Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:57, 17 Қаңтар 2024

Екі мықтыны «шекістіру» кімге пайдалы?

Аслан Шымбергенов пен Данияр Елеусінов
Фото: из открытых источников

Жаңа жыл және соның қарсаңы қазақ бокс әлемін әрі-сәрі күйге түсірген бір жаңалыққа толы болды. «Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов құрамадан шеттеліпті, оның орнын Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов басады-мыс».

 Желдей ескен сөздің шыққаны сол екен, шынайы журналист те, сенсация қуған блогер де іліп ала жөнелді. Қазақстан құрамасының бас бапкер Мырзағали Айтжановқа, Шымбергеновтің жеке бапкері Ермек Ертаевқа жүгінгендер жоқтың қасы.

Біздің ойымызша, мұндай өсектің өршуіне екі мәселе себеп болды.

Біріншіден, Астана қаласында 15 желтоқсанда ұйымдастырылған «IBA чемпиондарының түні» турнирінде А.Шымбергенов мексикалық кәсіпқой боксшы Хосе Мигель Боррегомен (20-4, 17КО) кездесіп, төртінші раундта айқын жеңіліп қалды. Нокдаун алған капитанның жекпе-жекті жалғастыруына М.Айтжанов мүмкіндік бермеді. Ортаға орамал лақтырды. Наразылық білдірген Асланбекті: «Кейін осы әрекетіміз үшін рақмет айтасың», – деп тоқтатты. Міне, осы жекпе-жектен кейін Шымбергеновке мықты боксшы ретінде қарайтындардың саны күрт азайып, оны болашақ олимпиада чемпионы немесе жүлдегері ретінде елестете алмайтындардың саны күрт артты. Әсіресе қызық қуған, спорт тақырыбын тиіп-қашып көтеретін журналистердің құдайы берді. Олар Шымбергеновтің бұған дейін кәсіпқой боксшымен шаршы алаңға шығып көрмегенін, ІВА турнирі өткінші нәрсе екенін тіпті ескерген жоқ. Шындығын айтқанда, ресейлік функционер Омар Кремлев басқаратын Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын, яғни ІВА-ны қазір шеттеткісі келетіндер көп. Кремлевтің «Газпром» қаржысына көбірек сүйенетіні өз алдына, оның қазір бүкіл әлем қырын қарап отырған Ресей Федерациясының азаматы екені де түрпідей тиеді. Ал бірнеше ел ІВА мүшелігінен бас тартып, әуесқой бокстың балама қауымдастығын (World boxing) құрып жатқан кезде Кремлев дөңгелек ішіндегі тиіндей жанталасуға мәжбүр. Ол өзі басқарып отырған ұйымның маңызын арттыру үшін әлем чемпиондарына төленетін сыйақыны да көтерді, ескерусіз қалған бокс қаһармандарына материалдық көмек те беріп келеді, ақыр аяғы, «IBA чемпиондарының түні» сияқты жартылай кәсіпқой турнир өткізуге де тәуекел етті. Ал Қазақстан мен Ресей бұл мәселеде ортақ мүдделі десек те болады. Шымбергенов осы кеште сыр берді. Әрине, Боррегоның басымдығын жоққа шығармақ емеспіз, бірақ бір сәтсіздікке бола түңілу қажет пе? Асланбек бұған дейін әуесқойлар арасында өзінің шеберлігіне күмәнімізді оятып па еді?

Екіншіден, екі жылдан астам уақыт жұрт алдына шықпай қалған Данияр Елеусінов те отқа май құйғандай болды. «ІВА чемпиондарының түні» турнирінде ол ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға көтеріліп, оңтүстікафрикалық Жабулани Макхенсені төрешілердің ортақ шешімімен жеңді. Содан кейін инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Менің әуесқой боксқа оралғаным дұрыс па, әлде кәсіпқой бокста қалғаным жөн бе?» деп жазылушыларына сауал тастады. Мұны тікелей Қазақстан құрамасына оралудың әрекеті ретінде түсінгендер көп сияқты. Тіпті 4 қаңтарда дәл сол инстаграмда Даниярдың: «Жақында шаршы алаңға оралатыным жайлы ақпарат болады. Күтіңіздер», – деп жазба жариялағаны да гу-гу сөзді өршіте түсті. Әрине, Елеусіновтің әуесқой боксқа оралғанын да, кәсіпқой бокста нәтиже көрсетуін қалайтындар аз болған жоқ. Кейінірек Даниярдың өзі пікір білдірген барша жанкүйерге алғыс білдіріп, кәсіпқой бокстағы өзі көздеген биіктерге ұмтыла беретінін айтты.

Міне, осы екі мәселе Қазақстан құрамасы капитанының алдағы ғұмырына көлеңке түсіре жаздады. Тіпті кейбір ақпарат құралдары Елеусіновке Қазақстан әуесқой бокс федерациясынан ұсыныс түскенін, Рио олимпиадасының чемпионы ойланып жауап беруге мұрсат алғанын да желеулетті. Бірақ ол ұсынысты нақты кім жасағанын көрсетпеді, «дереккөз» деген жалпылама сөзге сүйенді. Артынша, әуесқой бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген қаңқу сөзді жоққа шығарды. «Италияда өтетін екінші іріктеу турниріне Қазақстан спартакиадасы жеңімпаздарының барлығы барады. Шымбергенов әлем чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері ретінде Спартакиадаға қатысқан жоқ. Күмәнсіз фаворит ретінде ол Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирге қатысуға әбден құқылы. Бұл Париж олимпиадасына іріктеудің екінші кезеңі болады. Көп мәселе Шымбергеновтің өзін сонда қалай көрсететініне байланысты. Жолдамаға қол жеткізе алмаса, оның орнын кез келген боксшы басады. Бірақ кім болса да, ең алдымен өзінің шеберлігін дәлелдеуге тиіс. Басқасының бәрі – өсек қана» деді Төлеген.

Ал Елеусіновті «тез арада қайта шақырып», олимпиада жолдамасынан үміткердің бірі ретінде көрсету кімге пайдалы? Бұл, сөз жоқ, боксымыздағы соңғы жетістіктердің бәріне көз жұма қарайтын, сәтсіздігін көре қалса бөркін аспанға ата қуанатын «мысықтілеу» жандарға пайдалы.

Жанкүйерлер жақсы біледі, Шымбергенов Риоға болмаса да, Токио олимпиадасына баруға әбден лайық боксшы еді. Ол соңғы екі олимпиаданың іріктеуіне мүлде қатысқан жоқ. Токиоға «қазақтың алтын салмағында», яғни 69 келіде Абылайхан Жүсіпов барып, қатарынан екінші рет бос қайтты. «Астана арландарының» сапында жүргенде-ақ аса талантты боксшы екенін танытқан Асланбек кештеу болса да, өзіне тиесілі биіктерді жайлап бағындыра бастады. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 71 келіде дара шықты. Азия ойындарының жартылай финалында төрешілердің таза қысастығынан жапон боксшысы Севон Окадзаваға есе жіберді. Шаршы алаңдағы төреші қолын көтергенде Окадзаваның да, оның бапкерлерінің де таңғалғаны сонша, біраз уақыт сенбей тұрып қалды. Өйткені Шымбергеновтің анағұрлым ақылды бокс көрсеткені көзге ұрып тұр еді. Шындығында, Азия ойындарының финалына шықса да Асланбек Париж олимпиадасының жүлдесін иеленер еді. Көз алдында тұрған бір биік осылайша сырт айналды. Бірақ Азия ойындарының жартылай финалында, «ІВА чемпиондарының түні» турнирінде жеңілді деп, Шымбергенов кандидатурасын белден сызып тастау әлдебіреулер үшін өте қажет болып тұрған сияқты.

Әрине, капитанымыз Париж олимпиадасына барса, алдында даңғыл жол сайрап жатыр демек емеспіз. Олимпиада ешқашан ешкімге оңай соққан емес. Бірақ ұзақ жылдық қажырлы еңбегімен, әлемді мойындатқан күмәнсіз шеберлігімен Шымбергенов олимпиаданың іріктеу турнирінде бақ сынауға әбден лайықты екенін баяғыда-ақ дәлелдеді емес пе? Кейбір ел Асланбектей бір шеберінің шығуын ғасырлап күтеді. Ал біз барымызды бағалай алмай, жоқ жерден жағдайды шиеленістіріп, аяқтан шалғанымызға алақайлап отырғандаймыз.

Әрине, таза спорттық тұрғыда Елеусіновтің әуесқой боксқа оралуына ештеңе де кедергі емес. Ол кәсіпқойлар арасында 11 кездесу өткізді. 15 кездесуге дейін «кері жүріс» жасауға болатынын бәрі біледі. Оның үстіне Токио олимпиадасында қазақ боксы бұрынғы жетістіктерін қайталау былай тұрсын, тіпті маңайлай да алған жоқ. Мұндай кезде Елеусінов оралып, біз күткен алтынды алақанымызға салады деп күту қаншалық орынды?

Данияр кейін «Қазақстан» ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, біраз нәрсенің басын ашты. Жаңа жыл қарсаңында жанкүйерлерге жолдаған сауалын біраз адамның басқаша түсінгенін, өзінің әуесқой боксқа оралуға әзірше ойы жоғын, екі жыл аялдап қалған карьерасын қайта жалғастыруға мүдделі екенін айтты.

Ол шынында да екі жылдай бос болды. 2021жылдың соңында Астанада өткен бокс кешінде отандасымыз аргентиналық Хуан Эрнан Леалды жеңіп, жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Бірақ содан кейін ақпарат кеңістігінен көрінбей кетті. Өзінің айтуынша, 2022 жылы ол атағын қорғау үшін украиналық Иван Голубпен келісімге келген, алайда шаруасын алға жылжытуға тиіс Boxing Stars компаниясының өкілдері үнсіз қалған. Олар тіпті Manchroom Boxing промоутерлік компаниясы қайыра ұсынған жаңа келісімшарт туралы Елеусіновке де ләм демеген. Қазір даңқты боксшы кәсіпқой боксқа оралудың қамын жасап жатыр. Boxing Stars компаниясымен сотқа дейін арызданып, екі тарап бір-бірінен құқық пен қаржы талап етіп, дау біразға созылды. Кім біледі, жыл басында олимпиада чемпионы «кері ораламын» дегенде, осы дауға нүкте қойылатынын да меңзеген болар.

Ал Қазақстан ерлер құрамасында әзірге бір ғана жолдама бар. Оны аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Басқа олимпиялық салмақ дәрежелері бойынша Қазақстан құрамасының өкілдері 29 ақпан – 12 наурыз аралығында Италияда өтетін лицензиялық турнирде жолдамаларға таласады. Бұл турнирде 49 жолдама сарапқа салынады. Шымбергеновтен бөлек, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) шаршы алаңға шығады. 64 келіде екі үміткер бар, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Ертуған Зейнуллиновтің қайсысы іріктеу додасына қатысатынын бапкерлер құрамы турнир қарсаңында нақты шешеді.

Есей Жеңісұлы