Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:15

Экс-депутат 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінді

Б.Әбішев
Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Алматы облысы бойынша департаменті бұрынғы мәслихат депутаты Б.Әбішев пен басқа да тұлғалар күдікке ілінген бюджет қаражатын жымқыру және жылыстату ісі бойынша жаңа фактілерді хабарлады.

Тергеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменттерінің бірінің бұрынғы директоры Б.Айымбетовтің 2018-2022 жылдар аралығында Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидия алуда алаяқтыққа белсене қатысқаны анықталды.

«Әбішев пен Айымбетов 29 шаруа қожалығының электрондық цифрлық қолтаңбасын және таңқурайдың элиталық сортының көшеттерін жалған жеткізу туралы құжаттарды пайдалана отырып, жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам субсидия алған», - делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы шенеунігі соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Күдікті Бекет Әбішев Алматы облысы мәслихатының депутаты, Экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес, депутаттық өкілеттік және этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болған.

Айта кетейік, Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутатының қамауға алынғаны осы жылдың наурыз айында белгілі болды. ҚМА мәліметінше, ол Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына жалпы құны 947 млн ​​теңгеге «Награда» элиталық таңқурай сортының көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар жасаған. Жалған құжаттар негізінде ол 474 миллион теңге көлемінде заңсыз субсидия алып, оны пәтер, көлік және ойынханаға жұмсаған.