Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:49, 16 Сәуір 2025

Франция түрмелеріне қойылған өрт есірткі картельдерімен байланысты болуы мүмкін

өрт
Фото: из открытых источников

Францияда бірнеше түрменің маңында бір түнде бірнеше көлік өртеліп, бір түрме автоматпен атқыланды. Ел билігі бұл шабуылдарды есірткі саудасына қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік шараларға жауап ретінде ұйымдастырылған әрекет деп санайды.

15 сәуірге қараған түні Париж маңындағы Вильпент коммунасында орналасқан түрменің жанындағы автотұрақта үш көлік, оның ішінде екі түрме қызметкеріне тиесілі көлік өртелген. Полицияның мәліметінше, оқиға орнынан жанғыш зат құйылған канистра табылған, ал бейнебақылау жазбаларында екі адамның көліктерді әдейі өртегені көрінеді.

Сол түні тағы үш түрменің – біреуі Париж маңында, екеуі Францияның оңтүстігінде – маңында тұрған көліктерге от қойылған. Тулон қаласындағы түрме қақпасына "Калашников" автоматын қолданған шабуыл кезінде 15 оқ ізі қалған. Ал Экс-ан-Прованс қаласындағы пенитенциарлық мекеменің жанында екі көлік өртеліп, бақылау қызметінің қақпасы зақымдалған.

Шабуылдар бұнымен шектелмеген. Валанса, Ним және Нантер қалаларындағы түрмелер де шабуылға ұшыраған. Ажен қаласындағы түрме қызметкерлерін даярлайтын ENAP мектебінің маңында да өрт қою әрекеті тіркелген. Сонымен қатар Марсельдегі Әділет министрлігі қызметкерлері тұратын кешеннің жанында бірнеше көлік өртке оранған.

Билік бұл оқиғалардың кездейсоқ еместігін айтып отыр. Тергеуге жақын дереккөздер шабуылдардың алдын ала жоспарланғанын және үкіметтің есірткі картельдеріне қарсы жүргізіп жатқан стратегиясымен тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

Францияның Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен мен Әділет министрі Брюно Ретайо соңғы айларда есірткі саудасына қарсы күресті күшейтуге уәде берген болатын. Жуырда ел аумағында Оңтүстік Америкадан жеткізілген рекордтық көлемдегі кокаин тәркіленгені де хабарланған еді.

Ұлттық антитеррористік прокуратура бұл оқиғаларға байланысты тергеуді өз қолына алды. Сонымен қатар Францияның Ішкі қауіпсіздік жөніндегі бас басқармасы (DGSI) да тексеруге жұмылдырылған.

Дарманен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл шабуылдарға билік тарапынан "қатаң әрі батыл" жауап берілетінін мәлімдеді.

Францияда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, түрмелер мен мемлекеттік мекемелердің маңында бақылау күшейтіліп отыр.

Тегтер: