Дипломатиялық жанжал: Польша мен Украина бір-біріне мемлекеттік марапаттарды қайтара бастады
Украина президенті Владимир Зеленский Польшамен арадағы дипломатиялық жанжал аясында Конституция күніне арналған жиында мәлімдеме жасап, елде Ұлттық қаһармандар пантеоны құрылатынын жариялады.
Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, жаңа пантеонға Украинаның тәуелсіздігі үшін әр кезеңде күрескен тұлғалардың есімдері енгізіледі.
«Бізге қалай өмір сүру, қалай сөйлеу, кімді жақсы көру, кімге алғыс айту және қай қаһармандарды құрметтеу керегін ешкім де, ешқашан да айтып бере алмайды», – деді Украина президенті.
Киев пен Варшава неге келісе алмады?
Екі ел арасындағы қарым-қатынас Зеленский Украина Қарулы күштерінің бір бөлімшесіне «УПА қаһармандары» (Украин көтеріліс армиясы) атауын бергеннен кейін күрт шиеленісті.
Польша билігі бұл ұйымды Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Волынь қырғынымен байланыстырады және бұл оқиғаны поляк халқына қарсы жасалған геноцид деп бағалайды.
Осыдан кейін Польша президенті Кароль Навроцкий Владимир Зеленскийді елдің ең жоғары мемлекеттік марапаты – Ақ қыран орденінен айырды.
Бұған жауап ретінде Зеленский бұл орденді кезінде II Екатерина мен Бенито Муссолини де таққанын айтып, мысқылмен пікір білдірді.
Кейін Зеленскийдің жақтастары өздеріне берілген поляк марапаттарын жаппай қайтаруға кірісті.
Өз кезегінде Польшадағы оппозиция жетекшісі Ярослав Качиньский де Украинадан алған марапаттарын қайтарып, Украинаның Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздерін бұғаттауға шақырды.
Жанжал аясында Польша президенті Кароль Навроцкийдің ел ішіндегі сенім рейтингі 54,8 пайызға дейін өскені айтылды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан поляктардың 58 пайыздан астамы Зеленскийдің поляк халқына көзқарасын теріс бағалаған.
Украина «Еуропа орденін» тағайындамақ
Владимир Зеленский Жоғарғы радаға жаңа мемлекеттік марапат – «Еуропа орденін» тағайындау туралы заң жобасын енгізді.
Президенттің айтуынша, Украина Еуропаның қауіпсіздігі мен болашағы үшін тәулік бойы күресіп жатқандықтан, мұндай марапатқа лайық.
Жаңа орден Украина азаматтарына да, елдің Еуропалық одаққа интеграциясына үлес қосқан шетел азаматтарына да табысталмақ.
Айта кетейік, Еуропалық одақтың өзінде дәл осындай атаумен мемлекеттік марапат жоқ. Тек 2025 жылы құрылған Еуропалық еңбегі үшін орден бар, оның алғашқы иегерлерінің бірі Владимир Зеленский болған.