Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:19, 28 Наурыз 2024

Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы: Қорғаныс қабілетін арттыру үшін қанатты зымырандар керек

Ермек Сейітбатталов
Фото:

Әлемді соғыс елесі кезген сайын мемлекеттің әскери әлеуеті туралы сұрақ өзекті мәселеге айнала бастады.

 Соңғы уақыттарда Қазақстанның әскери әлеуеті туралы да жиі айтылып жүр. Шын мәнісінде, біздің қорғаныс қабілетіміз қаншалық, қорғаныс-өнеркәсібімізді қалай дамытамыз, халықаралық әскери ынтымақтастықтың бізге келтірер пайдасы неде? Осы және өзге де сұрақтарды белгілі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовқа қойып көрдік. 

Ермек аға, әңгімемізді еліміздің қорғаныс қабілеті туралы сұрақтан бастайық. Бүгінгі қорғаныс қабілетіміздің, атап айтқанда, қарулы күштер мен арнайы органдардың деңгейі қандай?

– Қорғаныс қабілетіміздің деңгейі туралы сұрақты қазір қызметте жүрген әскери басшыларға қою керек еді. Менің пайымдауымша, Қарулы күштерге өте терең реформа қажет болып тұр. Бүгінгі күні Қарулы күштер белгілі жұмыстар өткізіп жатыр. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар қазіргі соғыстың талаптарына сай келмейді. Бүгінгі соғыстың сипаттамасы да, мінезі де мүлдем басқа. Осы себептен, Қарулы күштерде өте терең реформаны өткеру керек.

– Еліміздегі қорғаныс қабілетін арттыру үшін қайтпек керек? Қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Ең бастысы, қару-жарақтан бастау керек. Өзіміз оны өндіре алмаймыз. Өндіргенімізше жағдай өзгеріп, мүмкіндігіміз шектеліп қалуы ықтимал. Сол себептен, шетелдерден озық, заманға сай қару-жарақтың үлгілерін сатып алу керек. Түркия елі қазір көп технология жағынан көш алдында келе жатыр.
Еліміздегі қорғаныс қабілетін арттыру үшін бізге қанатты зымырандар керек. Бірнеше мың километр қашықтыққа ұшатын және нысананы дәл тауып, жоюға кепілдік беретін қабілеті бар. Жаудың әуеден ұйымдастырған шабуылына қарсы тұрып, өзімізге шығын келтірмейтін қару-жарақ керек.
Сондай-ақ теңіздегі еліміздің байлық көздерін қорғай алатын әскери кемелер қажет. Сонымен қоса, қару-жарағы бүгінгі күннің талабына сай құрлық әскер керек. Мұнымен қоса, ұтқыр әскер мен арнаулы күштері елімізге қажет. Осы көрсетілген салаларды жауынгерлік мәліметпен қамтамасыз етіп тұратын заманға сай барлау-бақылау құралдарымен қамтамасыз еткен салалар болуы тиіс. Бұдан басқа да шаралар ұйымдастыру керек болып тұр.

– ⁠Енді шет елдермен әскери ынтымақтастық жағдайы туралы сөз қозғасақ. Біз бірқатар мемлекеттермен әскери ынтымақтастық ұйымдар құрамындамыз. Бұл ұйымдар қай тарапқа тиімді, бізге қандай пайдасы бар?

– Иә, Қазақстан Қарулы күштері көп елдермен әскери ынтымақтастық орнатты. Бірақ айтарлық нәтиже берді деп айтуға әлі қиын. Әскери ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – қару-жарақ алу, әскерилерді оқытып, озық тәжірибелер, технология алысып тұру. Ал негізі мақсат – территориясы шекаралас және мүддесі бірге болған әріптестермен, одақ құрып, кез келген жауға бірге тұрып, елді қорғау.

Бірнеше ай бұрын «түрік халқы әскери дрон өндіріп жатыр» деп БАҚ көздері жарыса жазды, ал біздің осындай қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қауқарымыз жете ме? Әлде шет елден экспорт жасаған тиімді бола ма?

Иә, Түркиядан алынған ұшқышсыз аппараттарды біздің әскерилер сынақтан өткізіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Енді өз елімізде оны өндіру үшін көп қызмет жасау керек болып тұр. Конструкторлық және жұмыс жасайтын пайдалану нұсқаулығын жақсы меңгеріп, технология талаптарын сақтап, жұмысқа кірісу керек. Негізі бұл әлі де шешімін күтіп тұрған шаруа.

Қазіргі классикалық соғыстың сипаттамасы мүлдем өзгерді. Біз гибридтік соғыс туралы әзірше айтпай-ақ қояйық, дегенмен оның жетінші қадамы сол классикалық соғыс. Гибридтік соғысты да талқылап, талдау уақыт еншісіндегі дүние.

Классикалық соғыс аспаннан соққы бергеннен басталады. Бұл соққы елдің ең жанды, сезімтал жерлеріне беріледі. Электроқуат, жылу, ауыз су беретін қоймалар, әуежай, байланыс жүйелері, көпірлер, теміржол тарайтын бекеттер, тағы басқа осы сияқты елдің өмірін, өндірісін, ауыл шаруашылығын қамтамасыз етіп тұрған тараптарды нысанаға алады. Елдің арғы-бергі шекарасына соққы беріледі. Сол кезде майдан (фронт), тыл деген ұғым болмайды. Бір жақта соғысып, басқа жақта оған құрал-жабдық, азық-түлік даярлауға халықта мүмкіндік болмайды. Елдің түгел жері майданға айналады. Осындай жағдайда елімізде заң бойынша қабылданған территориялық қорғаныс ұтымды болады.

Әрбір қаланы, ауылды өз тұрғындары ешқайда ауыспай, өздері жаудан қорғайтын болады. Соғыс уақытында сол қаланы, сол ауылды қорғайтын әскери құрылымдарға белгілі көмек көрсетеді. Әрбір жұмысшы, әрбір тұрғын өз міндетін жақсы білетін болады. Оң жағында, сол жағында кім тұратынын, қандай алшақтықтан, қай сектордан жауға оқ жаудыратынын жақсы білетін болады. Мұндай кезде адамдар қалай қимылдайтынын жақсы білу үшін айында бір-екі күн жаттығу жасап, ал жылына үш апта бойы ұдайы жаттығуға қатысса, нәтиже өнімді болар еді.

Ал еліміздің жоғары оқу орындарына әскери кафедра бітірген, қазіргі уақытта запастағы офицер атағына ие болып жүрген жастарды екі жылдық мерзімді әскери қызметке шақыруды. Олардың саны жеті жүз елу екі. Әскери кафедрадасының даярлығынан өткен офицерлермен кадрдағы офицерлердің даярлығында айырмашылық көп. Дегенмен кейбір жоғары мамандардың тапшылығы білінеді. Әрине, олар әскери саланың комплекті дефицитін жаба алмайды, бірақ осындай шараға баруға мәжбүр болып тұр. Бұл туралы үкімет үкімі 25 қаңтарда шықты, ол 9 ақпанда күшіне енді.

Жақсылық Қазымұратұлы