Елдегі жалғыз жеке клуб чемпион атанды
10 қарашада футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2024 жылғы маусымы аяқталды. Биылғы чемпионат аса тартысты өтіп, чемпион соңғы турда ғана анықталды. 24-турда сырт алаңда «Атырауды» жеңген алматылық «Қайрат» алтын медаль иегері атанды.
Ал «Астана» талдықорғандық «Жетісуды» 5:0 есебімен талқандағанымен, екінші орынды қанағат тұтты.
Соңғы турға дейін дәл осы «Астана» мен «Қайрат» чемпиондықтан үмітті болған. Ал «Ақтөбе», «Ордабасы», «Тобыл» сияқты үздік клубтар чемпионат аяқталуға бірнеше тур қалғанда бас жүлдеден күдер үзді.
Енді чемпион атанған «Қайрат» келер жылы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Ал «Астана», «Ақтөбе» және шымкенттік «Ордабасы» Конференция лигасында бақ сынайды. Кейбір БАҚ Қазақстан кубогын жеңген «Ақтөбе» Еуропа лигасының іріктеуіне қатысады деп жазып жатыр. Былтыр қостанайлық «Тобыл» жарыс жолын Еуропа лигасынан бастаған. Бірақ биыл Қазақстан Премьер-лигасы УЕФА коэффициенттер кестесінде топ-40 тізімнен шығып қалды. Сол үшін ақтөбелік клуб Конференция лигасына қатысуы мүмкін. ҚПЛ-дың ресми сайты бұл ақпаратты әлі нақтылаған жоқ, олар «Қайраттан» өзге 3 клубымыз Еурокубок маусымына қатысады деген жалпылама ақпаратпен шектеліп отыр.
УЕФА коэффициенттер кестесі клубтардың Еурокубокта көрсеткен өнеріне байланысты түзіледі. Мысалы, әр жеңіс үшін – 1, тең ойынға – 0,5 коэффициент беріледі. Биыл Еурокубоктың негізгі кезеңіне «Астана» ғана жолдама алды. Ал «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Тобыл» іріктеу кезеңінен аса алған жоқ. Бірақ елордалық клубтың өзі Конференция лигасының топтық кезеңіндегі матчтарға қосалқы құрам ойыншыларын шығарып, «әдейі» жеңіліп жүр.
Сондай-ақ қарағандылық «Шахтер» 24 турдан кейін небәрі 10 ұпай жинап, Бірінші лигаға түсіп қалды. «Шахтер» – футболдан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылып келе жатқан 1992 жылдан бері Премьер-лигадан «ұшпаған» жалғыз клуб еді. Бірақ биыл сол сәтті серияға нүкте қойылып, қарағандылықтар чемпионатпен қоштасты.
Ал Бірінші лигадан жоғары топқа көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Ұлытау» жолдама алды. Бірақ мұнда да жағдай өзгеруі мүмкін, жыл аяғына дейін келер жылы чемпионатта қанша команда бақ сынайтыны нақты белгілі болады. Ал оған дейін қазіргі 14 команда бойынша есептеп, жазып отырмыз.
Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергендер тізімінде 3 футболшы көш бастады. Олар – Ислам Чесноков («Тобыл»), Жоао Пауло («Қайрат») және Николай Сигневич («Атырау»). Бәрі 10 голдан соққан. Бұл өте төмен көрсеткіш екенін айта кетейік. Өткен 3-маусымда сұрмергендер 17-18 голдан соққан.
«Қайрат» – Қазақстандағы жалғыз жеке клуб. Клубтың бақылау кеңесінің төрағасы – Қайрат Боранбаев. Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Боранбаев Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, газ импорты кезінде ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталған. Бірақ былтыр қарашада бостандыққа шықты. Жауапты органдар оның мемлекетке келтірген шығынды төлеп бергенін айтты.
Алматылық команданың негізі 1954-жылы қаланған. Құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Соған орай жанкүйерлер арасында «клубтың мерейтойына чемпиондықты сыйға берді» деген сөз тарап жүр. Бұл сөз көпшіліктің турнирді ұйымдастырушыларға сенбейтінін аңғартады. Чемпионат барысында төрешілердің жұмысына және матчтың әділ өткен-өтпегеніне қатысты бірнеше рет дау туындады. Бірақ мұның бәрі жанкүйерлер арасындағы қауесет қана, заңсыздықты ешкім дәлелдей алған жоқ.
Премьер-лигада бақ сынаған өзге 12 клуб мемлекет қазынасынан қаржы алады. Көбінде не спорттық база, не жас футболшыларды тәрбиелейтін академия жоқ. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін бірнеше миллиард теңгені легионерлерге жалақы төлеуге ғана жұмсайды. Мысалы, биыл ел чемпионатында 321 футболшы тіркелген, оның 151-і легионер. Тіпті чемпиондыққа таласпайтын, алдына ешқандай үлкен мақсат қоймаған «Шахтер», «Тұран», «Жеңіс», «Қызылжар» сияқты клубтардың өзінде 12-ден шетелдік ойыншы өнер көрсетті.
Жақында «Дядя Ваня» телеграм-арнасы премьер-лига клубтарының 2024 жылғы бюджетін жариялады. Биыл ҚПЛ командалары жалпы сомасы 25,68 млрд теңге (52,5 млн доллар) болатын тендер жеңіп алған екен.
«Ордабасы» – 5,3 млрд теңге (облыстың спортқа жұмсалған жалпы шығынының 87,1%-ы)
«Ақтөбе» – 4,55 млрд (40,1%)
«Елім-ай» – 2,341 млрд (72%)
«Қызыл-Жар» – 2 млрд (51,5%)
«Атырау» – 1,9 млрд (29%)
«Тобыл» – 1,647 млрд (46,9%)
«Қайсар» – 1,636 млрд (70,6%)
«Жеңіс» – 1,599 млрд (28,9%)
«Тұран» – 1,399 млрд (24,7%)
«Жетiсу» – 1,396 млрд (32,7%)
«Шахтер» – 1,2 млрд (17,1%)
«Қайрат» – 0,75 млрд (3,2%).
Бұл тізімде «Астананың» қаржысы жайлы ақпарат жоқ. Өйткені елордалық клубты жергілікті әкімдік емес, Sport Qory спортты қолдау қоры қаржыландырады. Квазимемлекеттік сектордан қаржы алып отырғандықтан, клубтың нақты бюджеті келер жылы ғана жарияланады. Бірақ ол Қазақстандағы ең бай клубтардың бірі екені анық. Өйткені бюджеті былтыр – 5,3 млрд теңге, ал алдыңғы жылы – 4,8 млрд теңге болған.
Оның үстіне жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпқой клубтарға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны тексеріп, «Самұрық-Қазына» АҚ 2018-2023 жылдары «Астана» футбол клубына 50,1 миллиард теңге бергенін анықтаған. Бұл соманы 6 жылға бөлсек, әр жылға шамамен 8 млрд теңгеден келеді. Осы ақпараттың өзі «Астананың» 2024 жылғы бюджеті кем дегенде «Ордабасымен» шамалас екенін көрсетіп отыр.
Сонымен, биыл Қазақстан чемпионатына қатысқан 11 клуб үшін маусым аяқталды. Ал «Астана» ойыншылары әлі 4 матч өткізеді. Команданың Конференция лигасы аясында 3 кездесуі бар. Сондай-ақ Қазақстан лига кубогының финалында «Жеңіске» қарсы елордалық дерби өтеді.
Одан бөлек, ұлттық құрама ойыншылары екі матчқа қатысады. Станислав Черчесов шәкірттері 14-қарашада Алматыда Аустриямен, ал 17-қараша күні сырт алаңда Норвегиямен кездеседі. Бұл УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионындағы соңғы матчтар. 4 турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 1 ғана ұпай бар, шамасы С лигасына қайта оралатын сияқтымыз.
Қуан Өмірхан