Эльбрус тауында екі топтағы алты альпинист қаза тапты
Ресейдің Кабардин-Балқар Республикасындағы Эльбрус тауына көтерілу кезінде екі топтағы алты альпинист қаза тапты. Олардың бесеуі Босния және Герцеговина азаматтары болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға ауа райының күрт нашарлауы мен қатты суық себеп болған.
Ресей Тергеу комитетінің Кабардин-Балқария бойынша басқармасының мәліметінше, Эльбрус шыңына екі топ көтерілген. Біріншісінде жеті шетелдік, екіншісінде екі ресейлік альпинист болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік бөлімшесі «Эльбрус 07» Telegram-арнасына сілтеме жасап, бірінші топтағы Босния және Герцеговинаның бес азаматы, ал екінші топтағы бір альпинист көз жұмғанын хабарлады.
Жеті адамның екеуі ғана аман қалды
25 шілде күні кешке ауа райы күрт бұзылып, жеті босниялықтан құралған топ белгіленген бағыттан адасып кеткен.
Альпинистердің бірі төменге түсіп үлгеріп, 5100 метр биіктікте топтың екі мүшесінің жағдайы нашарлап, кейін қайтыс болғанын хабарлаған.
Құтқарушылар іздестіру жұмыстары барысында тағы бір тірі қалған альпинисті тауып, қалған үш адамның мәйітін анықтаған. Осылайша жеті адамнан тұратын топтың екеуі ғана аман қалып, бесеуі қаза тапқан.
Желдің жылдамдығы сағатына 70 шақырымға жеткен
Baza Telegram-арнасының мәліметінше, босниялық альпинистер тобы ресми тіркелген және олардың барлығының тауға шығу тәжірибесі болған.
Алайда Эльбруста ауа райы өте жылдам өзгеріп, желдің жылдамдығы сағатына шамамен 70 шақырымға дейін күшейген. Сонымен қатар қарлы боран басталған. Алдын ала деректерге сәйкес, дәл осы қолайсыз ауа райы қайғылы оқиғаның басты себебі болған.
Босния және Герцеговина бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, экспедиция мүшелерінің барлығы елдің орталық бөлігіндегі Зеница қаласының тұрғындары болған. Олардың арасында ерлі-зайыпты жұп пен дәрігер әйел де бар.
Ресейлік мемлекеттік агенттіктердің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты кемінде үш альпинистің мәйітін әзірге таудан түсіру мүмкін болмай отыр.
Оқиғаға байланысты Ресей Тергеу комитеті екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына әкеп соққан оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Екінші топта да бір адам көз жұмды
26 шілдеде Эльбрусқа көтерілген тағы екі альпинист 5300 метр биіктікте көмек сұраған.
Құтқарушылар жеткенше олардың бірі қайтыс болып, екіншісі эвакуацияланған.
Baza мәліметінше, олар Ставрополь өлкесі мен Тула облысынан келген туристер болған. Қаза тапқан адамның қатты суықтан үсіп қайтыс болғаны айтылып отыр.
Оның мәйіті де ауа райының қолайсыздығына байланысты әзірге тауда қалып отыр.
Эльбрус туралы
Эльбрус – Ресей мен Еуропадағы ең биік тау. Оның екі шыңы бар: Шығыс шыңының биіктігі – 5621 метр, Батыс шыңы – 5642 метр.
Екі шыңды 5416 метр биіктіктегі жалпақтау асу бөліп тұр. Олардың арақашықтығы шамамен 1,5 шақырым.
Эльбрустағы аспалы жол туристерді 3847 метр биіктікке дейін жеткізеді. Одан әрі альпинистер жаяу немесе арнайы шынжыртабан техникамен көтеріледі.