Қоғам

Дауыс беруге келген «қар барысы»

15 наурыз күні Қазақстанда республикалық референдум өтті. Ел азаматтары бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жаңа Конституция жобасын қабылдау немесе қабылдамау мәселесін шешуге дауыстарын берді. Орталық комиссияның мәліметінше, дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны шамамен 12 миллионнан асады.

1

Дауыс беру учаскелері таңертеңнен бастап ашылып, азаматтар өз таңдауларын жасаған. Елдің барлық өңірінде сайлау учаскелері жұмыс істеді. Алғашқы сағаттардың өзінде миллиондаған адам дауыс бергені туралы мәліметтер жарияланды.

Бұл референдумда халыққа бір ғана сұрақ қойылды:
«Бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдайсыз ба?»

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды көздейді. Атап айтқанда, парламент құрылымын өзгерту, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қайта қарау және азаматтардың құқықтарын кеңейту мәселелері қарастырылған.

Егер халықтың көпшілігі қолдаса, жаңа Конституция 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуі мүмкін.

Бұл дауыс беру тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, референдум елдің саяси жүйесіне елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Жапонияда жүзеге асырды. Ол Нихон университетінің 3 курс студенті Жібек Айдын.

«Қарастырылып отырған мәселе еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Референдум өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет», – дейді Ж.Айдын.

Республикалық референдум күні Қонаев қаласындағы бір сайлау учаскесінде тұрғындардың назарын ерекше дауыс беруші аударды.

Аймақ тұрғыны қар барысының бейнесінде дауыс беруге келді. Бұл оқиға учаске қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Қалалықтар оның жанында суретке түсіп, мұндай бастама азаматтық белсенділіктің маңызын еске салғанын атап өтті.

Бақылаушылардың айтуынша, мұндай бастамалар учаскелерде ашықтық пен жақсы көңіл күй атмосферасын қалыптастырып, дауыс беруге қатысудың маңызын еске салады.

Сондай-ақ жалпыұлттық референдум күні Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан №361 сайлау учаскесінде балалар үшін шағын қуыршақ театрының қойылымы ұйымдастырылды. Балалардың сүйікті кейіпкерлері бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақтар қатысқан бұл ерекше мәдени бағдарлама учаске жұмысына жағымды реңк беріп, келушілер үшін қызықты әрі мерекелік атмосфера қалыптастырды. Кейіпкерлер кішкентай қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, олармен естелікке суретке түсті. Мұндай жылы кездесу балалардың көңіл күйін көтеріп, нағыз мерекелік сезім сыйлады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай шаралар сайлау учаскесінде мерекелік атмосфера қалыптастырып, баламен келген ата-аналар үшін маңызды қоғамдық шараға қатысуды әлдеқайда қолайлы етеді. Отбасымен келген көптеген сайлаушы бұл бастаманы оң бағалап, балалардың қойылымды қызыға тамашалап, уақытты көңілді өткізгенін атап өтті.

Ұлы Отан соғысының 102 жастағы ардагері Солтанбай Жарықбасов үшін құрметті жасы референдумға қатысуға кедергі бола алмады. Ардагердің айтуынша, ел үшін маңызды осындай жауапты күні ол ешқашан сырт қалуды ойламаған. Солтанбай Жарықбасов белсенді өмір салтын ұстанады, ең бастысы — өз принциптерінен айнымайды. 187-ші дауыс беру учаскесіне ақсақал 15 жастағы шөбересі Дамирмен бірге келіп, өз таңдауын жасауға ниет білдірді.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК 

Тегтер: референдум
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз