Оқиғалар

Еуразиядағы ықпалды ұйым. ШЫҰ кеңесінің кезекті отырысы өтті

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси шиеленістердің күшеюі, жаһандық сауда жолдарының тұрақтылығына төнген қатерлер, климаттың өзгеруі мен су ресурстары мәселесінің ушығуы мемлекеттер арасындағы үйлесімді іс-қимылдың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.

1

 Осындай жағдайда өңірлік ұйымдардың рөлі күшейіп, көпжақты дипломатияның мәні артып келеді. Бұл тұрғыда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Еуразия кеңістігіндегі ықпалды халықаралық құрылымдардың бірі ретінде ерекше назар аудартады.

24 шілде күні Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті, оған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысты. Кездесу барысында делегация басшылары қазіргі халықаралық ахуал жағдайында ұйымға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдету мәселесін талқылап, 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық барысын қарастырды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылғаннан бері халықаралық қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бағытында маңызды алаңға айналды. Қазір ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер әлем халқының шамамен жартысына жуығын қамтып, жаһандық экономиканың елеулі бөлігіне иелік етіп отыр.

Қазақстан ұйымның құрылуына бастамашы болған мемлекеттердің бірі ретінде оның қызметіне белсенді қатысып келеді. Астана әрдайым ШЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін күшейтуге, ұйымды заман талабына бейімдеуге бағытталған бастамаларды қолдап келеді.

Шолпан-Атадағы кездесуде сөз сөйлеген Ермек Көшербаев осы мәселелерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазір өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен көпсалалы ынтымақтастықты дамытуда ШЫҰ-ның маңызы артып келеді. Қазақстан ұйым қызметін қолдауды жалғастырып, оның әлеуетін одан әрі күшейтуге мүдделі болып отыр.

Кейінгі жылдары халықаралық сауда жүйесі бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Әлемнің әртүрлі аймақтарындағы қарулы қақтығыстар мен саяси текетірестер жеткізу желісінің тұрақтылығына әсер етіп, энергетикалық нарықтарға қысым түсіріп отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрі осы мәселеге арнайы тоқталып, геосаяси тұрақсыздықтың сауда қатынастарына елеулі ықпал етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, халықаралық көлік дәліздері мен логистикалық бағыттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналды.

Министр энергетикалық инфрақұрылым нысандарына және Қазақстан мұнайын тасымалдауға пайдаланылатын танкерлерге жасалған шабуылдарды мысалға келтіре отырып, мұндай қатерлердің нақты сипатын атап өтті. Сондықтан заңды халықаралық саудаға, жаһандық энергетикалық нарықтардың тұрақтылығына және халықаралық логистикалық жүйелердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттерге жол бермеу маңызды екенін еске салды.

«Әскери сипатқа ұласып отырған геосаяси тұрақсыздық сауда қатынастарының орнықтылығына елеулі әсер етуде. Бүгінде жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі, оның ішінде Қазақстан үшін де, барған сайын өзекті бола түсуде. Бұған энергетикалық инфрақұрылымға және Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін жалға алынған танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел. Осындай жағдайда сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңызы арта түседі», – деді Е.Көшербаев.

Бұл мәселеде ШЫҰ кеңістігіндегі мемлекеттердің өзара іс-қимылы ерекше мәнге ие. Ұйымға мүше елдер Еуразия құрлығындағы негізгі көлік дәліздерін байланыстырып отыр. Сондықтан көлік қауіпсіздігі, транзиттік әлеуетті дамыту және халықаралық сауданың үздіксіздігін қамтамасыз ету мәселелері ШЫҰ күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Кездесуде талқыланған маңызды тақырыптардың бірі – климаттың өзгеруі мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі болды.

Орталық Азия өңірі кейінгі жылдары су тапшылығы, мұздықтардың кемуі және климат өзгерістерінің салдарын айқын сезіне бастады. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына, энергетикаға және жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа әсер етіп отыр.

Осыған байланысты Қазақстан халықаралық деңгейде бірқатар бастама көтеріп келеді. Ермек Көшербаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарға ұйымға мүше мемлекеттердің қолдау білдіретініне сенетінін айтты.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда су ресурстары мәселесі энергетикалық қауіпсіздікпен қатар жаһандық күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналуы мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы арта түседі.

Шолпан-Атадағы отырыстың негізгі нәтижелерінің бірі алдағы Бішкек саммитіне арналған құжаттардың мақұлдануы болды. Атап айтқанда, ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясының жобасы келісілді.

Бұл құжат ұйымның ширек ғасырлық даму жолын қорытындылап, алдағы кезеңдегі басымдықтарды айқындауға тиіс. Сарапшылардың бағалауынша, декларацияда қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық, цифрлық технологиялар, көлік байланысы және экологиялық мәселелер бойынша жаңа міндеттер көрініс табуы мүмкін.

ШЫҰ-ның 25 жылдық мерейтойы ұйымның қалыптасу кезеңінен толыққанды халықаралық құрылым деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Осы уақыт ішінде ұйым қауіпсіздік мәселелерінен бастап, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға дейінгі көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық алаңына айналды.

Іс-шара аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесу өткізді. Кездесу барысында ұйым аясындағы көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және халықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асырудың маңызды екені айтылды.

Қазақстан үшін ШЫҰ сыртқы саясаттағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Еліміз ұйым аясындағы қауіпсіздік, экономика, көлік, энергетика, экология және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Сондай-ақ Қазақстан ШЫҰ-ның халықаралық беделін арттыруға және оның қазіргі әлемдік үдерістерге бейімделуіне белсенді үлес қосып келеді.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығын қолдауға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттермен өзара тиімді әрі сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілдігін тағы бір мәрте растады.

Шолпан-Атадағы кездесу қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ШЫҰ-ның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі артып келе жатқанын көрсетті. Қауіпсіздік, сауда, көлік, су ресурстары және климат мәселелері бойынша ортақ ұстанымдарды қалыптастыру ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін нығайтып, Еуразия кеңістігіндегі ұзақ мерзімді орнықты дамудың негізін қалауға мүмкіндік береді.

Еламан Өмірхан

Тегтер: ШЫҰ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз