Төтенше жағдайдың салдарын жоюдан гөрі, оның алдын алған тиімді
Қазір төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны өте маңызды. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл ретте негізінен профилактикалық жұмыстарға ерекше басымдық беріледі.
Тұрғындармен кездесулер өткізеледі. Білім беру ұйымдарында ашық сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар, оқу-жаттығулар және еріктілермен бірлескен акциялар өткізіледі. Біз бұл ретте осы саланың маманы Жантас Бозанбаймен тілдестік.
– Жаз мезгілінде қандай қауіптерге ерекше назар аударылуы керек?
– Жазда табиғи өрттер мен судағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болады. Орманды және далалы жерлерде отты абайсыз пайдалану үлкен өртке әкелуі мүмкін. Ал рұқсат етілмеген жерлерде шомылу адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз.
– Азаматтар жиі жіберетін қателіктер қандай?
– Өкінішке қарай, көп жағдайда адамдар қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемейді. Электр желілерін шамадан тыс жүктеу, балаларды қараусыз қалдыру, ашық отты бақылаусыз пайдалану, белгіленбеген орындарда суға түсу сияқты әрекеттер қайғылы жағдайларға себеп болып жатады. Кез келген төтенше жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы – қауіпсіздік ережелерін сақтау.
– Құтқарушылардың материалдық-техникалық мүмкіндігі қандай деңгейде?
– Соңғы жылдары бөлімшелердің техникалық жарақтандырылуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Заманауи өрт сөндіру техникалары, арнайы автокөліктер, дрондар, байланыс құралдары және құтқару жабдықтары кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бұл төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалай бағалайсыз?
– Қазір халықтың қауіпсіздік мәдениеті біршама артты. Дегенмен әлі де түсіндіру жұмыстарын қажет ететін бағыттар бар. Әсіресе балалар мен жастардың қауіпсіздік ережелерін ерте жастан меңгеруі маңызды. Өйткені қауіпсіздік мәдениеті мектептен және отбасынан басталады.
– Әр отбасының төтенше жағдайға дайындығы қандай болуы керек?
– Әр отбасында алғашқы медициналық көмек қобдишасы, құжаттардың көшірмелері, фонарь, қуатталған пауэрбанк, ауыз су, ұзақ сақталатын азық-түлік және қажетті дәрі-дәрмектер салынған төтенше жағдай сөмкесі болғаны жөн. Сонымен қатар отбасы мүшелері төтенше жағдайда қайда жиналатынын және кімге хабарласатынын алдын ала келісіп алғаны дұрыс.
– Егер төтенше жағдай орын алса, азаматтар ең алдымен не істеуі керек?
– Ең бастысы – сабыр сақтау. Ресми ақпарат көздерінің нұсқауларын орындап, қауіпті аймақтан тез арада шығу қажет. Егер қауіп төнсе немесе көмек қажет болса, бірден 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне хабарласу керек. Өз өміріңізді қауіпке тігіп, оқиғаны өз бетіңізше шешуге тырыспаған жөн. Төтенше жағдайдың салдарын жоюдан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр азамат қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өміріне де, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Қауіпсіздік – әрқайсымыздың күнделікті өмір салтымызға айналуы керек.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК