Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 13 Маусым 2025

Депозит нарығында қалай ұтамыз?!

Депозит
Фото: obk.kz

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың депозитте сақтап отырған жинағы 24 трлн теңгеден асатынын, оның 18 трлн-ы ұлттық валютада жинақталғанын, халықтың доллардан гөрі теңгеге сенімі артқанын айтып мақтанып жүрген.

Артынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры биыл наурыз айынан бастап теңгемен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қоймайтынын жариялады. Cөйтіп, биыл депозиттер нарығы одан әрі дамиды, қарапайым халық қай банк көп сыйақы ұсынса, соның тұтынушысы атанады, теңгемен сақталатын депозиттер көбейеді деп жүргенімізге үш ай болды. Теңгемен жинақталған депозиттердің сыйақысын күрт көтеріп, тұтынушы жинап белсеніп жатқан ешбір екінші деңгейлі банк жоқ. 

Біздегі коммерциялық банктер бас банктің көп ұсыныстарын құлаққа іле бермейді. Бұл жолы да сол әдетіне басқан сыңайлы. Мәселен, наурыз айында несиелердің үстемеақысы өскенмен, депозиттердің сыйақысы өскен жоқ. Заңды тұлғаларға (яғни компаниялар мен ұйымдарға) арналған теңгелік депозиттердің орташа мөлшерлемесі бұған дейін де 15 пайыз болған, әлі де сол 15 пайыздың айналасында тұр. Жеке тұлғалар үшін де депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 14,3–14,5 пайыз мөлшерінде сақталып тұр. Ал наурыз айынан бері жеке тұлғаларға берілетін несиенің орташа мөлшерлемесі 20,5 пайыздан 21,4 пайызға дейін өсті. Компанияларға берілетін кредиттің пайызы – 18,3 пайыздан 19 пайызға жоғарылады.

Айтпақшы, кезінде несие пайызы мен депозиттердің сыйақы пайызын теңестіру жөніндегі ұсыныстар болған. Алайда банк өкілдері мұндай тәсіл қаржы ұйымдарын банкротқа ұшырататынын айтып шырылдады.

Салалық мамандар қазір қазақстандықтар абай болмаса, кейбір банктердегі халықтың депозит жинақтары «күйіп» кетуі де мүмкін деп жүр. Себебі екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне дәстүрлі депозиттерден тыс жинақ құралдарын ұсына бастаған. Банктер ұсынған бұл депозиттердің бәрін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) кепілдендірмейді. Банк мамандары оны тұтынушыларға ашып айтпастан, түсіндірместен ұсына береді. Егер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тосыннан қайсыбір банктің лицензиясын қайтарып алса, тұтынушының ондай құрылымдарға салған қаражаты қайтарылмауы мүмкін.

Банк секторының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, банкке барған клиент міндетті түрде бірдеңені біліп баруы керек. Депозиттерге Қазақстанның кепілдік беру қоры кепілдік бере ме, жоқ па, алдымен осыны білу қажет.

«Қазір әлемдік экономикада құбылмалы жағдайлар болып жатыр. Мұндай аумалы-төкпелі заманда басты қауіпке тікпеген абзал. Егер әлдеқандай банк күйресе, ал оның активтері тұтынушының ақшасын қайтаруға жетпесе, онда жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің өтеп беруге қажетті қаражаты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру (ҚДКҚ) қорынан алынады. Білесіздер, бүгінде банктер «депозиттік сертификат», «металл шоты» және басқа да қызықты өнімдерді кеңінен жарнамалап жатыр. Бұл өнімдер бойынша салымшының табысы жоғары болуы мүмкін. Алайда мұндай өнімдердің барлығы мемлекеттік кепілдендіруге жатпайды. Егер банктің қаржылық ахуалы төмендеп, банкрот болса, салымшының жинағы түгел күйіп кетеді. Мұндайда банктер «өз обалыңыз өзіңізге» деп отыра береді. Сондықтан әрбір депозит ашқан кезде мемлекеттің кепілдігі бар ма, әлдеқандай жағдай болса қор төлеп бере ала ма, осының барлығын сұрау керек. Оны банк қызметкерлері тұтынушыларға өздігінен айтпайды. Көбісі жасырын ұстайды».

Жанар Күнтуғанқызы, экономист: Бюджеттің ақшасын депозитке салып, өсім алып отырғандар бар

– Банктердің жұмысын бақылап отыруға тиіс екі ұйым болса, соның бірі – Қаржы нарығын реттеу агенттігі. Сол агенттіктің дерегінше, осы уақытқа дейін банктер халық пен бизнеске жалпы сомасы 35 трлн теңге қарыз беріпті. Сол аталған 35 триллионның 13,3 трлн теңгесі ғана бизнеске берілген. Жаңа кәсіп ашуға, өндірістерді дамытуға, зауыт-кәсіпорын салуға және басқа қымбат жобаларға там-тұмдап берген. 5 трлн тең­гесі – ірі биз­неске, 5,8 трлн теңгесі – шағын және орта бизнеске, 2,5 трлн теңгесі – жеке кә­сіпкерлерге тиесілі. Есесіне, 22 трлн теңгеге жуық қарызды банктер қарапайым халыққа несиеге берген. Бұл біздің банктерді қарапайым халыққа қарыз тарату, несиеге көлік беру, ипотекаға үй беру, оны өтей алмаса шотын бұғаттап, жалақысын қолына ұстатпай алып қалу ғана қызықтыратынын байқатады. Банктер халыққа тиімді депозит жинақтарын ұсынбайды. Мемлекет кепілдендіретін депозиттер жинағының сыйақысын өсірмейді. Бізде депозиттер нарығында бақылау өте төмен болып отыр. Мысалы, былтыр жыл аяғында Жоғары аудит палатасы Маңғыстау, Түркістан облыстарында квазимемлекеттік компаниялардың бюджеттің ақшасын депозитке салып, одан өсім алып отырғанын анықтады. Бұл ретте инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы және тұрғын үйлерді жаңғыртуға бөлінген бюджет ақшасы пайыздық кіріс алу үшін депозиттерге салынған. Егер бұл салада нақты бақылау болмаса мұндай жағдай болмас еді.

Кезіндегі алпауыт банктер ендігі жекелеп баюдың көзін әбден тапты. Ал жаңа банктер ол алпауыт банктерге бәрібір тең бола алмайды. Сондықтан жаңа банктерді нарыққа енгізу керек. Олардың нарыққа кіру шарттарын жеңілдету қажет. Банктерді лицензиялау жүйесін қайта жаңғыртып, банк ашқысы келетін отандық инвесторларға жеңілдіктер берген жөн. Осы тәсіл арқылы қаржы құйылмай кеуіп тұрған салаларды жаңғыртып, қарапайым халыққа пайдасы тимей жатқан депозиттер нарығын да пайдалы етіп, несиелеудің де пайызын төмендетіп, ипотеканы да елге қолжетімді етуге болады.

ҚДКҚ қандай депозиттерге кепілдік бермейді?!

Сала маманы осылай деген соң біз ҚДКҚ-ға хабарластық.

Расымен де жеке тұлғалардың металл шоттарына; банк ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттарға; депозиттік сертификаттарға; заңды тұлғалардың, компаниялардың және мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдардың депозиттеріне; ислам банктерінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарындағы депозиттерге ҚДКҚ кепілдік бермейді. Осы аталғандардың бәрі бойынша тәуекелді толығымен салымшының өзі арқалайды.

ҚДКҚ-ның ресми жауабына сүенсек егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса (олардың ішінде жинақ салымы да бар болса), банк лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшының әрбір салымы бойынша сақталуына кепілдік берілген шекті сомалар есепке алынып, жиынтық өтем есептеледі. Бірақ оның көлемі 20 млн теңгеден асырылмайды. Яғни салымшы бір емес, бірнеше банкте депозит ашқан болса, олар лицензиясынан айырылған жағдайда, әрқайсысынан 20 млн теңгеге дейін кепілді өтем ала алады деген сөз.

Егер салымшының ұлттық валютада және шетел валютасында ашылған депозиттерінің ішінде теңгелік жинақ салымы жоқ болса, онда бұл жағдайда салымшыға берілетін ең жоғары кепілді өтем – теңгелік баламада 15 млн теңгеден асырылмайды.

Сондықтан қолдағы ақшаны әрбір салымға сыйақысымен қоса есептегенде кепілдік сомасынан аспайтындай етіп бөліп салуға немесе тіпті әр түрлі банктерге орналастыруға болады. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша бөлек төленеді.

Сондай-ақ ҚДКҚ мынадай деректерді алға тартады. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың Жүйеге қатысушы банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 24,1 трлн теңгені құрайды. Бір жыл ішіндегі өсім 19,2%-ға тең. Мұның барлығы халықтың банк секторына, оның ішінде Қорға деген сенімінің жоғары екендігін білдіреді.

Оның үстіне, Қор 2024 жылы «Elim» маркетингтік және әлеуметтік зерттеу институтымен бірлесіп, қоғамда жинақ ақшаларға және депозиттерге деген көзқарасты және салымдарды қорғау туралы қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген болатын. Зерттеу нәтижесі бойынша «Қатысушылар қызығушылық танытуда және салымшылардың қаржылық қорғаушысы ретінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сенім білдіреді. Қор елдің қаржылық қауіпсіздігінің маңызды элементі ретінде қабылданады, және тіпті хабардарлығы төмен азаматтар арасында сенімнің жоғары екендігі байқалады. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді білдіреді», – деген тұжырым жасалған.

Бұдан басқа, ҚДКБҚ биыл – 2025 жылдың 01 наурызынан бастап, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің (мемлекеттік кіріс органында заңды тұлға емес, дара кәсіпкер ретінде тіркелген және өз атынан іс жүргізетін азаматтардың) Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне (бұдан әрі – Жүйе) қатысушы 19 банктегі (тізімін біздің сайттан көруіңзге болады) ТЕҢГЕЛІК депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді тоқтатқанын, енді оның орнына нарықта бәсекелестік негізде қалыптасқан, шынайы нарықтық мөлшерлемелерді ай сайын жариялап отыратындығын мәлімдеді. Бұл шекті мөлшерлеме кезінде (2008 жылы) банктердің халықты шектен тыс жоғары пайызбен қызықтырып, ақшаларын тартуға жол бермеу мақсатында енгізілген еді. Яғни, халықты алданып қалудан қорғау. Ал пайыздарын шектен тыс, негізсіз өсірген банктер Қорға төлейтін тұрақты жарнасына қоса көтеріңкі жарна төлеуге міндетті болды. Бұл олардың өктем саясат жүргізуіне жол бермеу.

Қазіргі уақытта банктер өздерінің депозиттік саясатын басшылыққа ала отырып, депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді нарықтағы жағдайды ескеріп, өз бетімен белгілейді. Бірақ соған қарамастан ешбір банк еркінсіп кете алмайды. Неге? Өйткені, егер банктің белгілеген мөлшерлемесі депозит нарығында – банктер арасында бәсекелестік негізінде қалыптасқан, шынайы нарықтық мөлшерлемеден асып кететін болса, Қорға төлейтін жарнасының көлемі де өсе түседі. Міне, осындай механизмдердің арқасында банктер депозит нарығында шектен тыс басқыншылық әрекеттерге бара алмайды.

Жалпы, Қазақстандағы банк секторының тізгінін «шағын топ» қана ұстап отыр. Құжат жүзінде елде 21 банк жұмыс істейді. Іс жүзінде небәрі 5 алпауыт банк сала активінің басым бөлігін уысында ұстап отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдегі 21 банк секторының 13-і шетелдік капиталдың қа­ты­суымен құрылған, 9-ы – шетелдік банктердің еліміздегі еншілес банкі. Биылғы жылдың басында елдегі банктердің активтері ел тарихында ешқашан болмаған 61,6 триллион теңгеге жетті. Бұл бүкіл ел бетіне қарап отырған мемлекет бюджетімен салыстырғанда бірнеше есе көп (биыл республикалық бюджет 25,8 трлн теңге болды). Жоғарыда айтқанымыздай, осы ұлан-ғайыр байлықтың басым бөлігін бес алпауыт банк иеленіп отыр. Олар: активін 18,2 трлн теңгеге жеткізген Halyk Bank, Kaspi Bank (7,8 трлн теңге) және «ЦентрКредит» (6,9 трлн). ForteBank (459,2 млрд, жалпы 4 трлн) Bank RBK (469,4 млрд, жалпы 2,4 трлн).

Тегтер: