Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:12, 25 Маусым 2024

Euro-2024. Бәрі де баяғыдай

еуро
Фото: championat

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық турнирі аяқталуға жақын. Бірден жанкүйер игілігіне айналып отырған мынадай деректерді ерекше айтып өткеніміз дұрыс.

1. Құрлық додасы тарихындағы ең жылдам соғылған гол рекорды өзгерді. 15 маусымдағы Италия-Албания (2:1) кездесуінің 23 секундында албан шабуылшысы Недим Байрами есеп ашты. Италиялықтар тез арада ес жиып, 16 минутқа дейін-ақ екі доппен есеп қайтарып үлгерді. Недимнің голы Албания құрамасының турнирдегі мақсатына қызмет ете алмаса да тарихта қалды.

Бұған дейінгі рекорд ресейлік шабуылшы Дмитрий Кириченкоға тиесілі еді. Ол 2004 жылғы құрлық біріншілігінде Грекия қақпасына 67 секундта (1 минут 7 секунд) гол соққан еді. Ең қызығы, Кириченко өз рекордын танымал емес шабуылшы бұзғанына аса разылық танытқан жоқ. «Рекордымды Байрами емес, жұрт мойындаған мергендердің бірі бұзатын шығар деп ойлаған едім» деді ол.

2. Бұл чемпионат Криштиану Роналдудың өз рекордтарын жаңартатын додасы болатын сияқты. 39 жастағы ардагер бұған дейін Еуропа чемпионаттарында ең көп ойын өткізген (25 ойын), ең көп гол соққан (14 доп) футболшы еді. Осы жолы: а) Криштиану Роналду құрлық додасында үздіксіз 19 ойын өткізген алғашқы ойыншы атанды. Оған дейін италиялық қорғаушы Леонардо Бонуччи 18 ойында қатар алаңға шыққан болатын; ә) Түркия-Португалия (0:3) кездесуінде Криштиану Роналду Бруну Фернандешке пас шығарып беріп, құрлық додаларындағы жетінші нәтижелі пас авторы атанды. Бұл көрсеткіш бойынша бұрын ол чех жартылай қорғаушысы Карел Поборжскимен бір сатыда еді.

3. Албаниялық жартылай қорғаушы Клаус Гясула құрлық додасында ерекше нәтижеге қол жеткізді. Ол Албания-Хорватия (2:2) кездесуінің 73 минутында бірінші гол авторы Казим Лячиді алмастырды. Екі минут өтпей Хорватия есепті теңестірді. 76 минутта Клаус өз қақпасына доп соғып алды. Ойын аяқталар тұста (90+5 минут) Гясула енді қарсыластар қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді. Албания құрамасына турнирдегі алғашқы ұпай әкелді. Төреші ысқырығы естілерден сәл бұрын ол ескерту де алды. Қысқаша айтқанда, албаниялық футболшы бас-аяғы 25 минутта тамұқ пен жұмақ арасында жүріп өткендей болды. Бәрібір қаһарман!

4. Еуро-2024 автоголдар бәсекесі болып тұр. Күні кешеге дейін 6 (А.Рюдигер, М.Вөбер, Р.Гранач, К.Гясула, Р.Калафьори, С.Ақайдын) автогол соғылды. Төрт жыл бұрынғы Еурододада футболшылар өз қақпасына 10 автогол соғып алған еді. Биылғы қарқын сақталса, осы рекордқа да түзетілу енгізілуі мүмкін.

5. Есесіне, биыл мергендер көзге түсе алар емес. Әр ойынға шамамен 3 доптан келіп жатса да, не дубль, не хет-трик көрмедік. Қазір германиялық Жамал Мусиала мен Никлас Фюллькруг және словакиялық Иван Шранц екі-екі реттен ғана мергендік танытты. Нағыз мергендер қыза шаппаса, 3 доп шабуылшылардың жетер биігі ғана болатын сияқты.

Мықтылар – мықты, әлсіздер – әлсіз

Әр ірі футбол додасы басталғанда нағыз жанкүйерлердің де, тиіп-қашып футбол көріп жүретіндердің де көріпкелдік қасиеті оянады. Әрқайсысы өзінше болжам жасап, өзі мықты санайтын команданы басқалар төмен бағаласа, соған ызаланып, бір керемет күйде жүреді. Бұл жолы да солай. Әу бастан-ақ Испания, Португалия, Бельгия, Франция құрамалары фаворит қатарында аталды, олардан сәл азырақ айтылса да, Италия, Нидерланды және Германия да санаттан сызылған жоқ. Ал Швейцария, Дания және Түркия «бүйректен сирақ шығару ықтимал», яғни мықтылар арасына сыналап кіре алатын командалар делінді.

Екі турдан кейін бұл болжамдардың ешқайсысы теріс кетпегені айқын көрініп тұр.

Испания салған жерден іске кірісті. Алдымен Хорватияны таза тұқыртып, 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Хорваттар сапында Лука Модрич, Иван Перишич, Андрей Крамарич, Доминик Ливакович сияқты аса тәжірибелі ойыншылар барына қарамастан, испандар шабытпен ойнап, жаңа деңгейге шыға алатынын байқатты. Екінші турда Луис де ла Фуенте шәкірттері италиялықтарға мүлде мүмкіндік берген жоқ. Осы шабысынан таймаса, бұл құрама біраз жерге барады.

Барлық шебінде әлемге атағы кеткен ойыншылары бар Португалия жарап тұр. Бірінші турда Роберто Мартинес баптайтын ұжым Чехияны зорға жеңгендей көрініп еді (2:1). Жас шабуылшы Франсишку Консейсау 90+2 минутта жеңіс голын жанкештілікпен соқпағанда, жұрт мақтаған Роналду да жерге қарауы мүмкін еді. Екінші турда португалиялықтар Түркияны 3:0 есебімен еркін ұтты. Бұл командаға плей-оффта кім жолықса да оңай болмайтыны көрініп тұр.

Франция екінші турды нашар өткізді, Нидерландымен өте сүреңсіз ойнады. Мұрны сынған Мбаппесіз француздар шабуылы тым қатты қожырайтыны көзге ұрып тұр. Дегенмен қазір бұл команданың шешуші кезеңге шыға алатыны күмән тудырмайды. Плей-офф кезегі келгенше Мбаппе де қатарға қосылады, басқа мықтылар да жарыс рухын толық сезінеді.

Германия жолдастық кездесулерді сүреңсіз өткізгенде, оны мықты санағандар қатары азайып қалған еді. Бірақ өз еліндегі турнирде біз Юлиан Нагельсман шәкірттерін бұрынғы сипатта қайта көргендейміз. Немістер екі турда Шотландия мен Венгрияны еркін жеңді, үшінші турда швейцариядан жеңіліп жатса да мінез танытты. Бірақ турнир кестесі бойынша Германия ширек финалда Испаниямен кездесуі ықтимал. Екі команданың бірі осы жерден тосылады. Обал-ақ, әйтпесе екі құрамаға да чемпиондық тәжін еркін ұсынуға болар еді.

Бельгия чемпионатты әрі-сәрі бастап (Словакия – 0:1), содан кейін еңсе түзеді. Екінші турда Румынияны 2:0 есебімен сенімді тізерлетті. Бірақ Е тобында екінші турдан кейін барлық команда еншісінде үш ұпайдан бар. Сондықтан бельгиялықтар топтан шығу мәселесін толық шешті дей алмаймыз. Олармен бірге Румыния, Украина, Словакия құрамалары да алға баса алады.

Жұртқа ойыны ұнаған құрамалар қатарында Швейцарияны, Австрияны, Түркияны атауға болады. Австриялықтар алғашқы турда жеңілсе де, кейін Польшаны сенімді түрде тізерлетіп, шешуші кезеңге шығу алғышартын жасап қойды. Швейцария А тобының екінші сатысын сенімді иеленді. Түркия Грузияны 3:1 есебімен сенімді жеңсе де, екінші ойында португалиялықтарға қарсы тым дәрменсіздік танытты.

Грузия құрамасы Чехиямен тең ойнап (1:1), еуродода тарихындағы алғашқы ұпайын иеленді. Бұл ойында қақпашы Георгий Мамардашвили 11 сейв жасап, үздік футболшы атанды. Кавказдықтар мүндай додаға алғаш қатысып жатса да, үшінші турдағы нәтижесіне қарай плей-офф кезеңінен үміттене алады.

Ал Польша, Шотландия құрамалары көнерген соқпақтан танбай тұр. Бұл ұжымдар іріктеу кезеңін сәтті өткереді де, финалдық турнирлерде білгеніне жаңылады. Бұл жолы екеуі де екінші турдан кейін басқаларға қол бұлғап, қоштасу ырымын жасай бастады. Мерген шабуылшы Роберт Леваандовски құрама сапында ешқашан ірі табысқа жетпей кететін сияқты. Бұл жолы ол тіпті турнир қарсаңында жарақаттанып, командаға көмектесе алмайтын күйге ұшырады.

Көзге түскен көгенкөздер

Жамал Мусиала
Фото: ашық дереккөз

Флориан Вирц, Жамал Мусиала (Германия). 21 жасқа биыл толған бұл екеуі болашақ жұлдызға айналады дегендердің сөзі расқа шығып келеді. Үш турда да екі футболшы аса жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Вирц Еуро-2024 додасының алғашқы голын соқты, Мусиала мергендер көшін бастап тұр. Ең бастысы, екеуі де командалық ойынның ажырамас бөлшегі бола алатынын көрсетті. Олар барда, алаңнан Томас Мюллер сияқты сайыпқыранды іздеудің тіпті қажеті болмай барады.

Арда Гүлер
Фото: ашық дереккөз

Арда Гүлер (Түркия). «Реал» сапында кім жарқырамайды дейсің деп Гүлерге көз қиығын да салмауға болар еді. Дегенмен жас вингер Грузиямен ойынның тағдырын шешті: алыстан керемет доп соқты. Португалияға қарсы солғындау ойнаса да, Арданың адымы кең болатыны көрініп тұр. Түркия соңғы турда Чехиямен жан алып, жан беріскен кездесу өткізеді. Гүлер тағы бір жарқылдайтын ойын осы болса кәні!

Ламин Ямал
Фото: Rafa Babot / Getty Images

Ламин Ямал (Испания). 16 жастағы вингердің аса талантты екенін айтушылар аз емес еді. Еурододада Ямал сол көздердің бекер емес екенін анық дәлелдеді. Ол Хорватияға қарсы да, Италияға қарсы да аса сенімді ойнады. Оң қапталда есте жоқ ежелгі замандардан бері ойнап келе жатқандай еркін. Осы қалпынан танбаса, Испания құрамасы 2010 жылдардағыдай әлемде тағы да аса мықты күшке айналуы ықтимал.

Әзірше жұрт үміт күткен Фил Фоден (Англия), Джанлука Скамакка (Италия), Расмус Хойлунн (Дания) сияқты жас перілер көлеңкеде жүр. Олар қыза шабатын арғымақтардай түлейтін күн алда болар.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: