Ескерткіш тақтам тұрады, осы үйдің қабырғасында

Бүгін Алматы қаласында қазақтың классик ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың құрметіне 1991-2004 жылдар аралығында тұрған "Самал 2" ықшам ауданындағы № 42 үйіне ескерткіш тақта қойылды.

Әлемнің шын ақындары қай ғасырда да, қай уақытта туса да бәрібір бүкіл заманның ақыны болып қала береді. Абай мен Мағжан, Пушкин мен Лермонтов, Байрон мен Гете... Тізімді ұзақ жалғастыруға болады. Бұл ақындар адамзаттың бәріне ортақ. Есенғали Раушановты да осы тізімге қосуға болады.

Өзі айтқандай, қай кезде де поэзияның басты міндеттерінің бірі – қоғамдық ойдың қозғаушы күші болу десек, Есанғали Раушанов өлеңдері осы міндетті адал атқара білді. Бұлай дейтініміз – Есенғали Желтоқсан оқиғасы кезінде «Қарабауыр қасқалдақ» деген өлең жазып, қазақтың шерлі жүрегін жұбатқан. Соңынан шәкірт ертіп, қазақтың дәстүрлі қара өлеңін өз стилінде жазған шайыр. Өз мектебін қалыптастырып, классик атанған ақын.
Ақынның бақиға аттанғанына, қабіріне құс аяғы талғанда қонып-ұшатын құлпытас орнатылғанына да 2 жыл өтіпті. Бірақ енді ғана есенғалитану дәуірі, оның жазған ескі өлеңін жаңа ұрпақ жаттайтын уақыт келе жатқан сияқты.