Роналду Португалия құрамасынан кетуі мүмкін
Криштиану Роналду Португалия құрамасының сапынан кетіп, Мадридке ұшып кетті. Мұндай шешімге футболшы мен бас бапкер Жорже Жезус арасындағы келіспеушілік себеп болған.
Федерация Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты нақты пікір білдірмеді. Ресми мәлімдемеде команданың Дания мен Норвегияға қарсы сырт алаңдағы кездесулерге белгіленген жоспар бойынша дайындалатыны айтылған.
Роналдудың командадан кетуіне бас бапкер Жорже Жезуспен болған келіспеушілік себеп болғаны ғана хабарланды. Бұған дейін бапкер футболшыны Данияға қарсы кездесуде алаңға шығармайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, Роналду қосалқы құрамда болады және қажет болған жағдайда ғана ойынға қосылады.
Жезус бұл шешімнің футболшымен алдын ала талқыланғанын айтқан. Бапкер өзінің тактикалық шешімдерін ешбір ойыншы үшін өзгертпейтінін атап өткен.
Осыдан кейін Роналду Португалия құрамасының орналасқан жерінен кетіп, әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялады. Футболшы командадан кетуінің нақты себептері туралы кейінірек айтатынын жеткізген.
Португалияның кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын жазып жатыр. Алайда футболшының өзі де, Португалия футбол федерациясы да оның ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеген жоқ.