Экономикалық өсім және жаһандық стандарт
Қазіргі жаһандану жағдайында өңірлік дамудың өлшемдері тек ішкі экономикалық көрсеткіштермен шектелмей, халықаралық институттар ұсынған стандарттармен сабақтасып, орнықты даму қағидаттарына қарай бастады.
Соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған тұрақты даму мақсаттары мемлекеттер мен аймақтардың әлеуметтік саясатында, экономикалық стратегиясында және экологиялық шешімдерінде басты бағдарға айналып отыр. Бұл үрдіс – билік пен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара диалогтың тереңдеуіне, сондай-ақ жергілікті басқару деңгейінде жаңа басқару мәдениетінің қалыптасуына ықпал етуде.
Түркістан облысында да осы бағыттағы өзгерістер айқын байқалып, өңірдің даму траекториясы халықаралық стандарттарға бейімделген, көпқабатты стратегиялық модель ретінде қалыптасып келеді. Осы тұрғыдағы маңызды дипломатиялық және сараптамалық байланыстардың бірі – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Деваның кездесуінде көрініс тапты. Бұл жүздесуді өңірдің даму бағытын жаһандық тәжірибемен ұштастыруға бағытталған стратегиялық диалог десек болар. Кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жаңғыруы, экологиялық тұрақтылық саясаты және адами капиталды дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Облыс әкімдігі өкілінің айтуынша, Түркістан өңірі соңғы жылдары тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Ертай Алтаев өңірдің даму қарқынын атап өтіп, экономикалық өсіммен қатар, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді саясаттың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұл саясаттың өзегі ретінде экономиканы әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және ауыл мен қала арасындағы даму теңгерімін сақтау міндеттері қарастырылмақ.
2026 жылғы 1 наурыздағы ресми деректерге сәйкес, Түркістан облысының халық саны 2 146,7 мың адамды құраған. Оның ішінде қалалық тұрғындар 545,1 мың адам (25,4%), ал ауылдық елді мекендерде тұратындар 1 601,6 мың адам (74,6%) екені көрсетілген. Мұндай демографиялық құрылым өңірдің әлеуметтік саясатына ерекше салмақ жүктейді, өйткені ауылдық аумақтардың үлесі басым болған жағдайда инфрақұрылымдық теңсіздікті азайту, сапалы білім мен медициналық қызметті қолжетімді ету, сондай-ақ еңбек нарығын кеңейту мәселелері стратегиялық басымдыққа айналады.
Кездесу барысында өңірдің экономикалық көрсеткіштері де жан-жақты талқыланды. 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша екінші орынға көтерілгені айтылды. Бұл көрсеткіш өндіріс көлемінің артуы, құрылыс саласының жандануымен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуімен және шағын және орта бизнестің кеңеюімен түсіндірілетін кешенді экономикалық динамиканы көрсетеді. Сонымен қатар инвестициялық жобалардың артуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға тікелей әсер етіп отыр. Экологиялық саясат та кездесудің негізгі талқылау бағыттарының бірі болды. Қазіргі таңда өңірде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, су және жер ресурстарын қорғау, сондай-ақ жасыл технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы бастамалар климаттық өзгерістердің әсерін азайтуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және болашақ ұрпақ үшін тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, энергия тиімділігін арттыру және ауыл шаруашылығында экологиялық таза өндіріс тәсілдерін енгізу секілді міндеттер де күн тәртібінде тұр. Көші-қон және әлеуметтік интеграция мәселелері де талқылаудан тыс қалған жоқ. Түркістан облысы ішкі көші-қон ағындары жоғары аймақтардың бірі ретінде әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені тиімді басқаруды талап етеді. Осыған байланысты азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту және түрлі әлеуметтік топтардың қоғамға бейімделуін қолдау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Жиында гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен қозғалды. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір ретінде ерекшеленіп, мұнда 400 мыңнан астам отбасы өмір сүреді. Көпбалалы аналардың үлесі жоғары болуы өңірдің әлеуметтік құрылымының өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Мемлекеттік қызмет жүйесінде әйелдердің үлесі 28,1 пайызды құрап, 5 611 қызметшінің 1 572-сі әйелдер екені айтылды. Олардың ішінде 233 әйел басшылық лауазымдарда еңбек етеді. Бұл дерек мемлекеттік басқару жүйесінде гендерлік теңдіктің біртіндеп орнығып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің рөлі де айтарлықтай жоғары. Облыс бойынша шамамен 210 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген болса, соның 91 мыңнан астамы әйелдерге тиесілі. Шағын және орта бизнестегі басқарушылық деңгейде әйелдердің үлесі 43,1 пайызды құрауы олардың экономикалық белсенділігінің жоғары екенін айғақтайды. Бұл көрсеткіштер әйелдердің тек әлеуметтік салада әрі экономиканың негізгі секторларында да шешуші рөл атқара бастағанын көрсетеді.
Сәруар Бақберген
Түркістан облысы