Live

Экс-министрдің күйеу баласы яхтасын 2,4 млрд теңгеге сатты

Бұл туралы "Выход к морю" Telegram-арнасы хабарлады.

Алдияр Қазтаев

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың күйеу баласы, Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының бұрынғы топ-менеджері Алдияр Қазтаев Piccolino атты яхтасын 4,95 миллион еуроға, яғни шамамен 2,4 млрд теңгеге сатқан. 

Арна мәліметінше, Қазтаев яхтаны 2017 жылы 8 миллион еуроға сатып алған. Осылайша, кеме бастапқы бағасынан шамамен 1,6 есе арзанға сатылған. Жаңа иесі – Грекияның EKKA Yachts компаниясы. Яхтаның атауы Alein болып өзгертіліп, Мальта туының орнына Грекия туы көтерілген. Қазір оны аптасына 75 мың еуроға жалға алуға болады.

Piccolino яхтасын италиялық Sanlorenzo компаниясы жасап, 2017 жылдың маусымында тапсырыс берушіге тапсырған. Кеменің ұзындығы 29 метрден асады, ені шамамен 7 метр. Оның ішінде қонақтарға арналған төрт каюта және экипажға арналған екі каюта бар. Яхта сегіз жолаушыны қабылдай алады.

Кеменің екі қозғалтқышының жалпы қуаты 2 200 ат күшіне жетеді. Ол сағатына шамамен 54 шақырым жылдамдықпен жүзе алады.

"Выход к морю" дерегіне сүйенсек, яхта Қазтаевтың атына тікелей тіркелмеген. Ол Мальта мен Ұлыбританияда тіркелген Piccolino Ltd және Piccolino Tender Ltd компаниялары арқылы рәсімделген. Бұл компаниялар Қазтаевтың ата-анасы Аслан Қазтаев пен Ғалия Сарғасқаеваға тиесілі болған.

Компаниялардың қаржылық есептерінде яхтаны күтіп ұстауға жыл сайын 400 мыңнан 900 мың еуроға дейін жұмсалғаны көрсетілген. Кеменің бастапқы құны да құжаттарда 8 миллион еуро деп белгіленген.

Алдияр Қазтаев 2022 жылдың шілдесіне дейін ERG компаниясында жоғары лауазымды қызмет атқарған. Сонымен қатар ол Қазақстан триатлон федерациясын басқарған. Федерацияның құрметті президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов болған.

Қазтаевтың ресми жұбайы – Мадина Мұхамеджанова, бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қызы. Мұхамеджанов әр жылдары министр, Маңғыстау облысының әкімі, Сенат депутаты және Қазақстанның шетелдегі елшісі қызметтерін атқарған.

Қазтаевтың есімі Еуропадағы инвестициялық жобаларымен де аталған. "Выход к морю" арнасының хабарлауынша, ол Италияның Сардиния аралында халықаралық мектеп, оқу кампусы, бес жұлдызды қонақүй және спорт орталығын салуды жоспарлаған жобаға 11 миллион еуродан астам қаржы салған.

Бұған қоса, арна Қазтаевтың аты Қазақстаннан миллиардтаған долларды заңсыз шығаруға қатысты қылмыстық іс аясында аталғанын жазды. Алайда дереккөз бұл іске қатысты ресми ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын мәлімет таппағанын атап өткен.

Биыл ERG-дің бұрынғы акционерлерімен байланысты адамдар басқа да қымбат яхталарын сатуға шығарған. Александр Машкевичтің мұрагерлері Lady Lara яхтасын 230 миллион еуроға, ал Әлижан Ибрагимовтың отбасына тиесілі I Dynasty яхтасын 240 миллион еуроға бағалаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз