Әлеумет

Танымал блогердің бизнес-турлары тексеріледі

Қазақстанның Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ДЭР) танымал блогер әрі инфлюенсер Еркежан Шайхиеваға (Shaihk) қатысты тексеру бастаған. Бұл туралы заңгер Анна Чернова мәлімдеді.

Еркежан Шайхиева

Тексеруге блогердің аудиториясына арнап ұйымдастырған Қытайға бизнес-турлары себеп болған. Мұндай сапарларға қатысу құны бір адамға 1–1,2 миллион теңге аралығында болған.

Заңгердің айтуынша, блогердің әрекетінен заңсыз кәсіпкерлік белгілері (ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы) байқалуы мүмкін. Себебі топтық туристік сапарларды ұйымдастыру үшін арнайы лицензия қажет. Енді құқық қорғау органдары мұндай лицензияның болған-болмағанын анықтайды.

Сонымен қатар сапарлардың қаржылық жағына да күмән туындаған.

«Төлем қабылданғанын растайтын құжаттар бар. Атап айтқанда, "топтық тур" деген мақсатпен рәсімделген 200 мың теңгелік фискалдық чек бар. Алайда басқа төлемдердің чектерінде "әйелдер киімі" және "жарнама орналастыру" деген мүлде басқа мақсат көрсетілген», – деді Анна Чернова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның бағалауынша, 15 адамнан құралған бір топтан блогер 15-18 миллион теңгеге дейін табыс тапқан болуы мүмкін. Енді ЭТД қанша тур ұйымдастырылғанын, түскен қаражаттың қайда жұмсалғанын, салықтың төленген-төленбегенін және клиенттермен ресми келісімшарттардың жасалған-жасалмағанын тексереді.

Еркежан Шайхиева – саяхат, сұлулық, шопинг және Қытаймен бизнес тақырыптарында контент жасайтын қазақстандық инфлюенсер.

Соңғы уақытта ол бірнеше даудың ортасында болған. 2026 жылдың басында блогер Алматы – Гуанчжоу рейсінде өзін жайсыз сезінген кезде әуе компаниясының бортсеріктері тиісті көмек көрсетпеді деп айыптаған. Алайда Air Astana бұл айыптауларды жоққа шығарып, өз беделін қорғау үшін сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеген.

Бұдан бөлек, тағы бір инфлюенсер Зульфия Худиярова Шайхиеваны көпшілік алдында қорлады деп полицияға арыз түсірген.

Айта кетейік, бұл – блогерлердің табыс көздеріне байланысты құқық қорғау органдарының назарына ілінуінің алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін Жанабыловтар отбасы автокөлік ұтыстарын заңсыз ұйымдастырғаны үшін сотталған еді. Ерболат Жанабылов екі жыл шартты жаза алып, мүлкі тәркіленсе, жұбайы Эльмира Төлегеноваға жазаны өтеуі кейінге қалдырылған екі жылдық бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз