Енді жолаушы ұшпаған жағдайда әуе билетінің ақшасы қайтарылуы мүмкін
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мәжілісте «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Жаңартылған заң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, медицина және туризм сияқты қаржы саласынан басқа дерлік барлық қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Жаңа заңмен не өзгереді?
-
Көптеген инстанциялардың орнына тұтынушы сотқа дейінгі сатыда және сотта екі инстанцияға ғана жүгіне алады.
-
Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіліп, қоғамдық ұйымдар азаматтардың мүддесін қорғау үшін кеңірек өкілеттілікке ие болады.
-
Тұтынушылардың құқығын бұзған компаниялар қаржылық санкцияларға дейін ауыр жауапкершілікке тартылады.
-
Онлайн сатып алу кезінде қорғау күшейтілді: Жаңа нормалар тұтынушыларды электрондық саудадағы алданып қалудан қорғайтыны айтылған.
Сонымен қатар, заң жобасында медициналық бұйымдар мен ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын қайтаруға болмайтын тауарлар тізімінен шығару, сондай-ақ авиабилет сатып алу және туристік қызмет көрсету туралы шарттар бойынша 100% қайтармау талабын алып тастау ұсынылған.
Негізгі заң жобасына қосымша, өзгерістер Азаматтық және Азаматтық процессуалдық кодекстерге, сондай-ақ көлік, туризм, сауда, ақпаратқа қол жеткізу және табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға енгізіледі.