Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:09, 18 Наурыз 2024

Елтаңбаны өзгертуге қанша қаражат кетеді?

елтаңба
Фото: из открытых источников

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі күні Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға байқау жарияланатынын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, қазіргі Елтаңба тым күрделі, Кеңес заманындағы Гербке ұқсайды дейтін азаматтардың пікірі ескерілуі керек. 

Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады, - деді Президент.

Ал, Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков Азаттық радиосына берген пікірінде Президент шешіміне қарсы келмейтінін айтқан. 

Президент айтқаннан кейін ол бекерден бекер айтпайды, біліп айтады. Сондықтан да президентке қарсы шыға алмаймын. Мен жасаған елтаңбаны парламент мақұлдады, 30 жыл елге қызмет етті. Заман өзгереді. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек, комиссия талқылауы керек. Халық шешеді, парламент шешеді, – деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков 16 наурызда Азаттыққа.

Ал, қоғам белсендісі Санжар Боқаев әлеуметтік желіде Елтаңбаны өзгертуге қанша қаражат кететінін есептеген.

«Мен облыстық емханадамын. Осы жерде Елтаңбамыз ілулі тұр. Қазақстанның Елтаңбасы. Өте әдемі. Ал диаметрі 50 см болатын мұндай Елтаңбаның бір данасы шамамен 70 мың теңге тұрады. Мемлекеттік ғимараттарға ілінетін диаметрі 1 м болатын үлкенірек елтаңба шамамен 140 мың теңге тұрады.Мемлекеттiк органдардың, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, мемлекеттiк басқару органдарының, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерінің кеңселерiндегі елтаңбаларды өзгертуге бiрiншi жылдың өзiнде 7-8 млрд жұмсалады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың, соның ішінде шетелдегі елшіліктердің барлық нысандарына елтаңбалар ілінеді. Осының бәрін қайта басып шығару үшін тағы 2-3 миллиард теңге қажет. Бұл шығынның бәрі бізге қазір не үшін керек?» – дейді ол әлеуметтік желідегі видеосында.

Елтаңбаға кетуі мүмкін шығында ProTenge басылымы да есептеп көрген. Олардың мәліметінше, министрліктердің елордада елтаңбаларды сатып алу құны 40 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мәселен, Қорғаныс министрлігі 2017 жылы 847 бірлікке шамамен 38 млн теңге жұмсалған.

Қалалық және облыстық масштабта Елтаңбаны ауыстыру бір басқарма деңгейінде 10 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақтөбе облысының полицейлері екі-ақ қасбеттік елтаңба үшін 4 миллион теңге төлеген.

Ал, аудандар ше? Мәселен, Сарыағаш аудандық білім бөліміндегі елтаңбаларға 6,4 млн теңге көлемінде ақша жұмсалған. Елімізде Статистика бюросының мәліметі бойынша – 188 аудан бар. Әрқайсысында білім бөлімі бар. Елтаңбаларды жаңартуға еліміздегі әрбір аудандық білім бөлімі 6 миллион емес, 2 миллион жұмсаса, қазірдің өзінде 376 миллион теңге кетеді!

Енді бұл сандарды 89 қалаға, 2000-нан астам әкімдіктерге және 6000-нан астам ауылға көбейтіңіз, деп жазады басылым. 

Айта кетейік, Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

 

 

Фото: tekelinews.kz

Тегтер: