Қоғам

Енді қазақстандықтар жеке дерегінің таралғанын арнайы жүйе арқылы көре алады

Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Ұсынылып отырған түзетулер азаматтардың жеке мәліметтерін қорғауға қатысты конституциялық нормаларды дамытуға бағытталған.

жеке дерек, компьютер

Құжат аясында дербес деректер операторларын жаңа форматта жіктеу қарастырылған. Енді олар өңделетін ақпарат көлемі мен ықтимал тәуекел деңгейіне қарай шағын, орта және ірі санаттарға бөлінеді. Әр санат үшін талаптар да әртүрлі болмақ. Осылайша, салада тәуекелге негізделген реттеу тетігі енгізіледі.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – таралған дербес деректердің арнайы тізілімін құру. Мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы әрбір азамат өзіне қатысты қандай мәліметтердің ашық кеңістікке шығып кеткенін немесе таралу қаупі бар екенін тексере алады. Бұл адамдарға дер кезінде қорғану шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар дербес деректерді жариялау және алмасу талаптары күшейтіледі. Атап айтқанда, ашық түрде жарияланатын құжаттарда жеке мәліметтерді бүркемелеу, хеш-кодтарды пайдалану міндеттеледі. Ал деректерді операторлар арасында беру кезінде оларды шифрлау талаптары енгізіледі.

Бұдан бөлек, азаматтардың жеке мәліметтерін жариялауға берілетін келісім тәртібі нақтыланады. Енді келісім беру кезінде адамның деректерін ашық көздерде жариялауға рұқсаты бар-жоғы нақты әрі бөлек көрсетілуі тиіс.

Құжатта цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарына қатысты бақылау функцияларын қайта бөлу де қарастырылған. Басқару саясаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде сақталса, мемлекеттік бақылау өкілеттігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру ұсынылып отыр.

Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер дербес деректердің қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтардың цифрлық ортадағы қорғанысын арттыруға бағытталған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз