала қазақша оқыса да, орысша оқыса да бірдей академиялық өлшеммен бағалануы керек» деп есептейді. Алматыдағы халықаралық мектептердің бірінде сабақ беретін Мұхтар есімді мұғалім бұл мәселені шешудің оңай жолын ұсынды. Оның айтуынша, емтихан нәтижесі шыққан соң барлық баланың қай тілде оқитынына қарамай, ортақ рейтинг жасау қажет. Мысалы, биыл Алматыда РФММ-ға 4 399 бала емтихан тапсырған, ал мектеп филиалы жалпы 198 грант бөлген. Демек грантты осы төрт мыңнан аса оқушының ең үздік балл жинаған 198-іне беру керек. Содан кейін ғана оқуға қабылданған балаларды оқыту тіліне қарай сыныптарға бөлу қажет.

Бұрын Назарбаев зияткерлік мектебі де оқушыларды тіліне қарай сұрыптап қабылдайтын. Ұзақ дау-дамайдан кейін НЗМ грант бөлгенде оқыту тіліне қарай бөлуді тоқтатқан. РФММ осы тәжірибені ескеріп, конкурс өткізу тәртібін қайта қарау керек. Әйтпесе, мұндай дау жыл сайын туындай береді. Өйткені мемлекеттік тілде оқитын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Оны ескермей, грантты оқушының таңдаған тіліне қарай бөлу дискриминацияға ұқсап барады.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз