Ермек Нарымбайдың ісі сотқа жолданды: белсенді изолятордағы аштықты тоқтатты
Белсенді Ермек Нарымбай ісі сотқа өткеннен кейін оның тергеу изоляторында жариялаған аштық акциясы тоқтатылды. Бұл туралы оның адвокаты Василий Садықов мәлімдеді.
Қорғаушының айтуынша, Нарымбай аштықты 15 мамыр күні тоқтатқан. Сол күні оған іс материалдарының сотқа жіберілгені туралы хабар берілген. Ал қылмыстық іс ресми түрде 18 мамырда сотқа түскен.
Адвокат тергеу 22 сәуірде аяқталғанымен, іс материалдары ұзақ уақыт прокуратура қарауында болғанын айтады. Қорғау тарапы құжаттарда бірқатар процессуалдық заңбұзушылықтар бар деп есептейді.
Сонымен қатар қорғаушылар сот процесін ашық форматта өткізуді талап етіп отыр. Олардың пікірінше, іс материалдарында мемлекеттік құпия жоқ.
Еске салайық, Ермек Нарымбайға қатысты жаңа қылмыстық іс 2026 жылдың ақпанында қозғалған. Ол Қырғызстан аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға жеткізілген. 5 ақпанда Астана соты оны қамауға санкция берген.