Live

Демография дабылы: Халық санының өсімі неге баяулады?

Қазақстанда халық саны өсіп жатқанымен, туу көрсеткішінің бәсеңдеуі демографиялық саясаттың тиімділігіне қатысты сауалдарды алға шығарды.

Демография

Оның астарында жас отбасылардың әлеуметтік жағдайы, баспана мәселесі, тұрақты табысқа деген қажеттілік пен болашаққа қатысты шешім мәселесі жатыр. Бүгін байқалған туу көрсеткішінің төмендеуі алдағы онжылдықтарда елдің демографиялық ахуалына, еңбек ресурстарына және әлеуметтік жүйеге әсер етуі мүмкін.

Осы тұста "Туу көрсеткішінің төмендеуіне қандай факторлар әсер етіп отыр? Жас отбасылардың бала санына қатысты шешіміне әлеуметтік жағдай қаншалықты ықпал етеді? Ал мемлекет төлеп отырған жәрдемақы баланы өсіріп, тәрбиелеуге кететін шығынды өтеуге және отбасыларды бала сүюге ынталандыруға жеткілікті ме?" деген сауалды дөңгелек үстелге қатысқан "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының президенті Гүлмира ИЛЕУОВА, демограф Бәтжан АҚМОЛДИНА, PhD демограф, қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Сәуле ДЮСУПОВАҒА қойдық.

– Қазақстанда соңғы жылдары туу көрсеткіші төмендеп барады. Мұны тек әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен түсіндіруге бола ма? Өйткені бұрын да халықтың тұрмысы мінсіз болған жоқ, соған қарамастан, әсіресе қазақ отбасыларында бала саны көп еді. Бүгінде отбасының бала санына қатысты ұстанымы өзгерді ме, әлде қазіргі демографиялық жағдайға әсер ететін басқа да маңызды факторлар бар ма?

Гүлмира ИЛЕУОВА
Фото ашық дереккөз/Гүлмира ИЛЕУОВА

Г.Илеуова: Мұнда екі маңызды факторға назар аудару керек. Біріншісі – қоғамдық санаға қатысты субъективті фактор, екіншісі – елдегі урбанизация үдерісімен байланысты объективті жағдай. Қоғамда демографиялық өсім үнемі жалғаса беруге тиіс деген түсінік қалыптасқан. Мен мұны белгілі бір дәрежеде баланың арманындай нәрсеге ұқсатамын: халық саны тұрақты өсіп, тұрмыс жыл сайын жақсаруы керек деп есептейміз. Ал өсім баяуласа, оны бірден теріс құбылыс ретінде қабылдаймыз. Шын мәнінде, демографиялық үдеріс өптеген факторға тәуелді және халық санының өсуі өздігінен жүретін автоматты процесс емес.

Маңызды факторлардың бірі – урбанизация, яғни халықтың қалаға шоғырлануы. Қала өмірі адамның бала тууға, оны тәрбиелеуге және білім беруге деген көзқарасын өзгертеді. Тұрғын үйдің көлемі, отбасының табысы, балалардың болашағына қатысты шығындар шешуші мәнге ие болады. Сонымен қатар әйелдердің білім деңгейі мен еңбек нарығына қатысуы да бала санына ықпал етеді. Ғылыми-зерттеулер әйелдердің білім деңгейі мен қоғамдық еңбекке араласуы артқан сайын отбасындағы бала санының азаю үрдісі байқалатынын көрсетеді. Қазақстанда да бұл факторлардың маңызы зор.

Екінші мәселе – демографиялық үдерістерді жоспарлау мен мемлекеттік әлеуметтік саясаттың өзара байланысы әлсіз. Бізде туу көрсеткіштері мен экономикалық жоспарлау көбіне бір-бірінен бөлек қарастырылады. Ал шын мәнінде, олар өзара тығыз байланысты болуы керек.

Мысалы, қазір бала туу жасындағы әйелдер санының салыстырмалы түрде аз болуы 1990 жылдардың ортасындағы демографиялық дағдарыспен байланысты. Алдағы уақытта 2000 жылдардың ортасында дүниеге келген үлкен буын репродуктивті жасқа толған сайын жағдай өзгеруі мүмкін. Мұндай демографиялық толқын алдын ала ескерілмесе, бір кезеңде балабақша мен мектеп жетіспеушілігі туындаса, кейін мұғалімдерге деген сұраныс артуы ықтимал.

С.Дюсупова: Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендеуін бала туу жасындағы әйелдер санының азаюымен ғана байланыстыруға болмайды. Қазір елімізде бала туу жасындағы әйелдер саны 4,79 миллионға жетіп, кемінде 2009 жылдан бергі ең жоғары деңгейде тұр. Алайда мұнда жас ерекшелігіне байланысты бір маңызды жайт бар. 1990-жылдардағы демографиялық дағдарыс кезінде дүниеге келген буын қазір бала туу көрсеткіші жоғары болатын 20-29 жас аралығына келді. Сондықтан бұл жастағы әйелдердің саны бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда аз болуы туу көрсеткішіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен басты себеп әйелдер санының аздығында емес, отбасылардың бала сүюді кейінге қалдыруында болып отыр. Туу көрсеткішінің төмендеуі әсіресе 20-29 жастағы әйелдер арасында байқалады. Бұған баспана бағасының қымбаттығы, инфляция, несие жүктемесі сияқты әлеуметтік-экономикалық қиындықтар да ықпал етеді. Меніңше, негізгі фактор – адамдардың бала тууға қатысты шешімдерінің өзгеруі, яғни баланы бұрынғыдан кешірек жоспарлауы. Ал экономикалық қиындықтар бұл үрдісті одан әрі күшейтіп жіберді.

Б.Ақмолдина: Туу көрсеткішінің абсолютті түрде төмендеуі бір жағынан тууға қабілетті аналар санының азаюымен де байланысты. Дерекке сүйенсек, 1999 жылы туу көрсеткіші аз болды. Қазір нағыз белсенді туу жасындағы жастар саны осыдан 5-10 жыл бұрынғыдан төмен. Ол – бір.

Екіншіден, 1980-1985 жылдары өмірге келген "бэби-бум" жастары өмірге ұрпақ әкелу жасынан асып барады. Туатын аналар саны азайған соң баланың да саны кеміді.

Үшіншіден, некеге тұру жасы ұлғайып барады. Соңғы бес жылда бұған бір жарым, екі жастай қосылды. Салдарынан жастар отбасын кеш құрып, баланы да кеш өмірге әкелуде.

Төртіншіден, жалпы өңірлерге қарағанда бала саны көп оңтүстік өңірлер болсын, аз туатын солтүстік аймақтар болсын, оларда жиынтық туу коэффициенті, яғни бір анаға келетін бала саны төмендеді. Оған экономикалық фактор, қала халқы санының өсуі әсер етуі мүмкін. Себебі қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда бала санын шектейді.  

Демографиялық есепте 2021 жылы ең жоғары туу көрсеткіші тіркелгенін айттық. 1980 жылғылар соңғы баласын туып, бұл толқын бәсеңдейді, 1990 жылдары туу коэффициентінің төмендеуіне байланысты туатын әйелдердің саны азаяды дегенбіз. Алайда 1999 жылдан 2016 жылға дейін туу саны жылдан-жылға өсіп отырды. Қазақстан демографиясы 2016 жылы ең жоғары көрсеткіш бермесе де, бұрынғы деңгейге жеткен еді. Бірақ туатын жастардың саны алдағы жылдары көбейіп, келесі онжылдықта өсім болады деп күтеміз.  

– Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның демографиялық өсіміне қатысты болжамдар әлдеқайда оптимистік болды. Алайда кейінгі статистика туу көрсеткішінің бәсеңдегенін көрсетті. Бұрынғы болжамдар неліктен толық орындалмады? Есептеулерде қандай факторлар ескерілмеді? Қазіргі үрдіс уақытша құбылыс па, әлде ұзақ мерзімді демографиялық құлдыраудың белгісі ме?

Г.Илеуова: Мемлекеттік әлеуметтік саясат демографиялық өзгерістер мен жаңа талаптарға дер кезінде бейімделуі қажет. Өкінішке қарай, қоғамда бұл мәселеге қатысты кейде негізсіз тұжырымдар мен орындалуы қиын күтулер қалыптасады. Оған берілетін жауап та әрдайым сапалы бола бермейді.

Сондықтан демографиялық саясатты эмоцияға емес, ғылыми талдауға негіздеу маңызды. Халық саны неге өседі немесе кемиді, оған қандай факторлар әсер етеді, мемлекет қандай шараларды қай кезде қабылдауы керек, осының бәрі нақты зерттеулер мен ұзақ мерзімді жоспарлауға сүйеніп шешілуі тиіс. Демографиялық мектеп пен ғылыми-зерттеу әлеуеті бар ел ретінде Қазақстанға да осындай жүйелі ұстаным қажет.

С.Дюсупова: Бұған дейінгі демографиялық болжамдар көбіне 2021 жылғы туу көрсеткішінің шарықтау шегіне сүйенді. Алайда сол кездегі өсімді ұзақ мерзімді үрдіс деп қабылдау қате болды. Туудың жиынтық коэффициенті 2021 жылы 3,32 болса, 2022 жылы 3,06-ға, ал 2025 жылы 2,57-ге дейін төмендеді. 2021 жылғы өсім пандемиядан кейінгі уақытша өтемдік құбылыс болуы мүмкін еді. Мысалы, БҰҰ болжамы бойынша, Қазақстанда туудың жиынтық коэффициенті 2050 жылға қарай 2,42-ге дейін төмендеуі мүмкін. Қазіргі қарқын сақталса, бұл көрсеткішке әлдеқайда ертерек жетуіміз ықтимал. Меніңше, мұны уақытша ауытқу деп қарастыруға болмайды. Бұл – демографиялық өтпелі кезеңге тән заңды процесс. Қазақстан мұның үшінші кезеңінен келесі кезеңіне біртіндеп өтіп келеді. Сондықтан демографиялық өзгерістерді бағалағанда қысқа мерзімді көрсеткіштерге ғана емес, ұзақ мерзімді үрдістерге де назар аудару қажет.

Бәтжан АҚМОЛДИНА
Фото ашық дереккөз/Бәтжан АҚМОЛДИНА

Б.Ақмолдина: Әрбір болжамның өз сценарий болады. Егер сценарий бойынша объективті дүниелер есептелсе, болжам да дұрыс болуы тиіс. Бірақ демографиялық өсу тек тууға ғана емес, бұл өлім-жітімге, миграцияға да байланысты. Көші-қонды болжау өте қиын. Себебі тез өзгеретін факторларға сүйенгендіктен, оны толыққанды долбарлау оңай емес. Сондықтан миграциясы белсенді аймақтардың демографиялық көрсеткішін есептеу қиын. 2022 жылдан бергі Ресей мен Украина арасындағы соғыстың өзі миграцияға оң әсерін тигізді. Біріншіден, кету саны бәсеңдеп, екіншіден миграциялық сальдо болды. Осыған орай, миграцияға қатысты бұрын айтылған болжам орындалмауы мүмкін. Бізде оңтүстікте көп, солтүстікте аз бала туады десек, халық орталыққа әртүрлі себеппен көшеді. Миграциялық өсімі жоғары үш қалаға қарай ұмтылыс болады. Еңбек нарығында жұмыс күшінің өсуі байқалмайды. Солтүстікте миграциялық толқын болғандықтан, еңбек нарығына кері әсерін тигізеді. Алайда мемлекеттің қолға алған "Оңтүстіктен – солтүстікке", "Серпін" бағдарламасынан күтілетін нәтиже көп дей алмаймын. Яғни туудың төмендеуі және миграция салдарынан халық саны азая беруі мүмкін. Бұл еңбек нарығына, тұтынушылық сұраныс пен кәсіпкерлік белсенділікке зиянын тигізуі ықтимал. 

–Көрші Өзбекстанда халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жарияланған болжамдардың бірінде 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы әрбір екінші тұрғын өзбекстандық болуы мүмкін екені айтылды. Бұл туралы пікірлеріңіз қандай?

Г.Илеуова: Өзбекстандағы туу көрсеткішінің жоғары болуын тек дәстүрмен түсіндіруге болмайды. Өзбекстанның демографиялық үдерістерін арнайы зерттемеймін, бірақ ондағы жағдайды бақылап отыруға тырысамын. Бұған дейін олар жас тұрғындарының көптігін мақтан тұтатын. Алайда уақыт өте келе бұл оптимизм бәсеңдеді. Өйткені экономикалық және әлеуметтік жүйе жастардың осыншама көп болуына дайын болмай шықты. Жұмыспен қамтуда үлкен мәселелер туындап, соның салдарынан мәжбүрлі еңбек көші-қоны күшейді. Жастардың жоғары білім алу мүмкіндігі де шектеулі болды.

Бірнеше жыл бұрын Ташкентке барғанымда, елдегі жоғары оқу орындарында небәрі 60 мың орын бар екенін, жекеменшік университеттердің де аз болғанын айтқан еді. Ол кезде 9-сыныптан кейін оқушылардың барлығы колледждерге кетіп, олардың кейбірі ғана кейін университетке түсе алатын жүйе болған. Жоғары білім алуға деген бәсекенің қаншалықты күшті болғанын елестетіп көріңіз. Мемлекет білім алу жолдарын осылайша жасанды түрде шектеді. Мұны белгілі бір дәрежеде теңсіздікке әкелген жүйе деуге болады. Оның салдарынан колледждерде оқытушылар жетіспеушілігі, білім сапасының төмендігі сияқты мәселелер туындады. Бұл жерде тағы бір маңызды жайтқа назар аударғым келеді. Осындай жағдайда қыздардың жоғары оқу орындарына түсу белсенділігі де төмен болған. Олардың бір бөлігі үшін отбасын құрып, бала сүю анағұрлым қолжетімді жолға айналды. Демек, жоғарыда айтқан әйелдердің білім деңгейі мен бала туу көрсеткіші арасындағы байланыс Өзбекстанда осындай сипатта көрініс табуы мүмкін.

Қазір елде жағдайды өзгертуге күш салып жатқанын байқаймын. Менің түсінуімше, магистратураға түсетін қыздарға белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған, шет тілін меңгеру талаптары бойынша да қолдау тетіктері бар. Сонымен қатар шетелдік университеттердің филиалдары көптеп ашылып жатыр. Мұның бәрі әйелдердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, демографиялық мінез-құлыққа да ықпал етуі ықтимал. Оның нәтижесі алдағы уақытта байқалуы мүмкін.

Сондықтан Өзбекстандағы туу көрсеткішінің жоғары болуын бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес. Өзбектер арасында көпбалалы болу дәстүрі қалыптасқанын жоққа шығармаймын. Қазақстандағы өзбек этносының өкілдері арасында да туу көрсеткіші қазақтарға қарағанда жоғары. Бірақ демографияны тек дәстүрмен байланыстыру жеткіліксіз. Оған білім деңгейі, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуы, экономикалық мүмкіндік пен әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Қазіргі әлемде халық саны ғана емес, оның сапасы да маңызды. Адамдардың денсаулығы, білім деңгейі, мәдени дамуы – мұның бәрі елдің болашағын айқындайтын көрсеткіштер. Қазақстанда адами капиталға инвестиция салуға едәуір көңіл бөлінеді. Бірқатар көрсеткіш бойынша еліміздің бұл бағыттағы мүмкіндіктері көптеген мемлекеттерден жоғары. Қоғамдағы сын-пікірлерге қарамастан, осы жетістіктерді де мойындауымыз керек.

Сәуле ДЮСУПОВА
Фото ашық дереккөз/Сәуле ДЮСУПОВА

 

С.Дюсупова: Әрине, екі елдің демографиялық дамуында айтарлықтай айырмашылық бар. БҰҰ-ның орташа болжамы бойынша, 2100 жылға қарай Өзбекстан халқы шамамен 74,4 миллионға, ал Қазақстан халқы 33,7 миллионға жетуі мүмкін. Бұл Орталық Азиядағы әрбір екінші тұрғын Өзбекстан азаматы болады деген болжамға негіз болды. Тіпті 2026 жылдың соңына қарай Өзбекстан халқының саны Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұрғындарының жалпы санынан да асып түсуі ықтимал. Дегенмен бұл болжамдарда Қазақстандағы туу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болады деген жорамал бар. Сондықтан болашақта екі ел арасындағы демографиялық алшақтық бұдан да ұлғаюы мүмкін. Мұның экономикалық салдары да бар. Қазақстанда еңбек ресурстарының өсімі баяулауы ықтимал, ал еңбек көші-қоны аймақтағы экономикалық және әлеуметтік ықпалға әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналады.

Б.Ақмолдина: Жалпы, Өзбекстанда да туудың жиынтық коэффициенті төмендеп барады. Алайда бала туу жасындағы әйелдер саны көп болғандықтан, дүниеге келетін сәбилер саны да жоғары. Қазақстанмен салыстырғанда, Өзбекстанда туу көрсеткіші бұрыннан жоғары, көпбалалы отбасылар да жиі кездеседі. Дегенмен қазір бұл елде де халық өсімінің қарқыны бәсеңдеді.

– Қазақстанда бала туу мен бала күтіміне берілетін жәрдемақылардың мөлшері мен төлеу тәртібіне қатысты өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жүр. Көпшілік мұны әлеуметтік қолдаудың қысқаруы ретінде қабылдайды. Сіздіңше, қолданыстағы төлемдер отбасының балаға жұмсайтын шығынын өтеуге және бала тууға ынталандыруға жеткілікті ме? Мемлекеттік қолдаудың өзгеруі мен туу көрсеткішінің төмендеуі арасында байланыс бар ма?

Г.Илеуова:  Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге, соның ішінде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты айтарым: мемлекет жаңа әлеуметтік саясаттың мәнін халыққа түсінікті әрі сапалы жеткізе алмады. Бұл – үлкен коммуникациялық қателік. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз ұстанымын түсіндіруге тырысып жатыр. Алайда қоғамда ұсынылған шараларға қатысты теріс көзқарас қалыптасып үлгерді. Оның өзі қабылданған шешімдердің мәніне әрдайым сай келе бермеуі мүмкін.

Әрине, бұл өзгерістер кейбір отбасылардың бала туу жоспарына әсер етуі ықтимал. Бірақ оны жаппай үрдіске айналады деп ойламаймын. Демографтардың айтуынша, Қазақстанда бірінші баладан кейін екінші немесе үшінші баланы дүниеге әкелу аралығында үзіліс бар. Сондықтан кейбір ата-ана екінші немесе үшінші баланы жоспарлаған уақытын кейінге шегеруі мүмкін.

Дегенмен Қазақстанда бұрын берілген жәрдемақылардың өзі жеткілікті болған жоқ. Сондықтан ата-аналар бала туу туралы шешімді тек мемлекеттік төлемдерге қарап қабылдайды деу қиын. Әлемдік тәжірибе, соның ішінде Оңтүстік Корея мен Ресейдің мысалы, туу көрсеткішін ынталандыруға арналған мемлекеттік шаралардың ықпалы шектеулі екенін көрсетеді. Ал нәтиже болған күннің өзінде, ол ұзақ уақыттан кейін байқалуы мүмкін.

Б.Ақмолдина: Бұл жердегі негізгі өзгерістер тек бай санаттағыларға қатысты. Яғни А мен Б санатының санына енетін отбасы 500 мыңдай ғана. Бұған қарағанда, 20 млн халықтың ішінен шыққан бай санаттағылар көп деуге болмас. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар да аз. Екіншіден, бұл өзгерістерді енгізер алдында бәрін ескерді деп санаймын. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру және медициналық сақтандыру бар. Бізде жұмыс істейтін аналар босанған кезде жәрдемақы емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан декреттік төлем алады. Дегенмен қолданыстағы төлемдер отбасының шығынын өтемейді. Аналар алып отырған 20 мың теңге жәрдемақы баланың жөргегі мен тамағынан аспайды. Оның үстіне қазір әр ата-ана баласының біліміне инвестиция құюға тырысады. Сондықтан жәрдемақы қажеттіліктің 10 пайызын ғана жапса, қалған 90 пайызын әр ата-ана тырмысып табады.     

–  Егер туу көрсеткішінің төмендеуі жалғаса берсе, алдағы 10-20 жылда Қазақстан қандай демографиялық және әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін? Бұл процесті бәсеңдету үшін мемлекет ең алдымен қай бағытқа басымдық беруі керек: жәрдемақыны көбейтуге, жас отбасыларды баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтуға ма, әлде бала тәрбиесі мен еңбек қызметін қатар алып жүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ма?

Г.Илеуова: Демографиялық болжамдар бойынша маман-демографтарға жүгінген дұрыс. Өйткені нақты қорытынды жасау үшін ауқымды деректер қажет. Дегенмен әйелдердің білім деңгейінің жоғарылауы, жұмыспен қамтылуы және урбанизация үдерісі туу көрсеткішіне әсер ететіні анық. Қазақстанда әсіресе қазақтардың қалаға көшуі белсенді жүріп жатыр. Ауыл халқының саны азаюда, кей жағдайда адамдар тұрмысқа қолайлы жағдай болмағандықтан көшуге мәжбүр. Мұның бәрі бала туу көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан да басқа дамыған елдерге тән демографиялық үрдістерді бастан өткеріп, заманауи ұлт ретінде қалыптасып келеді.

С.Дюсупова: Алдағы уақытта халықтың қартаюы, еңбекке қабілетті тұрғындар мен зейнеткерлер арақатынасының өзгеруі өзекті мәселеге айналуы мүмкін. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай әлеуетті қолдау коэффициенті 3,4-ке дейін төмендейді. Бұл зейнетақы мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты арттырып, ұзақ мерзімде еңбек нарығында кадр тапшылығына әкелуі ықтимал. Сондықтан ең алдымен жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге және тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беру қажет.

Б.Ақмолдина: Жалпы, бұл мәселе бойынша өңірлік жағдайды қарау керек. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар баланы өсіруге, жетілдіруге мүмкіндік беретіні анық. Меніңше, үкімет қолдау көрсетуді тоқтатпау керек. Бізде ажырасудың өзі алғашқы он жылда болады. Сондықтан жас отбасына баспана алуға жеңілдік жасап, бала санына қарай жәрдемақы төлеуді үзбеу қажет. Дегенмен демографияда саясат арқылы тууды қолдау уақытша ғана әсер береді. Қазір жастар отбасын құруға асықпаған соң тұңғыш баланы туу жасы ұлғаюы мүмкін, ал екінші, үшінші сәбиді өмірге әкелерде әлеуметтік көмекке сүйеніп жатады. Бірақ одан туу көрсеткіші өсіп кетеді деуге болмайды. Ал төртінші баланы көбіне тұрмысын жақсартып алған соң жоспарлайды. Бұл аймақтық ерекшеліктерге, менталитетке байланысты. Қалай десек те, әлеуметтік саясат әрқашан жүргізілуі керек. 2021 жылы өмірге келген балалар қазір мектепке барып жатыр. Әсіресе ірі қалаларда балабақша, мектеппен қамту қиындап барады. Сосын қайта бәсеңдейді, себебі туу көрсеткіші төмен. Сол себепті де үкімет әлеуметтік көмекті үзбеуі керек.

Дайындаған Динара Мыңжасарқызы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз