Қоғам

Діни сауатты болу – радикалданудың алдын алудың ең тиімді тәсілі

Елімізде дін саласындағы жағдай соңғы жылдары тұрақтанып, қоғамдағы келісім мен өзара түсіністік нығайып келеді. Бұрынғыдай алаңдаушылық туғызған мәселелер азайып, конфессияаралық қатынастар едәуір ретке келтірілді.

дін

Мемлекет тарапынан дін саласына қатысты жүргізіліп отырған саясат діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде түрлі дін өкілдері өзара ымыралықпен өмір сүріп, қоғамда тұрақтылық сақталуда. Әрине, діни сауаттылықты арттыру мәселесі әлі өзекті. Бұл бағытта жүргізілетін түсіндіру жұмыстары азаматтардың дінге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруға ықпал етіп, теріс ағымдардың таралуының алдын алуға көмектеседі. Әсіресе интернет кеңістігі дамыған уақытта әртүрлі діни ағым жетегінде кететін жастарға ақпараттық-ағартушылық шарасын жалғастырудың маңызы зор.

«Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, дінтанушы Балғабек Мырзаевтың пікірінше, жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңістіктің ашықтығы кейбір деструктивті діни ағымдардың және олардың идеологиясының таралуына мүмкіндік беріп отыр.

«Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде радикалды идеологиялардың көп бөлігі интернет арқылы таралады. Әлеуметтік желілерде өмірдің мәнін тек қана дінмен байланыстырып, білім-ғылымнан алшақтау үрдісі жастар арасында арта бастады. Отан ұғымы, патриоттық сезім, көк туымызға, әнұранымызға деген адалдық принциптерінен алыстай бастады. Жастар өздерінің әскери борышын өтеуден қашатын болды. Отаны болмаса өзінің ешкім емес екендігін түсінбейтін ұрпақ көбейіп жатыр. Мұның бәрі де алаңдатарлық мәселе», – дейді дінтанушы Балғабек Әбдіқайымұлы.

Сондықтан да жастар арасында діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Қоғамда діни сауатты болу – радикалданудың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Осыған орай қоғамда атқарылып жатқан жұмыс көп болса да, әлі де жеткіліксіз екені байқалады. Осы бағыттағы негізгі жауапкершілік қай мекемеге жүктелуі тиіс?

Бұл сұрағымызға «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айтулы мәселеге орай маңызды рөл атқарып келеді. Мүфтияттың мамандары радикалдық идеялардың таралуының алдын алу, шектеу және халыққа дұрыс діни ақпарат беру бағытында жақсы жұмыстар жүргізуде. Өкінішке қарай, елдегі діни ахуалдың дұрыс дамуына байланысты жұмыстарды тек қана мүфтиятқа жүктей беретіндер, қоғамдағы кері құбылыстарды имамдарға жаба салу секілді теріс құбылыстар да кездесіп жатады. Бұл да дұрыс емес. Себебі осы жұмыстарды жүзеге асыруда елімізде тіркелген барлық діни бірлестіктер белсенді болуы тиіс», – деп жауап берді «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, дінтанушы Балғабек Мырзаев.

Әлеуметті алаңдатып отырған тағы бір өзекті мәселе – қазақ қоғамындағы дәстүр, ислам және тәңірлік танымның арақатынасына байланысты өрбиді. Себебі бұл тақырып бүгінгі пікірталастың ең негізгі арқауына айналғаны рас.

«Кейбір тәңіршілдік идеясын жақтаушылар ешқандай ғылыми негізі жоқ болса да, исламды қоғам дамуына кедергі ретінде көрсетіп әлек. Яғни исламды сырттан келген дін ретінде атағысы келеді. Қазақ қоғамының дамуының баяулауын ислам дініне жабуға тырысып, ислам мен тәңіршілдікті бір-біріне қарсы қоюға әрекеттенеді. Егер пікірталас осындай эмоциямен немесе айыптаумен жүргізілсе, ол қоғамда діни немесе идеологиялық бөлінуге алып келуі мүмкін. Мұндай пікірлер қоғамда сенімсіздік, діни алауыздық, күдік және қарама-қайшылық тудырады.

Одан бөлек дін мен салт-дәстүрді қарама-қарсы қоюға ұмтылып жүргендер бар. Бірақ мұндай көзқарас көбіне эмоцияға сүйенген, тарихи дәлелдерге негізделмеген. Қазақстанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары мешіттерде уағыз айтып қана қоймай, салт-дәстүрді насихаттау, қоғамдағы ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуді назардан тыс қалдырмайды», – дейді дінтанушы бізге берген пікірінде.

Шынайы тарих пен ғылыми-зерттеулер көрсеткендей, қазақ қоғамында ислам мен дәстүр бір-бірін толықтырып, дамуға ықпал етіп келеді. Сондықтан мұндай көзқарасты эмоциялық пікірден ғылыми талқылауға айналдыру қажет. Тек сол кезде ғана қоғамдық алауыздық шектеліп, рухани және ұлттық сана қалыптасады.

Жігер ӘШІМ 

Тегтер: дін
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз