Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:38, 02 Сәуір 2024

Демографиялық саясат: халық саны өскенмен, туу көрсеткіші төмен

и
Фото:

Биыл Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты. Халық саны көбейді, демографиялық саясатта өсу бар. Алайда сала мамандары демографиялық дағдарысқа бейім екенімізді ұмытпау керектігін алға тартып отыр.

Дерек пен дəйек

Жалпы, демографиялық өсімге қатысты деректерге жүгінсек, біздің ұлтымызда 50 жылдардың соңы мен 60 жылдардың басында қатты өсім болыпты. Осы жылдары 1000 қазақ əйеліне шаққанда 225 баладан келген. Ал тоқсаныншы жылдары демографиялық өсім бірден төмендеп, бұл көрсеткіш 1000 қазақ əйеліне 130-ға, 1998 жылы 82 балаға келген. Қазір бала санын шектеуге байланысты осы 1998 жылғы көрсеткіш əлі сақталып тұрған көрінеді. Сала мамандары бұған қатысты «халық санында өсім бар болғанымен, туу көрсеткіші аз» деседі.
Əлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, біздің халықтың демографиялық саясаты əу бастан дағдарысқа бейім. Мысалы, кезінде бүкілодақтық санақтың соңғы деректері бойынша 1990 жылы тəжіктер – 45 пайызға; қарақалпақтар – 39 пайызға; өзбектер – 34 пайызға; түрікмендер – 30 пайызға; қырғыздар – 32 пайызға өскенде, біздің қазақтар 24 пайызға ғана өскен екен. Қазақтың басынан небір нəубет жылдардың өтуі де халық санының өсуіне ерекше ықпал еткенін айтқан мамандар енді халықты өсірудің, демографиялық саясатты нықтаудың заманауи жолдарын қарастыру керектігін айтады.

Бала капиталы қазаққа жат па?!

Бұл ретте мамандар дамыған жəне дамушы елдердің демографиялық саясатына қатысты ұстанып отырған тəжірибелерінен үлгі алуымыз керектігін айтып отыр. Мəселен, біз жиі мысал ететін Норвегия, Нидерланды, Жапония елдерінде «Бала капиталы», «Ана капиталы» бар. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдің өзі бірнеше жылдан бері «Ана капиталын» ұстанып келеді. Бұл елдерде бала туғанда берілетін бірреттік жəрдемақының көлемі де қомақты. Сондай-ақ аталмыш елдерде бала туғанда берілетін бір реттік төлемді əйелдер мемлекеттік сақтандыру қорларынан бір алса, кəсіптік сақтандыру қорлары мен ерікті сақтандыру қорларынан тағы бір төлем алатын көрінеді. Осылайша, өзге елдерде əйелдер үш бірдей сақтандыру қорынан декреттік төлем алып, үш жыл бойы бала күтімімен алаңсыз айналысады.

«Барометр» талдау жəне сараптау орталығының маманы, экономистсарапшы Дəурен Арын былай дейді:

«Біздің мемлекетімізде əйелдерге бөлінетін жəрдемақы көлемі артты. Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жəрдемақы сəби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Міндетті əлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін əйелдерге: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе
21 266 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 143 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982 теңге; төртінші жəне одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 32 859 теңге төленеді. Бұл жұмыс істемейтін əйелдерге төленетін жəрдемақы. Ал жұмыс істеген əйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы əлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Біз нақ қазір үкіметке осы жұмыс істемейтін əйелдерге қатысты ұсыныстар айтып жатырмыз. Жұмыс істемейтін əйелдердің жəрдемақысын көбейткен абзал. Келешекте бала дүниеге келе салысымен ол нəрестенің есепшотына үймен, жермен қамтамасыз ететіндей сома аударатын Жапон, Нидерланды елінің «Бала капиталы» бағдарламасын енгізе алсақ қандай жақсы болар еді».

Ұлттық қор балаларға не береді?

Сондай-ақ маман биылдан бастап қолданысқа енген Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аудару бастамасы оңды шешім болғанын айтады. Бұл – ана мен балаға сəл де болса демеу. Үкіметтің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық.

«Бұл бастама келер ұрпақ үшін оңды болды. Ұрпақтың қамын ойлайтын осындай ұтымды бағдарламалар көп болуы керек. Рас, əзірге Ұлттық қордан балалардың есепшотына жылына 100 доллар аудару қомақты сома емес болар. Бірақ бізде алға жылжу бар. Бастысы, əрекет жасалды. Инвестиция ұтымды жұмыс істесе, одан кіріс те мол болады. Мəселен, елімізде жылына 400 мың нəресте өмір есігін ашады делік, осы есеппен қарастырсақ, 18 жасқа дейінгі балалар саны шамамен 6,5 млн болуы керек. Демек, бұл да халық санының өсуіне ықпал ететін бастама», –дейді маман.

Жалпы, бұған қатысты деректерге көз жүгіртсек, өзінің сақтап отырған қорынан түскен инвестициялық табысты жаңа туған балалардың есепшотына аудару АҚШ-та, Германияда, Сингапурда əу бастан тəжірибеде бар.

Қандастарды елге тарту мəселесі де өзекті

Ал əлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның пайымдауынша, қандастарды, шетте жүрген қазақтарды елге тартудың да демографияға қосар үлесі зор.

Бұл ретте маман алыс-жақын шетелде жүрген, араларында тегі аралас (метис) қазақтардың жалпы саны 6 миллиондай екенін айтады. Маманның айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын сол оралмандардың есебінен бала туу өсімі Тарбағатайда 40 пайыз, Алтайда 70 пайыз, Іле Алатауында 65 пайыз көрсеткішті қамтыған. Ал қазір бұл көрсеткіш Тарбағатайда 10 пайыз, Алтайда 10 пайыз, Іле Алатауында 15 пайызды көрсетеді.
Сондықтан нақ қазір біз үшін қандастарды елге қайтару мəселесі де өзекті болуы керек екенін айтады маман.

Сондай-ақ мамандар демографиялық саясатты көтеруде медициналық модернизацияның рөлі ерекше екенін де айтты. Елде ана мен бала өлімін азайту, медициналық қызметті жетілдіру, «Дені сау ұлт» жобасы бойынша халықтың денсаулығын нықтаудың өзекті екені даусыз. Өз кезегінде бұл ретте тиісті ведомстволар да жаңашылдықтарды ұсынып жатыр. Енді негізгісі, сол реформалардың игілігін халық көруі керек. Əсіресе бала туу жасындағы əйелдерге, нəрестені өмірге əкеліп отырған аналарға сапалы медициналық қызмет көрсетілгені абзал.

Соңғы 5 жылдың ішінде елде бала туудың өсуі байқалды. Қазір елде жыл сайын 412 мың нəресте дүниеге келеді екен. Бүгінгі ұрпақ, келер келешек екенін ескерсек, ол ұрпақтың дені сау, қуатты болып өсуі де маңызды. Ендеше, демографиялық саясатта медициналық қызметтің де сапалы болуы орынды.

Қарлығаш САЙЛАУОВА 

Фото: Pixabay