Физика бойынша Нобель сыйлығын Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтон алды
2024 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығы ғалымдар Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтонға нейрондық желілерді машиналық оқытуға мүмкіндік берген жаңалықтары мен өнертабыстары үшін берілді.
Өткен жылы аталған саладағы Нобель сыйлығы Пьер Агостини, Ференц Краус және Энн Л'Хюилетке «атомның ішіне үңілуге» мүмкіндік беретін ультра қысқа лазерлік импульстік технологияны тәжірибеге енгізгені үшін берілген еді.
1901 жылдан бері физика бойынша Нобель сыйлығы 117 рет берілді, оның 225 лауреаты болды. Дәстүрлі Нобель апталығы қазан айының басында Стокгольмде өтеді. Физика саласының жүлдесі екінші күні тапсырылады.
Алғашқы күні медицина және физиология саласындағы лауреаттар белгілі болды. Одан кейін физика, химия, әдебиет салаларындағы марапаттар беріледі және апта соңында Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты белгілі болады. Ол кейде бір адам ғана емес, тұтас ұйымға берілуі мүмкін. Бұл швед емес, Норвегия ғылым академиясы беретін жалғыз сыйлық.
Физика Альфред Нобельдің өсиетінде айтылған бірінші ғылым саласы болды. Сондай-ақ, физика бойынша сыйлықты Швеция Корольдік Ғылым Академиясы беруі керектігі айтылған. Академия 1739 жылы құрылды. Бүгінде оның құрамында 450 швед және 180 шетелдік ғалымдар бар.
Нобель комитетінің мүшелерін Академия үш жыл мерзімге тағайындайды.