Әлеумет

Flydubai ұшқышы жолаушылар ұшағын Тель-Авив әуежайына құлатуды жоспарлаған

Flydubai әуе компаниясының екінші ұшқышы жолаушылар ұшағын Израильдегі Бен-Гурион халықаралық әуежайына әдейі құлатуды жоспарлаған.

Flydubai

Бұл ақпаратты Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас прокуратурасы растады.

Тергеу мәліметінше, 29 жастағы Оман азаматы Хамам әл-Хаммами Тель-Авив әуежайының № 3 жолаушылар терминалына ұшақты соғып, теракт жасауды көздеген.

Оқиға 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсінде болған. Ұшу кезінде екінші ұшқыш әуе кемесінің капитаны Смит Маччхарға апаттық балтамен шабуыл жасаған.

Капитан шабуылға қарсылық көрсетіп, экипаж мүшелері мен жолаушылардың көмегімен күдіктіні тоқтатқан. Соның нәтижесінде ұшақ Сауд Арабиясына қауіпсіз қонған.

БАӘ бас прокуроры Хамад Саиф әл-Шамсидің мәліметінше, күдікті шабуылды алдын ала жоспарлаған. Тергеу барысында оның Дубай – Тель-Авив бағытымен бұған дейін екі рет ұшып, әуежай мен ұшу бағытын зерттегені анықталған.

Сондай-ақ тергеу деректерінде әл-Хаммамидің 2017 жылы Австралияда білім алып жүрген кезінде радикалды идеялардың ықпалына түскені айтылған. Ол 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та жасалған терактілерді үлгі тұтқан деген мәлімет бар.

Бұған дейін әуе кемесінің капитаны Смит Маччхар шабуылдың қалай болғанын айтып берген еді. Оның сөзінше, екінші ұшқыш намаз оқу үшін орнынан тұрған. Бірнеше минуттан кейін капитан желкесінен қатты соққы алған.

Шабуыл салдарынан ұшақ төмен қарай құлдилай бастағанымен, капитан басқаруды қайта қолға алып, қайғылы оқиғаның алдын алған.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Тегтер: Flydubai
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз