Францияда 100 мыңнан астам адам шеруге шықты
Францияның бірнеше қаласында жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр.
Ел Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 14 қараша күні шеруге 106 мың адам қатысқан. Ал кәсіподақтар қатысушылар саны 200 мыңға жеткенін мәлімдеді. Париждің өзінде шамамен 24 мың адам көшеге шыққан.
Наразылық білдірушілер үкіметтен қымбатшылықты тежеуді, бюджет пен әлеуметтік саясатты қайта қарауды талап етті. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыруды, әлеуметтік көмекті жақсартуды, полиция зорлығына тосқауыл қойып, балалардың қауіпсіздігін күшейтуді сұрады.
Шеруге шығуға себеп болған мәселелердің бірі – полицияның өкілетін кеңейтуді көздейтін заң жобасы. Құжат қабылданса, полиция қызметкерлерінің қару қолдануы белгілі бір жағдайда әдепкіде өзін-өзі қорғау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін.
Заң жобасына қарсы шыққандар бұл норма полицейлерді өкілетін асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартуды қиындатады деп санайды. Сондықтан олар бастаманы "адам өлтіруге рұқсат беретін заң" деп атаған.
Наразылық акциялары кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ел бойынша шамамен 70 мың полицей жұмылдырылды. Шерулер барысында 121 адам ұсталып, бірнеше қалада полиция көзден жас ағызатын газ қолданды.
Франция Ішкі істер министрлігіне қарағанда, наразылық акциялары жалпы алғанда тыныш өткен.