Елена Рыбакина чемпиондық жарыста әлемнің бірінші ракеткасын басып озды
Елена Рыбакина WTA Race рейтингіндегі орнын өзгертіп, Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турниріндегі жеңісінен кейін бірінші орынға көтерілді.
Қазіргі таңда қазақстандық теннисші 3 983 ұпаймен көш бастап тұр.
Ол бұл көрсеткішпен әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь спортшысы Арина Соболенконы (3 800 ұпай) екінші орынға ығыстырды. Үшінші орында америкалық Джессика Пегула орналасқан.
Еске салайық, Штутгарттағы WTA 500 турнирінің финалында Елена Рыбакина Чехияның әлемдік рейтингтегі 12-орындағы теннисшісін 7:5, 6:1 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 19 минутқа созылды.
Рыбакина үш эйс жасап, бірде-бір қос қателік жібермеді және сегіз брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.
Бұл жеңісі үшін ол 161 мың еуро (шамамен 89 млн теңге) сыйақы алды, сондай-ақ Porsche 911 Carrera S автокөлігінің иегері атанды. Тіпті чемпион кортта осы көлікпен жүріп өтті.
Айта кетейік, WTA Race – бұл жыл сайынғы арнайы рейтинг. Онда тек осы маусымда жиналған ұпайлар есепке алынады. Маусым қорытындысы бойынша үздік сегіз теннисші WTA Finals турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болады.