Ержет Жарылқасын: қымбат витамин ішіп, салмақ қуып көрген жоқпын

Грек-рим күресі – төрткүл дүниеге кең таралған классикалық күрес.
Ол ежелгі Грецияда пайда болып, Рим империясында дамыған. Грек-рим күресінің заманауи, қайта жанданған түрі 19 ғасырдың бірінші жартысында Францияда қалыптасты, сондықтан кей жұрт оны «француз күресі» деп те атап жүрді.
Классикалық күрес ешқашан халықаралық ірі турнирлердің тізімінен тыс қалған емес. 1896 жылы Афинада өткен алғашқы Олимпиада ойындарынан бері жарыс бағдарламасына еніп келе жатыр (тек 1900 жылғы Олимпиада ойындарында күрес жарыстары болған жоқ). Бұл спорт түрінен 1898 жылдан бастап Еуропа чемпионаты, 1904 жылдан бері әлем чемпионаттары өтеді. 1912 жылы құрылған Халықаралық күрес федерациясына әлемнің көптеген мемлекеті мүше болып отыр.
Қазақстанға грек-рим күресі XX ғасырда келді. Атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлы күрестің осы түрінен әлемді мойындатқанын білеміз. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров те грек-рим күресінің шебері болатын.
Ал тәуелсіздік жылдары Юрия Мельниченко (алтын, 1996), Георгий Цурцумия (күміс, 2004), Мхитар Манукян (қола, 2004), Нұрбақыт Теңізбаев (қола, 2008), Даниял Гаджиев (қола, 2012) сияқты балуандарымыз Олимпиада жүлдегері атанды. Былтыр Парижде өткен Олимпиадада Демеу Жадыраев ақтық сынға дейін жетіп, күміс медаль иегері атанды.
Яғни қазақстандық балуандарға грек-рим күресінен Олимпиада ойындарында жалғыз алтын медаль бұйырды. Мельниченко чемпион болғаннан бері де 30 жылға жуық уақыт өтті. Ал финалға үш-ақ спортшымыз шыққан.
Бірақ Қазақстанда грек-рим күресімен айналысатын азаматтар аз емес. Болашағынан үміт күттіретін жастар да бар. Солардың бірі – Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ержет Жарылқасын. 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын балуанымыз 2024 жылы ересектер арасында атой салды. Жақында Ержетпен сұхбаттасып, спорттағы жолы жайлы сұраудың сәті түсті.

– Ержет, өткен жыл сен үшін өте табысты болды. Алдымен Азия чемпионы атандың, әлем чемпионатында күміс медаль иелендің, жыл қорытындысы бойынша ФИДЕ-нің 63 келі салмақтағы үздік палуаны деп танылдың. Сұхбатымызды Азия, әлем чемпионатындағы белдесулерден бастасақ.
– Азия, әлем чемпионатына қатысу құқына Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған балуандар ие болатыны белгілі. Бұл ретте Қазақстан чемпионатында бәсекелестік өте жоғары дер едім. Әсіресе ел чемпионатындағы Жетісу облысының балуаны Ілияс Даутовқа қарсы екінші белдесуім оңай болған жоқ. Белдесу бітуге соңғы минут қалғанда 1:5 есебімен жеңіліп жатып, 6:5 нәтижесімен жеңіп кеттім. Жартылай финал, финалдық белдесулер де өте тартысты өтті. Бабым келісіп, бағым жанып, ел чемпионы атандым.
Одан соң тұңғыш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Бішкек боз кілемінде Оңтүстік Корея, Сауд Арабия, Солтүстік Корея палуандарын жеңіп, ақтық сынға шықтым. Финалда жапон балуаны Аяти Сузикимен белдесуім әсерлі сәтімен есімде қалды. Өте тартысты өткен белдесу 6:6 есебімен аяқталып, әдіс сапасы бойынша жеңімпаз атандым. Чемпион атанып, көк ту ұстап, кілемді айналып жүгірген сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әнұран шырқалған сәтте жаттығудағы шаршағаның, бұрынғы қиналғаның бәрі-бәрі ұмытылып кетеді екен.
Азия чемпионатынан кейін аз-кем демалып, жаттығуды қайта бастадық. Хорватияда оқу-жаттығу жиынына қатыстық, Ресейдегі халықаралық жарысқа қатысып қола алдым. Мұның бәрін әлем чемпионатына дайындық деп қарадық. Жарақат алып қалмауды, салмақты өсіріп алмауды, бабымызды жоғалтып алмауды негізгі мақсат еттік.
Ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты болғаннан кейін бе, Албания боз кілеміндегі әр белдесу, әр сәт есімде жақсы сақталып қалды. Әлем чемпионатындағы алғашқы қарсыласым Польша балуаны болды. Ол жігітпен бұрын күреспегеніммен, әлем чемпионатына бұрын да қатысқан тәжірибелі балуан еді. Бірақ белдесу аса қиынға соққан жоқ. Одан кейінгі француз жігіті күштірек екен. Дегенмен алдын ала құрған жоспарымыз жемісін беріп, жеңіске жеттім. Жартылай финалда ресейлік балуанмен жолымыз түйісті. Ол жігіт те осал емес. Олимпиадаға жолдама жеңіп алып, санкцияның салдарынан бара алмай қалған. Бірақ белдесу күткенімдей аса тартысты болмай, менің пайдама шешіліп, еркін жүріп жеңдім. Содан кейін финалда сол екпінмен әзербайжандық Нихат Мамедлиді де атып ұрамын деп асығып кеткен сияқтымын. Өкінішке қарай, жеңіліп, күміс медаль бұйырды. Шынымды айтсам, күміске көңілім толмай, қолда тұрған алтыннан айырылып қалғандай күй кештім. Әлем чемпионатының күмісін жеңіп алсам да, елге келгенше бір түрлі күйде жүрдім. Тек Таразға табаным тиіп, ел-жұрт сый-құрметпен күтіп алғанда ғана әлем чемпионатынан жүлде алғанымды сезіндім.
Жерлестерім күтпеген жерден соңғы үлгідегі Toyota Camry көлігін сыйлады.

– Құланда грек-рим күресіне қарағанда еркін күрес жақсы дамығанын білеміз. Сенің бұл күрес түрін таңдауыңа не себеп болды?
– Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылында 2000 жылы қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкемнің аты Есен, анамның есімі Айтбала. Мен туған өлке Құланнан даңқты спортшылар көп шыққан. Бокстан Ермахан Ыбырайымов, еркін күрестен Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, дзюдодан Елдос Сметов сияқты сайыпқыран спортшылар Олимпиаданың жеңімпаз-жүлдегерлері атанған ел мақтаныштары. Біз бала күнімізден олардың жетістіктерін естіп, көріп өстік.
Мені ауылдағы күрес залына ағам Ахмет ертіп апарды. 4-сыныпта оқитынмын. Алғашқы жаттықтырушым Нұркен Қырбасов ағай. Күрестің әліппесін, айла-тәсілдерді алғаш сол кісіден үйрендім. Бала күнде бізде анау спорт, мынау спорттың түріне қатысамын деген таңдау болған жоқ. Жалғыз грек-рим күресі бөлімі болды. Әлі есімде, алғаш аудан орталығындағы жарысқа барғанымызда грек-рим күресінен барған бала саны аз болып, еркін күрестен сынға түстік. Сол жарыста 3-орын алып, қола медальмен қайттым.
Күреске деген қызығушылығым 7-сыныпта Тараз қаласындағы спорт-интернатқа қабылданғанымнан кейін арта түсті. Әлі есімде, спорт-интернатқа тамыз айындағы іріктеуде салмағың жетпейді деп қабылдамады. Желтоқсан айында тағы келдік. Ынта-құлшынысымызға қарады ма, әйтеуір, 26 келі ғана болсам да, ең жеңіл 32 келі салмақтағыларға қосып, қабылдады.
Ең алғаш халықаралық жарысқа 2016 жылы 16 жасымда қатыстым. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 3-орын алып, Түркияда өтетін турнирге мені жіберді. Бірақ бабымыз дұрыс болмады ма, әлде шет елдегі алғашқы жарысым болғаннан кейін қобалжу болды ма білмеймін, сол турнирде сәтті өнер көрсете алмай, жүлдесіз қайттым. Содан соң жастар санатына ауысып, күресіп жүргенде карантин басталып кетіп, жарыстардың барлығы тоқтады. Бірақ біз жаттығуымызды тоқтатқан жоқпыз.
Содан кейін 2022 жылы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, Азия чемпионатында қола медаль алдым. Бірақ осы санаттағы әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізе алған жоқпын. Содан соң Болгарияда өткен халықаралық жарыста жеңімпаз атандым.
– Күресте алдыңғы аға буыннан кімдерді үлгі тұтасың?
– Өзім жеңіл салмақта күрескендіктен, сол салмақтағы тәжірибелі балуандардың күресін көріп, қарап отырамын. Алдыңғы буыннан Алмат Кебісбаевтың, Нұрбақыт Теңізбаевтың күрестерін ерекше атап айтуға болады. Ол кісілерден көптеген тәсілдерді үйрендік. Күрестерін қарап өстік. Аға спортшылардың күрестен бөлек, оқу-жаттығу жиындары кезіндегі адами қасиеттерін, қарапайымдығын, кішіпейілдігін, қамқорлығын ерекше айтуға болады. Үлгі тұтатын азаматтар. Сонан соң Мейрамбек Айнағұловты айтар едім. Өзіндік стилі бар спортшы. Қазір екеуміз бір салмақта күресеміз, кілемдегі қарсыласым.
Өзбекстан атынан күресіп, әлем чемпионатының бірнеше жүлдесін жеңіп алған қазақ жігіті Елмұрад Тасмұратовтың күресіне де қызығып өстім.
– Әлемде мықты балуандар көп. Оның ішінде сен күресетін салмақта да мықтылар жетерлік. Олардың күресіне талдау жасап отыратын боларсыңдар?
– Әлбетте, кубалық Орта Санчес, әзербайжандық Хасрат Жапаров, ирандық Олимпиада чемпионы Герай деп тізе беруге болады. Бірақ бұл балуандардың да осал тұсы бар. Күресуге болады.

– Балуандардың үлкен бір мәселесі – ақ тер, көк тер болып салмақ қуып жатады...
– Менде бұл жағынан мәселе жоқ. Жалпы бала күннен 1-2 келі болмаса, салмақ қуған емеспін. Дұрыс тамақтануды жолға қойғанмын. Шет елдерге шыққанда тамақ мәселесінен қиындық туып жататын сәттер болады. Ондай кезде ағаларымыздың жолымен өзімізбен бірге қазы алып барамыз. Жасыратыны жоқ, «доширак» ішіп те күресіп, жеңіп қайтқан күндер болған. Мен өзі өмірімде қымбат витамин ішіп көрмегенмін.
– Күреске қол сілтеп кетіп қалғың келген кездер болды ма?
– Иә, бала күнгі еркеліктерді айтпағанда, 2021 жылғы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Қабдунасыр деген жігіттен ұтылып, өзіме көңілім толмай, қатты қынжылып, күресті қойғым келді. Қабдунасырға оған дейін де екі рет есе жібергенмін. Бір жігіттен қатарынан үш рет ұтылу қатты ауыр тиді. Көңіл күйім түсіп, ештеңеге зауқым соқпай, 2 ай жаттым. Содан бір жағынан жаттықтырушым, бір жағынан ата-анам, бауырларым ақыл-кеңестерін айтып, 2 айдан соң боз кілемге қайта оралған кезім бар.
Сол кезде «қазіргі қиыншылықтардың бәрі өтпелі, ертең жемісін көресің. Әлі-ақ Олимпиада, әлем чемпионы атанасың» деп ақылын айтқан жанашыр жандардың қамшылауынан соң дайындықты қайта жалғастырдық. Шүкір, Азия чемпионы, әлем чемпионатының күмісі бұйырды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз деген ойдамын. Бұйырса, биылғы жоспар былтырғы бұйырмай қалған әлем чемпионатының алтынын алу. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды» демекші, ең биік мақсат – Олимпиада ойындарының жеңімпазы атану екені белгілі.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет, Ержет! Белдескеннің жауырынын жер иіскетіп, жеңістен жеңіске жете бер! Олимпиаданың, әлем чемпионатының жеңімпазы болуыңа тілектеспіз!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы