Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:50, 22 Ақпан 2024

Досаев пен Сұлтанғазиевтің тұзы татымай қалған жолы

мұз
Фото: из открытых источников

Өткен жұмада Алматы аумағында қалың қар жауды. Содан бері 5 күн өтсе де, қала көшелері мен тас жолдар қар жамылып, мұз құрсанып жатыр. Жол бойында тағасыз аттай тайғақтаған жұрт қар мен мұзды тазалар деп әкімдікке қарайды. Ал әкімдік әлеуметтік желіде әдемі есеп беруден әрі аса алмай отыр.

Қалың қар Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарын әбден әбігерге салды. Мұз басқан жолдарда жүру мүмкін емес. Тар, тайғақ көшелер кептеліс мәселесін тіпті ушықтырып жіберді. Екі өңірдің екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған Ерболат Досаев пен Марат Сұлтанғазиев қар күреуге дайын болмай шықты.

Кейінгі кезде Досаев пен Сұлтанғазиевтің аты егіз қозыдай қатар аталып жүр. Қаңтарда жер сілкінісі болғанда да екі әкім қатар «ұйықтап қалып», халық ұлар-шу болған. Сол кезде Досаев Сұлтанғазиев халыққа үндеу жасамағандықтан, өзі де үнсіз қалғанын айтқан. Бұл жолы кім кімді үлгі тұтып отырғаны белгісіз, әйтеуір, екі әкім де мұз басқан жолға мойын бұрған жоқ.

Алматы әкімдігі алғаш қар жауа бастағанда белсенді болатын. 16 ақпанда жауған қарды жерге түсірмей күреп жатырмыз деп видео жариялады. Онда шенділер «жұманың кешінде үйлеріңізге таза асфальтпен қайтасыздар» деп сендірген. Бірақ бұл бос сөз болып шықты. Жұма күні жұмыстан қайтқан жұрт қалың қарға көміліп, көктайғақта «коньки теуіп» қайтты. Жағдай сенбі, жексенбіде де оңалған жоқ. Қар тазалайтын техника мен жұмысшылар көппен бірге демалған сияқты. Дүйсенбі таңда жұмысқа асыққан жұрт тағы жұма күнгідей кептеліске қалып, мұз үстінде тәлтіректеп жүрді.

Сол күні журналистер сауалына жауап берген Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қар толық күрелмеді деген уәжбен келіспейтінін айтқан. Шенділер жолды мұз басып, машиналар жүре алмай жатыр деген сөзді субъективті пікір деп санайды екен. Олар тіпті табиғат заңына қарсы шығу қиын екенін айтып ақталыпты.

Шенділер мойындамағанымен, халық қала көшелерінің көктайғақ болып жатқанын көріп отыр. Әкімдіктің әлеуметтік желіде жариялаған әрбір ақпаратына көпшілік жүздеген пікір жазып, қар тазалауды сұрайды. Бір тұрғын «Ерболат Әскербекұлы, қар тазалауда өзіңізден бұрынғы әкімдердің бәрінен асып түстіңіз. Құттықтаймын! Алматы көшелері ауылдың жолындай болып жатыр» деп мегаполис әкімін мақтамен бауыздапты. Наразылығын ашық білдіріп, әкімдіктің «жолдар тап-таза» деген жалған есебін сынап жатқан жұрттың санында есеп жоқ.

Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына біз де сауал жолдадық. Келген жауаптан ұққанымыз, қалада 25 см қар жауған. Оны дер кезінде тазалауға минус 23 градусқа дейін жеткен суық ауа райы кедергі болыпты. Қалың сан-цифрдан тұратын хатқа сенсек, әкімдік қалың қармен аянбай «күресіп» жатыр. Бірақ қаладағы екі миллион тұрғынның «субъективті пікірі» бұл есептің шын екеніне күмән туғызады.

«16 ақпан қар жауар алдында күн жылы болды, жаңбыр жауды. Кейін күн күрт суытқанда жерге мұз қатты. Қазір қаладағы негізгі көшелер мұздан тазартылды. Кей көше тайғақ болып жатыр деген шағыммен келісемін. Бірақ бұл ауа райы құбылысы, оны өзгерту адам қолынан келмейді. Қар жаумай тұрып, хабарландыру жасап, көктайғақ болатынын ескерттік. Бізде 2-3 күн болған мұндай жағдай Астанада айлар бойы болады. Ол жақта халық оған үйренген, бізде жол кішкене қатып қалып еді айғай-шу болып кетті», – дейді басқарманың баспасөз қызметкері Ерлан Баймұратов.

Алматы облысында да жағдай осы. Сұлтанғазиев Досаевтан асып қайда барам деді ме, облыс аумағындағы жолдарға қатқан мұзға мүлде тиіскен жоқ. Мысалы, Алматы-Талғар тас жолы мен Құлжа тас жолында асфальттың бетінде бір қабат мұз жатыр. Тұрғындар 5 күн бойы басын қауіпке тігіп, көк мұз үстінде жүр. Бұл жолдардағы мұз күн шығып, температура жылынғанда өздігінен еріп кетпесе, Сұлтанғазиев тазаламайтын сияқты.

Облыс әкімдігі де қар мен мұзды онлайн күреп жатыр. Әлеуметтік желіде жол тазалап жүрген техникалар тізбегінің суретін жариялап, «бәрі бақылауда» деп есеп беріп отыр. Облыс тұрғындары да әкімдіктің өтірігін ашатын өте көп пікір жазған. Бір азамат «жолға сепкен тұздарыңыз татымай қалыпты, кішкене қосу керек» деп әзілдеді.

Тегін «мұз айдынында» сырғанап жүрген халықтың уәжін облыс әкімдігіне жеткіздік. Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәнібеков «17-21 ақпанда күн күрт суып, қар қалың жауғандықтан, тұрғындардан арыз-шағым түсіп жатыр. Арыз түскен Талғар және Қарасай ауданында қарды толық тазарту жұмысы жүргізіліп, көктайғаққа қарсы материалдар себілді. Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 159 техникалық құрам мен 58 техника жұмылдырылды. Жағдай облыс әкімінің тұрақты бақылауында» деп жауап берді.

Бізге жіберген ресми есепте жолға 12 141,8 тонна тұз сеуіп, техникаға 378 тонна жанармай құйғаны да жазылыпты. Бірақ нәтиже болмаса, жолдар әлі мұз құрсанып жатса, мұндай есептен не пайда?! Басқарма басшысы жағдай облыс әкімнің бақылауында екенін айтты. Егер Сұлтанғазиев ештеңе істемей, осылай бақылап отыра берсе, күн жылынғанын күткеннен басқа амал жоқ сияқты.

Досаев та, Сұлтанғазиев те күн қатты суып кеткендіктен, қарды дер кезінде тазалай алмадық деп отыр. Өткенде жер сілкінгенде «бұл табиғаттың тосын мінезі, оны біз түгіл дамыған мемлекеттер де алдын ала болжай алмайды» деп ақталды. Қар жауғанда тағы «табиғат заңына қарсы шыға алмаймыз» деп отыр. Сонда бұл кісілердің қолында жаңа технология жоқ па деген заңды сұрақ туындайды. Кей ел бетіне қатқан мұзды өзі ерітетін асфальт жасап жатыр. Ал біз жауған қарды қолмен күрей алмай отырмыз.

Сұлтанғазиев жаңа қала салады деп, Досаев премьер-министр болады деп үміт күтіп жүргендер бар. Бірақ жер сілкінсе де, қар жауса да табиғат заңы деп қол қусырып қарап отыра беретін қос әкім бұл үмітті ақтамайтын сияқты.

Қуаныш Қаппас