Live

Тергеуге іліккен «күдікті» әскерилерге 85 мың теңге ғана төленеді

Қазақстанда Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери қызметкерлердің жалақысы мен жәрдемақысын төлеу тәртібі өзгереді.

әскерилер

Енді себепсіз жұмысқа келмеген күндері үшін жалақы төленбейді. Ал тергеуге алынған әскери қызметкерлерге төленетін ақша мен басқа да төлемдерге қатысты жаңа талаптар енгізілді.

Өзгерістер Ішкі істер министрінің 28 қыркүйектегі №682 бұйрығымен бекітілген. Жаңа ережелер 30 қазаннан бастап күшіне енеді.

Жұмысқа келмеген күндерге ақша төленбейді

Егер әскери қызметкер бір ай бойы толық жұмыс істемесе, оның жалақысы нақты қызмет атқарған күндеріне қарай есептеледі. Себепсіз жұмысқа келмеген күндері үшін ақы төленбейді. Ол үшін командир қызметкердің жұмысқа келмеген күндерін көрсетіп, арнайы бұйрық шығаруы керек.

Тергеуге алынған әскери қызметкерлер қанша алады?

Егер әскери қызметкер қылмыстық іске байланысты күдікті деп танылып, уақытша командирдің қарамағына берілсе, оған осы кезеңде ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша төленеді. Қазір бұл - 85 мың теңге.

Ал тергеу аяқталғаннан кейін әскери қызметкердің кінәсі дәлелденбесе және ол ақталса, осы кезеңде ала алмаған ақшасы қайтарылады.

Басқа қызметке ауысқанда жалақы сақтала ма?

Егер әскери қызметкер бұрынғы лауазымынан босатылып, жаңа қызметке бірден тағайындалмаса, бұрынғы жалақысы белгілі бір мерзімге сақталуы мүмкін.

Басқа лауазымға ауысқан жағдайда – екі айға дейін.

Әскери бөлімнің құрылымы немесе штат саны өзгерген жағдайда – үш айға дейін.

Далалық оқу-жаттығуға қатысқандарға қосымша ақы төленеді

Бір тәуліктен ұзақ далалық оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметкерлерге қосымша ақша беріледі. Төлем оқу-жаттығу аяқталып, қызметкер әскери бөлімге оралғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде жасалуы тиіс.

Ол үшін командир арнайы бұйрық шығарады.

Әскерден босатылатын жетім балаларға қатысты өзгеріс

Мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға әскерден босатылған кезде берілетін жәрдемақыны рәсімдеу тәртібі де нақтыланды.

Енді қажетті растау құжатын алу үшін әскери бөлімнің жауапты қызметкерлері жергілікті әкімдікке алдын ала сұрау жіберуі керек. Осылайша, әскери қызметкер құжатты өзі іздеп жүруге міндетті болмайды.

Шетелде оқитын әскери қызметкерлердің төлемі

Шетелдегі әскери оқу орындарында білім алып жүрген қызметкерлерге төленетін ақша халықаралық келісімдер мен жасалған шарттарға сәйкес есептеледі.

Жаңа талаптар Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі әскери қызметкерлерге қатысты және 30 қазаннан бастап қолданылады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз