Елімізде қызылша таралуы бойынша жағдай күрделі
Қызылша ауруына шалдыққан қазақстандықтардың дені вакцина алмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмагамбетова мәлім етті.
«Елімізде қызылшаның таралуы бойынша жағдай күрделі. Жыл басынан бері 11 057 дерек тіркелді. Оның ішінде қызылша жұқтырғандар 83%-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7% жасөспірімдер және 13,8% ересектер. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді. Атап айтқанда Алматы қаласында – 2031 жағдай, Шымкент қаласында – 2026 жағдай, Жамбыл облысында 392 жағдай және Алматы облысында – 1111 жағдай», - деді Айжан Есамағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қызылша жұқтырғандардың дені вакцина алмаған.
«Бұл ретте, 60%-да балалар егуден бас тартуға байланысты, 18,3%-да – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-да егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакцинация болып табылатынын ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр», - дейді ол.
Айта кетейік, қазір елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Қызылша кезінде инфекция көзі ауру адам, вирус ауа-тамшы жолымен беріледі және өте жоғары жұқпалылығымен ерекшеленеді.
Қызылша ауруы байланыста болған, осы инфекцияға қарсы иммундық қорғанышы жоқ адамдарға тез жұғады. Қызылшамен ауырмағандар, екпе алмағандар немесе бір рет екпе алғандар аурудың жоғары қаупіне ұшырайды. Қызылша жасы бойынша вакцинациялауға жатпайтын 1-5 жасқа дейінгі балалар үшін ерекше қауіпті.