Дрон шабуылынан кейін Қырым жарықсыз қалды
Украиналық дрондардың кезекті шабуылынан кейін 6 шілде таңертең аннексияланған Қырым түбегінің оңтүстік жағалауы мен Симферополь қаласында электр қуаты өшті.
Диспетчерлік қызметтің мәліметінше, электр энергиясының берілуі жоғары вольтты электр желісінің зақымдануына байланысты тоқтаған.
Кейінірек «Интерфакс» агенттігі «Крымэнергоға» сілтеме жасап, сыртқы әсер салдарынан жоғары кернеулі желілерде технологиялық ақау туындап, түбектегі барлық қала мен аудандардың тұтынушылары жаппай жарықсыз қалғанын хабарлады.
Севастопольде таңертең троллейбус қозғалысы да тоқтатылды. Ресей билігі тұрғындарды ұялы телефон батареясының қуатын үнемдеуге шақырды.
Украиналық Exilenova+ және «Крымский ветер» мониторингтік арналары NASA-ның FIRMS жүйесінің деректеріне сүйене отырып, Керчь портындағы «ТЭС» мұнай-газ терминалында, «Симферополь» қосалқы электр станциясында, газтурбиналық электр станциясы маңында және аннексияланған Қырымдағы Гвардейское әскери әуе базасы аумағында өрт ошақтары тіркелгенін хабарлады.
Ресей тағайындаған Қырым басшысы Сергей Аксёнов шабуыл салдарынан Керчь қаласының бір тұрғыны қаза тапқанын, тағы екі адамның жараланғанын мәлімдеді.
Соңғы уақытта Қырымға дрон шабуылдары жиілеген. Түбекте жанармай тапшылығы байқалып, электр энергиясы мен ауыз судың берілуі де жиі үзіліп тұрады.