Саясат

Еуроодақ санкциясына қазақстандық компания мен кәсіпкер ілікті

Еуроодақ Ресейге қарсы 20-санкциялық пакет аясында үшінші елдерден 120 жеке тұлға мен 16 ұйымды тізімге енгізді. Олардың қатарында Қазақстандағы бір компания мен оның басшысы бар.

Әлімжан Беков

Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.

Шектеулер Алматыда тіркелген United Trading Group компаниясына қатысты енгізілді. Бұл компания 2022 жылдың наурызында, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін көп ұзамай құрылған.

Ашық деректерге сәйкес, компанияда небәрі бір қызметкер тіркелген. Соған қарамастан, төрт жыл ішінде 111 млн теңгеден астам салық төлеген. Ал қызметкердің жалақысы ең төменгі деңгейде — шамамен 85 мың теңге болған.

Санкциялар сондай-ақ компанияның негізін қалаушы әрі басшысы Әлімжан Бековке де салынды. Еуроодақтың пікірінше, компания Қазақстан аумағы арқылы ресейлік өнеркәсіпке қажет таза хлористі сутекті жеткізуге қатысқан болуы мүмкін.

Еуроодақ дерегінше, бұл өнім Германияда өндіріліп, Алматыға жеткізілген, кейін Ресейдегі компанияларға қайта сатылған. Әңгіме Ресейге экспорттауға тыйым салынған тауарлар туралы болып отыр.

Сонымен қатар, Беков Германиядағы UrSeCo Handels компаниясымен байланысты. ЕО мәліметінше, бұл компания да жеткізу тізбегіне қатысқан.

Санкциялық тізімге ресейлік кәсіпкерлер Дмитрий Малюта мен Денис Шишкин де енгізілді. Еуроодақ нұсқасына сәйкес, олардың компаниялары Қазақстан мен Өзбекстаннан мақта целлюлозасын сатып алып, оны оқ-дәрі өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарға жеткізген.

2022 жылдан бері Еуроодақ пен АҚШ Ресейге қатысты санкциялық қысымды күшейтіп келеді. Бұл шаралар, соның ішінде, санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп күдікке ілінген үшінші елдердің компанияларына да бағытталған.

Бұған дейін Еуроодақ санкцияларына қазақстандық Kazstanex, «Металлстан», Elem Group және DA Group компаниялары да іліккен болатын. Қазақстан билігі санкциялық режимді сақтайтынын мәлімдегенімен, Ресеймен экономикалық байланыстарды толық үзу мүмкін емес екенін атап өтеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз