10:43, 09 Тамыз 2024
Дональд Трамп Камала Харриспен дебат өткізуге келісті
Дональд Трамп Камала Харриспен ABC арнасында дебат өткізуге келісті. Пікірсайыс 10 қыркүйекте өтеді.
Бұл туралы АҚШ-тың 45-ші президенті Мар-а-Лагодағы резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ABC News. Президенттікке кандидаттардың екеуі де дебатты асыға күтетіндерін атап өтті.
Трамп бұған дейін пікірталастың Fox News арнасында 4 қыркүйекте көрсетілуін талап еткен, өйткені ол ABC арнасы мен оның жүргізушісі Джордж Стефанопулосты сотқа берген.
Ал, Камала Харристің сайлауалды науқаны Трамптың Fox News арнасында 4 қыркүйекте дебат өткізу туралы шешімімен келіспейтінін айтып, оны 10 қыркүйекте ABC арнасындағы пікірсайыс туралы келісімін сақтауға шақырған.