Дильшат Рахматуллин: ЖИ аниматорлардың орнын баса алмайды
Бүгінде әлеуметтік желіні аша қалсаң, баланың назарын жаулаған әр алуан контент шыға келеді.
Анимациялық кейіпкерлер әлемін балалар жатқа соғады. Бірі – әлемді құтқарады, енді бірі – сиқыр жасайды, басқасы – қарапайым ойын арқылы миллиондаған баланың виртуал досына айналып үлгерген. Бірақ сол кейіпкерлердің арасында қазақ баласының болмысын, мінезін, арманын, дүниетанымын танытатын бейнелер сирек. Бүгінгі баланың қиялын ұштап, болмысын қалыптастыратын анимация өнерінің жайы қандай? Болашағы қалай болмақ? Біз осы тақырып турасында көптеген мультсериалдар жасаған анимация режиссері Дильшат Рахматуллинмен сұхбат құрдық.
– Әдетте фильмді қалай түсіретіні жайлы жиі айтылып та, жазылып та жатады, ал анимацияның жасалуы көпшілікке жұмбақ... Ең әуелі саланың азабы мен рахаты туралы сөз қозғасаңыз. Неліктен дәл осы анимация саласына бет бұрдыңыз?
– Иә, шынында анимацияның азабы мен рахаты жайлы жиі сөз бола бермейді. Тіпті кейде рахатынан гөрі, қиындығы басым сияқты көрінеді. Себебі анимацияның 1 секунды үшін 24 кадр салынады. Бұл дегенің – бір ғана секунд үшін 24 сурет салу керек деген сөз. Қарапайым 10 минуттық мультфильм үшін қанша сурет салынып, қандай үлкен жұмыстар жасалатынын әдетте көрермен білмеуі де мүмкін. Анимация дегенің, тек сурет салу емес қой, туындының сценарийін жазып, кейіпкерлер әлемін жүйелеу де оңай жұмыс емес. Технологияның дамуы анимация саласына да айтарлықтай ықпал етті. Суреттер компьютер арқылы салынатыны рас, дегенмен әр деталі режиссерлердің қолынан шығады. Анимация қолмен салынатын 2D және 3D, stop-motion деп үшке бөлінеді. Ең әуелі сценарийін жазып, кадрға бөлесің, кейіпкерлер өмір сүретін кеңістікті салып, дыбыстауға көшеміз. Анимация процесі басталған соң, кейіпкерлерді қозғалту не «жан бітіру» десек болатын шығар. Мұндай процестерді тек шын мамандар ғана жүзеге асыра алады, екінің бірі суретіне «жан бітіре» алмайды.
Кішкентай кезімнен сурет салуға икемім болатын. Әрине, суретті шебер салатын, сурет өнерін сүйетін жандар көп. Бірақ анимация саласы ең әуелі терең білім мен ізденісті қажет етеді. Әуелі суретші мамандығы бойынша төрт жыл колледжде оқып, тамамдап, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсуді жоспарладым. Кейін осы анимация саласы бойынша бес жыл академияда, екі жыл магистратурада оқыдым. Сөйтіп, бас-аяғы 11 жыл оқыған екенмін. Бала кезімнен сан түрлі суреттерді салып, әртүрлі кейіпкерлерді бейнелеп жүріп, ендігі сол суреттердің қозғалғанын қаладым. Менің статикалық жұмыстарым, суреттерім қимылдаса қандай керемет деген ой туды. Осы қызығушылықтың әсерінен өзімнің жолымды анимацияға бағыттадым. Содан бері 15 жыл бойы Balapan арнасына балаларға арналған контент жасап жүрміз.
– Байқасам, қолыңыздан шыққан қай туындының да бастауында ежелгі түркі әлемінің тарихы жатыр. «Бесік жыры», «Айдар» не «Тұңғыш көк түрік» анимациялық туындыларының қай-қайсысы да халық фольклорындағы кейіпкерлер жүйесіне құрылған екен. Осы жайлы сөз қозғайықшы…
– Анимация өнерінің өзі де бүгінгінің «ертегісі» саналады ғой, сондықтан біз де кез келген туындымызды қазақ фольклоры мен сондағы кейіпкерлерге сүйеніп жасағымыз келеді. Қазақтың халық ертегілері мен көне мифологиялық аңыздарды оқып, идея аламыз. Мәселен, «Бесік жыры» мультфильмінде қырқынан шықпаған сәби ауырып қалады. Анимациялық туындыда Ұмай ана, Бақсы сынды халық фольклорына тән кейіпкерлер бар. «Айдар» туындысында да әр кейіпкердің архетипі бар. Жерасты елінің билеушісі Ерліктің жер үстін жаулап аламын деген ниетпен басталған басқыншы күрестері кез келген дәуірде кездеседі. Ерлікке әр дәуірде әртүрлі батырлар қарсы шығып, басқыншылыққа қарсы күрескен деседі. Мультфильм сюжеті бойынша Ерлікке біздің бүгін сүріп жатқан заманда «сегіз қырлы, бір сырлы» Айдар қарсы шығады. Дегенмен Ерліктің жыл санап күші арта бермек. Ерлікке Айдарға дейін сегіз батыр қарсы шықса, осы заманда бұл міндет Айдарға жүктелген. Өзіне дейінгі батырлардың рухы Айдарға көмектесіп, қаруын береді. Дәл осы мультфильм халық арасында кең танылып, сан мыңдаған қаралым жинаған еді. Балалар «Айдар» арқылы көне түрік мифологиясына қызыға бастады. Сол секілді «Тұңғыш көк түрік» туындысы да қазақ аңыздарына сүйенген қызықты проект болды.
Қазақ әдебиеті – батырлар жырына, фольклорға, ертегілерге, тылсым кейіпкерлерге бай. Сол рухани байлықтан кейіпкерлер мен образдарды алып, бүгінгінің баласына лайықтап жеткізгіміз келеді. Қазіргі балаларды не қызықтырады, қандай ойлар мен образдар керек, осындай мәселелерді зерделеп, фильмнің жобасын құрастырамыз. Бүгінгі балдырғандарға көбіне-көп супер қаһармандар қызық делік. Мәселен, Алпамыс – дайын образ. «Суға түссе – батпайтын, отқа түссе – күймейтін» Алпамыстың тұлпары да ерекше сипатқа ие. Қазіргі тілмен айтқанда, оны «Флэш» дейді. Өте тез жүгіреді, 1 секундта 5 шақырымды артқа тастауы мүмкін. Осындай кескіндерді ойша құрастырып, идея пайда болады, идеядан кейін сценарий жазылады, сценарийден кейін персонаждың бейнесін саламыз. Батырларымыз қалай киінген, олардың түр-тұлғасы, дене тұрпаты, сауыт-саймандары қандай болған, бәрін өзіміздің мәдениетімізге лайықтаймыз. Сол кезде біздің кейіпкеріміз ешкімдікіне ұқсамайтын болады. Спайдермен, Супермен сияқты кейіпкерді алсақ, ондайдың мыңы бар, мың бірінші болу бізге қызық емес. Ал ұлттық өзектен шыққан образдарды өзге елдерге де жарқыратып көрсетуімізге болады әрі дәл осы образдармен баланы тәрбиелейміз, тілін ашамыз, танымын кеңейтеміз. Ал ұлттық өзектен ажырамаған баланың санасы терең, тәрбиесі берік болмақ.
– Әдетте бір толықметражды анимациялық фильм қанша уақытта дайын болып, экранға ұсынылады? Сонымен қатар бір жұмыс үшін қанша сурет салыну керек?
– Мәселен, Америкада бір толықметражды мультфильмге кемінде 3-4 жыл уақыт жұмсайды. Қаражат та, жобаға атсалысатын команда да ауқымды болады. Ал біздің елде кей мәселелерге келгенде жағдай сәл басқаша. Жалпы алғанда, толықметражды мультфильмді шамамен 1 жарым – 2 жылда жасап шығамыз. Бізден бөлек басқа да анимациялық студиялар ашылып, қазақ анимациясы жаңа туындылармен толығып жатыр. Бұйырса, жыл соңына дейін тағы бір толықметражды туындымыз жарыққа шығады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан тыс екі толықметражды анимациямыз Ұлттық киноны қолдау орталығында екінші жыл қатарынан жасалып жатыр. Солар да көп кешікпей жарыққа шығады деп күтіп отырмыз. Толықметражды анимацияны жасау үшін көлемді қаражат пен үлкен команда, уақыт керек. Бір туындының жарыққа шығуы үшін кемінде жетпіске жуық адам жұмыс істейді. Осы орайда тағы бір басты мәселе алға шығады. Кадрлық құрамның жетіспеушілігі. Анимациялық студиялар өсіп жатыр, алайда мамандар жұмыс үдерісіне үлгере алмай жатқандай. Біз бұл салада енді-енді даму жолына түссек те, ресейлік, еуропалық студияларындағы стандарттардан қалыспаймыз. Бірақ толықметражды фильмдерге келгенде, ол елдерде технология жағынан мүмкіндік көп.
Мұндағы ең үлкен мәселе – компьютерлік технология. 2D жағынан ешкімнен кем емеспіз. 2D, ол – қолмен салынатын кескіндер. Ал 3D технологияда үлкен рендер-фермалармен жұмыс жасалады. Рендер-ферманың ішінде мың компьютер болуы мүмкін, осы компьютерлер күні-түні кейіпкер бейнесінің әр сызбасының сандық мөлшерін 3D форматта санап шығады. Нәтижесінде персонаж бояуы да өте қанық болмақ. Ал бұл технологияның бағасы өте қымбат.
– Қазір жасанды интеллект анимация өндірісіне дендеп кіріп келеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, екінің бірі ЖИ арқылы заттарға «жан бітіре» алады. Тіпті ЖИ анимация өнерінің орнын басады деген сөз де айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Мұндай уәжбен келісер ме едіңіз?
– Толықметражды тұтас бір мультфильмді жасап шығу ЖИ‑дің қолынан әлі келмейді. Тек кішкентай анимацияларды атқаратынын көріп, байқап жүрмін. Дегенмен қолдан жасалған анимациядан сапасы әлдеқайда төмен. Оны көрермен де байқайды деп ойлаймын. Жасанды интеллекті басқару әлі де болсын қиын-ақ, әр қолмен салынған анимация кейіпкердің әр эмоциясына, әр детальге, сюжет бұрылыстарына толығымен мән береді. Сондықтан ЖИ жасаған анимацияның графикасы әдемі, мазмұны жұтаң. Тіпті кейде логикалық тұрғыда қисынсыз болып жатады. Бәлкім, 10-15 жылда сапалы анимация істеп үйренетін шығар, бірақ ешқандай жасанды интеллект анимациялық режиссерлердің, аниматорлардың орнын баса алмайды. ЖИ‑ді басқаратын талғамы жоғары маман керек. ЖИ тек режиссерлердің жұмысын аз ғана жеңілдететін құрал болып қалады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
А.Ерболова